ПАНДУСТАР мүмкіндігі шектеулі жандарға қатер төндірмеуі керек Избранное

Пятница, 08 Декабрь 2017 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 11158 раз

«Біздің алдымыздағы ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынады. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Осы мақсатта барша кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырамын. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, мұндай азаматтар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады».

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050:
бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан)

pandustar-97-3

 

Шымкентті кедергісіз қала деп атауға бола ма? Шаһарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаншалықты жағдай жасалған? Әсіресе, қоларбамен жүретін мүгедектерге арналған пандустар мәселесі қалай шешімін табуда?


Еліміздің Конституциясында мүгедектерге қоғаммен етене араласу үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқығы тайға таңба басқандай белгіленген. Ол туралы мемлекет басшысы өз Жолдауында на нықтап көрсеткен. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп келеді. Олардың әлеуметтік жағдайын жасаудан бастап күнделікті қажеттерін өтеуі үшін көмек көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап түрлі оқу курстары ұйымдастырылған. Арнайы бор орындар жәрмеңкелері де ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеулері үшін жасалуда.

Дегенмен, мүгедектердің жүріс-тұрысында қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Олар шығып-түсетін пандустары талапқа толық сай келеді деуге болмайды. Мұны алысқа бармай-ақ қаламыздағы түрлі нысандарды аралап көріп, көз жеткізуге болады.

Жалпы, Шымкент қаласында 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Олардың 1 мыңнан астамы мүгедектер арбасына таңылған. Өкініштісі сол – мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп-тұруы қиындай түскен. Тосқауыл көп. Ең бастысы – пандустың талапқа сай болмауы.

pandustar-97-2

Стандартқа сәйкес пандустың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет. Немесе тұтқыш төселуі керек.

 

Ал бұл талаптар қаншалықты орындалып отыр?

Мүгедектер әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Олар да өзге адамдар секілді өмір сүруге құқылы. Өздеріне тән қажеттіліктері де бар.

Мысалы, Шымкенттің орталық Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары бастаған бір топ қаланың орталық көшелеріндегі жағдайды тексеруге шықты. Алғашқы үш нысандағы пандустардың жағдайы үш түрлі болып шықты. Мысалы, Тәуке хан даңғылы мен М.Х.Дулати көшесінің қиылысындағы кафенің есігіне «Жиналмалы пандус бар» деп жазылған. Топ құрамындағы қоларбаға мінген азаматты көрген кафе даяшылары екі белтемірді алып шықты. Олар баспалдаққа бұрандамен бекітіліп, пандус қызметін атқарады екен. Бірақ, мүгедек азамат түгілі пандустарды сынау үшін мүгедектер арбасына мінген дені сау жігіттің өзі пандуспен жоғары шыға алмады. Тіпті, әкімдік қызметкерлерінің бірі қоларбаны артынан демеп, көмектескенінің өзінде кафеге еркін кіру мүмкін болмады. Себебі, пандус тік орнатылған және арбаның дөңгелегі тигеннен қимылдай бастайды. Яғни, пандустың аты болғанымен, заты сай болмай шықты.

Дегенмен, барлық жердегі жағдай жыларман халде емес. Олай дейтініміз, әкімдік мамандары тексерген екінші нысан – Тәуке хан даңғылының бойындағы қалалық №1 емхана. Мұндағы пандус талапқа сай болып шықты. Яғни, тік көтерілмей, алыстан басталып, біртіндеп жоғарылай береді. Үсті шатырмен жабылған, екі шетінде қолмен ұстайтын жақтау темірі бар. Ал ең бастысы, дімкәс азаматтардың емхана қызметкерлерін шақыруына арналған қоңырау бар. Содан хабар алған медбикелер келіп, науқастың ішке кіруіне көмектеседі.

 

panАл үшінші нысандағы пандус тіпті ерекше. Ол Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы үлкен сауда орталығында орнатылған. Бұл ғимаратқа кіру баспалдағы биік болғанымен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шағын жеделсаты қойылыпты. Оның да қоңырау нүктесі бар. Пандусқа жақын келіп, жеделсаты алаңшасына өтесіз. Сосын батырманы бассаңыз, іштен күзетші шығып, жеделсатыны жоғары көтеретін жүйені іске қосады. Одан кейін қоларбадағы жанның ішке кіруіне көмектеседі. Сыртқа шыққанда да осылайша шығарып салады.

 

Сәндібек Сүлейменов, І топ мүгедегі:

– Осыдан 30 жыл бұрын абайсызда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Жас кезімде протез аяқпен жүрдім. Қазір қартайғасын жүру оңай емес. Сондықтан арбамен жүремін. Алайда қалада қоларбамен жүру өте ыңғайсыз. Жаяу жүргінші жолдарында кедергі көп. Пандус орнатылмаған. Болғанның өзінде икемге келмейді. Себебі ені тар, тік, екі жақты тұтқасы жоқ. Ал бір мекемеге барсаң табалдырықтан не есіктен кіре алмайсың. Әзірге мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін табалдырықтан биік тау жоқ сияқты. Сондықтан көбісі үйден шықпауға тырысады.

 

Жанет Тұрбеков, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы:

– Жасыратыны жоқ, бірқатар нысандардағы пандустар талапқа сай келмейді. Өкінішке қарай, біз ол нысандардың иелеріне шара қолдана алмаймыз. Тек пандусты талапқа сай орнатуы жөнінде құлақтандыру жасаймыз. Ал шара көру тек медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының құзіретіне жатады. Ол мекеме мүмкіндігі шектеулі азаматтың арызы негізінде арнайы комиссия құрып, шағымда көрсетілген нысанның иесіне ескерту жасайды. Олқылық орындалмаса, айыппұл кесуі де мүмкін.

Жалпы, мүгедектер үшін кіреберіс кедергілерінің, табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік бермейді. Халықаралық талаптар бойынша ғимаратта табалдырықтың бар болуы мақұлданбайды.

Рас, қаладағы нысандарда арнайы пандустар орнатылған. Бірақ, олардың дені талапқа сай келмейді. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын.

Осынау өзекті мәселе мүгедектер бірлестігі мен қоғамдық ұйымдардың назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық альянсы да мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлуге назар аударып келеді. Қазіргі қоғамда мүгедектік әлеуметтік тұрғыда шеттетілген немесе қоғамнан тыс қалған адам деген мағына емес, әлеуметтік статустың бірі ретінде қабылданады дейді альянс мүшелері. Қазіргі таңда мүгедектік адамдардың театрға, саябақтар мен спорт алаңдарына баруын шектемейді, қолынан келер іс атқаруына кедергі келтірмейді. Сонымен қатар мүгедектік бірқатар құқықтар мен жеңілдіктерге ие. Осыған орай облыстық азаматтық альянс мемлекет тарапынан көрсетілетін, күннен күнге артып келе жатқан қолдаулармен бірге дені сау азамат пен мүгедек жанның арасындағы айырмашылықты азайтуды мақсат тұтады».

 

Сөз соңында...

Арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шенеуніктер мен жауаптылардың алдына барып жан-айқайын айтпақ түгілі, қала көшелерімен жүрудің, дәріхана, ауруханаларға жалғыз өзі барудың өзі мұң болып тұр. Себебі Шымкенттегі жол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол соқпақтардың жиектері биік, арбамен жүруге ыңғайсыз. Ал кейбір жерлерде тіпті, пандус жоқ. Ал Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис. Ендеше, қаладағы барлық тұрғынның әлеуметтік статусына қарамай тең дәрежеде өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуы керек.

Последнее изменение Пятница, 08 Декабрь 2017 09:09
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.