Жылыжай жылуын сезіндірген Избранное

Среда, 29 Март 2017 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5079 раз

Елбасы биылғы Жолдауында: «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», – деген болатын. Президенттің тапсырмасымен Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

IMG-20170210-WA0016

Осы орайда Шымкент қаласының Кәсіпкерлікті қолдау орталығы, ОҚО Кәсіпкерлер Палатасы жергілікті кәсіпкерлерге несие беру аясын кеңейтіп, бизнес жүргізу үшін қаржылық сауаттылыққа үйретіп келеді. «Даму» Қорының қолдауын алған түркістандық кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен 3 жылдан бері айналысады. Жылыжай демекші, жуырда ғана өңір басшысы Жансейіт Түймебаев биыл облысымызда жылыжай көлемі 300 гектарға артып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қолданылатынын айтқан болатын. 

Түркістандық кәсіпкер бикеш Айгүл Қанжігіт 3 жыл бұрын жылыжай шаруашылығымен айналыса бастады. Оған отбасы да атсалысады. «Айгүл Қанжігіт» жеке кәсіпкерлігі 26 адамды жұмыспен қамтуда. Жылыжай аумағы 3 гектарды құрайды, 2 гектарға қызанақ, қияр және голландиялық раушан гүлдері отырғызылған. Қызанақтан – 80-90 тонна, қиярдан – 70-80 тонна, 45 мың түп раушанның әр түбінен 3-4 гүлден өнім алған. 

Өткен жылы шаруалар жаңаша бағытта ізденіп, өндірісті дамытуды көздейді. Оңтүстік аймақтың нарығындағы ауылшаруашылық өнімдеріне талдау жасағана олар ташкенттік сұрыптағы лимон өсіруді қолай көріпті. 

IMG-20170314-WA0014

– Жылыжайда көкөністерді өсіру көп еңбекті қажет етеді. Жылыжай көбірек өнім беруі үшін, әрбір көкөніс пен жеміс түрін өсірудің құпиясын білуі керек. Мұнда топырақ органикалық жағдайда құнарландырылады, – дейді жеке кәсіпкерліктің агрономы Бақытжан Момынов. – Жылыжайда қызанақ пен қияр өсіреміз. Ал өткен жылдың басында лимонды да өсіру қолға алынды. Лимон қыста да, жазда да халықтың үлкен сұранысына ие. Өз өнімдеріміз әзірге еліміздің ішкі нарығына ғана таралуда. Яғни, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Түркістан қаласын қамтып отыр. 

IMG-20170314-WA0005Лимон өсіру үшін кәсіпкер Түркістан қаласындағы «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (КҚКО) барған, ол жерде кәсіпкердің жобасын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Банк-серіктестен мақұлдау алғанға дейін қолдау көрсетіледі. Осылайша, жыл басында кәсіпкерлер «АТФ Банк» АҚ филиалынан 16 пайыздық несие бойынша жалпы соммасы 130,0 млн теңге қаражат алады. Оның 10% сыйақы мөлшерлемесін «Даму» Қоры субсидиялайды, ал қалған 6% кәсіпкердің өзі төлейді.

Несие қаражатына жылыжай кешені салынды, 1 300 түп ташкенттік сұрыптағы лимон көшеттері сатып алынды, бұл сұрып жұқа және жұмсақ қабығы үшін, ал еті шырынды және хош иісті болғандықтан, үлкен сұранысқа ие. Көшеттер топыраққа отырғызылады, көшет отырғызу аумағы 1 гектарды қамтиды. Температурасы +10С төмен емес деңгейде сақталып отырады, көмірмен жылытылады. 

Көшеттер былтыр күзде бір ағаштан 20 данаға дейін өнім берген. Кәсіпкер алдағы күзде 26 тонна лимон жинамақ ниетте. Түркістандық кәсіпкер Айгүл Қанжігіттің ел экономикасына қосып жатқан үлесі, міне, осындай.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.