Шағын шаруаның мығым мүмкіндігі

Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4292 раз

Бүгінде жеке кәсібін ашып, тасын өрге сүйреуге бел буған әр азаматқа мемлекет мол мүмкіндіктер беріп отыр. Атап айтқанда, ОҚО Әкімдігінің «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан 2012 жылдан бері 110 мыңнан астам адам кәсіби кеңес алған. Сондай-ақ, орталық арқылы 10 мыңнан астам рұқсатнама құжаттар, 3 мыңнан астам бизнес және маркет жоспарлар әзірленген. Мұның ішінде 4 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. 27 мыңнан астам тыңдаушы «Кәсіпкерлік мектебінде» оқытылып, оның 1 248-і өз ісін бастады. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бүгінде мал бордақылауды қолға алған кәсіпкердің бірі – Әлішер Убайдуллаев.

zher-1

Бейнеттің зейнеті

40 жылдан астам уақыт Шымкенттегі футбол мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеген Әлішер Убайдуллаев зейнетке шыққаннан кейін жеке кәсіппен айналысу үшін үйіндегі ірі қарасын көбейтуді ойлайды.

– Бұрын үйде үнемі үш сауын сиыр болатын. Олардың жұмысы үйдегі әйел затынан артылмайды. Сүт-қаймағын алып, базарға сатып, аз-маз қажеттіліктің орнын толтырып жүретін. 

Зейнетке шыққанда қарап отыра алмадым. Үйдегілермен ақылдаса келе, сиыр басын көбейтетін болдық. Мал бағу – табысты кәсіп. Оның үстіне, «Дануна» ЖК ретінде ауыл шаруашылығына арналған 20 гектар жерім бар. «Ырыс» шағын несиелендіру ұйымынан 500 мың теңге несие алып, ірі қараны көбейттім, – дейді кәсіпкер.

Шағын несиені үш жыл төлепті. Ауыл шаруашылығына арналған жерінен малдың жем-шөбін өндіріп отырған. Ірі қарасының саны артқан соң Әлішер Пірназарұлы «Дануна» ЖК ретінде құжаттарын қайта рәсімдеп жерді пайдалану мақсатын өзгертеді. Жер телімінің бір бөлігіне бұзау, тайынша, құнажын, бесті сиырларға арнап, айналдыра бөлек-бөлек қора салған екен.

20161108 111631

– Жұмыстың көбейгені кәсіптің кеңейгенін білдіреді. Демек, біз соған лайықталуымыз керек. Мал бордақылаудан түскен табысты тек кәсіпті кеңейтуге жұмсап отырдық. Кәсіпті кеңейтудің жолдарын, қаражатты басқаруды, құжаттарды рәсімдеуді «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының мамандары үйретіп келеді, – дейді Ә.Пірназарұлы.

meirmanМейірман БАТЫРБЕКҰЛЫ,
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының бизнес-тренері:

– 2016 жылы кәсібін енді ғана бастаған және бастауға ниетті 140 азамат біздің «Кәсіпкерлік мектебінде» төрт күндік сабақ алды.
Мұндай сабақта біз шағын және орта бизнесті дамытудың жолдары мен мүмкіндіктерін таныстырамыз. Яғни, кәсіпкердің психологиясы, заңды қыры, менеджмент, маркетинг, салық, бизнес-жоба жасау сынды 6 тақырып бойынша жұмыс жүргізуді үйренеді. Сол оқудан кейін арнайы сертификат беріледі. Ал бұл сертификатты алғандар кәсібін бастауға немесе кеңейту мақсатында жеңілдетілген несиелерді ала алады.

Асыл тұқымды «Әулиекөл»

«Кәсіпкерлік мектебінде» оқып, сертификат алған Әлішер Пірназарұлы өткен жылы сиырдың «Әулиекөл» атты етті тұқымынан 2 тайынша сатып алыпты. Асыл тұқымды ірі қараға бөлінетін субсидияны да мал бордақылау ісіне жұмсаған ол кәсіпкерлікке шындап кіріседі.
– Сиырдың «Әулиекөл» деген тұқымы біздегі ауа райына тез бейімделеді. 2 жасқа қараған өгізшелердің салмағы жарты тоннаға жуық болады.
2015 жылы 2 тайыншаға «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы субсидия алдым. Сол 1 миллион теңгеден астам қаражат бізге едәуір көмек болды. Жер алдық. Жаз маусымында жайылымға арналған жерді ауылымызға жақын орналасқан Төле би ауданынан жалға аламыз. Таулы аймақтың өте құнарлы шөбін жеген ірі қараның еті дәмді болады. Бүгінгі таңда «Әулиекөл» тұқымының алғашқы төлін алып үлгердік. Жақында тағы 10-20 сиыр бұзаулағалы тұр. Енді қорамызды кеңейту жұмыстарына кірісіп жатырмыз, – деген Әлішер Убайдуллаев құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

ghaniҒани ИСАНҚҰЛОВ,
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының жобаларды жетелеу бөлімінің менеджері:

– Асыл тұқымды бір бұқаны бағатын адамға мемлекет тарапынан 154 мың теңге субсидия бөлінеді. Ал, асыл тұқымды бір бұқаға 30 сиырды қосып бақса, әр сиырға 18 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады.
Кәсіпкерлікке қолдауды тиімді пайдаланып жүрген «Дануна» ЖК таяуда тағы 80 бұқаға құны 12 млн теңге тұратын бизнес-жобаға өтініш берді. Сол өтініш негізінде біз алдағы 5 жылда атқаратын жұмыстарға жоспарын әзірледік. Кәсіпкер алдағы уақытта мал бордақылаумен ғана шектелмей, сүт өндіру кәсібіне де өз үлесін қоса алады.

Үлкен жобаларға жол ашады

20161108 113918

«Дануна» ЖК бордақылау кезеңінен өтіп, дайын болған ірі қараны «Ет Агро-Манкент» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне өткізеді. Ал сүт өнімдерін «Фуд-Мастер» компаниясына тапсырады.

60 сауын сиырға қазір 2 ғана сауыншы жұмыс істейді. Кәсіпкердің 6 ұлы да әке жолын таңдапты. Одан бөлек, «Дануна» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 5 адамды жұмысқа қабылдаған.

Ауылдық ветеринария орталығынан арнайы бөлінген мал дәрігері күніне екі рет, таңертең және кешкісін сиыр, бұқа, тайынша, бұзауларды тексереді. Ірі қарасы ауырғанда «табысым тоқырады» демей, ауырған малға жаны ашитын Әлішер Пірназарұлы кәсіптің қиындықтарын да еске алды.

zher

– Қандай іс болмасын өздігінен дөңгелеп жүре бермейді. Ірі қара ауырса, оның шығыны зор. Қанша күш жұмсап бордақылаған сиыр, бұқалар бір аптада салмағын жоғалтады. Жаздың күндері терісін көбелек жарып шығарда жаппай қиналады. Дегенмен, кәсіпті бастаған адам пайда табудан бұрын сол кәсіпке жан-тәнімен берілуі керек. Сонда қиындықтар кездескенде «табыс таппадым» деп күйзелудің орнына, кәсібіне жанашырлықпен қарайды, – дейді ол.

«Дануна» жеке кәсіпкерлігінде 60 сиыр, 25 бұқа бар. Ірі қараны 200 басқа көбейтіп, күніне 1 тонна сүт өткізетін болса, сүт өндірісіне де субсидия алуға мүмкіндігі бар. Айта кетерлік бір жайт, кәсібін сүйген Әлішер Пірназарұлы ірі қараның жем-шөптен қалған қалдығын кәдеге жарату үшін ғана үйрек-қаз ұстайды екен. Әйтсе де, алдағы 5 жылға жоспары бар кәсіпкердің ет өніміне болашақта құс еті де үлес қосуы әбден мүмкін.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.