Күләш апаның кілемдері-ай!

Вторник, 07 Март 2017 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3612 раз

IMG 7700-06-03-17-03-31Қазақ халқында ежелден келе жатқан ата кәсіптің бірі – қолөнер. Ол ұлттық болмысымызбен бірге сақталып келе жатқан құндылығымыз. Шеберлердің жасаған әрбір бұйымы халықтың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты болған.

Ондағы сурет, ою-өрнек, бояу, барлығы да өзіндік мән-мағына береді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қолөнерді кәсібіне айналдырып отырған шебер Айдабергенова Күләш Өсерқызы. 

Күләш ханым ине мен жіпті бала күннен жанына серік еткен. Ол бұл өнерді алғашында, ауыл әйелдерімен бірге киіз басудан бастаған. Кейіннен Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжінде түсіп, шеберлігін шыңдаған. Қазір оның жасаған бұйымдары көпшіліктің көңілінен шығып, түрлі жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Мәселен, суреттегі кілемі Қазақстан шеберлері байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Қойдың жүнінен иіріп жасаған кілемдегі әрбір оюдың өзіндік мән-мағынасы бар. Мысалы, кілемдегі «Ақ отау» деген ою отбасының беріктігін ұстап тұрады. Мұндай оюлар көбіне кілемнің шеткері жағына қолданады. Бұдан бөлек қазақтың шатыр гүл, әсия гүл, қабырға, шексіздік секілді оюлар пайдаланылған.

IMG 7703-06-03-17-03-37

– Кілемдегі әрбір түс мұқияттылықпен таңдалады. Мысалы, біз Иран, Ауғанстан және араб елдеріне барғанымызда қара түсті кілемдерді көп пайаланатынын көрдік. Себебін сұрағанымызда ол жақта күн ыстық болғандықтан үйге кіргенде салқындықты сезініп, үйдің іші қою көлеңке болуы үшін пайдаланады екен. Ал Еуропа мемлекеттерінің көпшілігі ашық түсті қолданып жүр. Өйткені, географиялық жағдайы оған мүмкіндік береді, – дейді шебер.

IMG 7705-06-03-17-03-39

IMG 7707-06-03-17-03-39Кілем тоқу, оны пайдалану сақ кезеңінен басталса, ою-өрнектерді қолдану тас дәуірінен бері келе жатыр екен. Осы көне қолөнерді Күләш Өсерқызы қазіргі таңда жаңа заманға бейімдеп, ерекше туындылар тудырып жатыр. Мысалы, жақында ғана өткен өнер бәсекесінде «Жаңашылдық» номинациясына ие болды. Күләш ханымның айтуынша қазір ұлттық нақыштағы кілемдерге сұраныс артып келеді. Әсіресе, қой жүнінен тоқылған текемет, алаша, тұскиіз, жайнамаз, қоржын секілді заттарға қызығатындар көп. Өйткені, бұрынғы кезде жүнді жумаған соң лас болған. Ал қазір оны жуып, тазалап әлемдік деңгейде ұялмай көрсете алатын деңгейге жеттік. Сонымен қатар, бұған дейін біздің кілемдеріміз бос тоқылатын. Сондықтан, тез тозып кететін. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, жаңа сапалы төсеніштер шығарудамыз дейді.

Кейіпкеріміздің камзол, бешпет, бас киім, аяқ киім және үйге арналған бұйымдарын да сатып алатындардың саны артып келеді екен. Екі ай бұрын ашылған дүкендері қазір көпшілік қызығатын дүниелерге толы. Ал оның жанынан ашылған әйелдер қауымдастығында онға жуық қыз-келіншек тоқыма тоқу мен тігіс тігуден сабақ алуда.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 
Другие материалы в этой категории: « Еңбегіне қарай – құрмет 40 іс-шара өткізіледі »