Қоғамдық мәселені шешуге әр азамат мүдделі болуы керек Избранное

Среда, 07 Ноябрь 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3679 раз

Шымкент қаласындағы бірқатар қайырымды істердің басында зейнеткер ұстаз Баян Аятбекқызын жиі көреміз. Әсіресе, осыдан 2 жыл бұрын ашылған әлеуметтік дүкендер желісі игі бастама ретінде қоғамға салмақты ой салды.

52

 

– «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы – Нина Әмірқызы. 4 бағыт бойынша жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты – әйел затын қоғамға дайындау. Әрбір әйел бесікті тербетумен шектелмей, әлемді де тербетуге қабілетті екенін білуі тиіс, - дейді Б.Жандосова.
– Басқа облыс-қалалармен салыстырғанда, біздің өңірдегі әйелдердің 5,6%-ы ғана іскер ханымдар. Ал азаматтық қоғамда бұл көрсеткіш 30%-дан кем болмауы тиіс, - дейді «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының төрайымы Баян Айтбекқызы. - Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері де аз емес. Сондықтан біздің қоғамдық бірлестік Кәсіпкер әйелдер қауымдастығы, Іскер әйелдер кеңесі және Саясаткер әйелдердің клубымен бірігіп жұмыс істейміз. Елбасының гендерлік теңдік стратегиясы аясындағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керек.
Бала тәрбиесімен ұзақ жыл үйде отырған келіншектер аз емес.
– Бұл бағытта қайта даярлау курстарынан өткен қыз-келіншектің біразы тігіншілікті меңгеріп алды. Аспаздықтың қыр-сырын біліп, кондитерлік салада кәсібін ашып үлгергендер де бар. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, барар жер, басар тауы қалмаған 50-ге жуық ананы жас сәбиімен «Аналар үйіне» жайғасуға көмектестік, - деген Баян Айтбекқызы «Аналар үйі» ашылғанда қоғамдық пікірдің екіге бөлінгенін еске алды. - Айналасынан қолдау таппаған жас аналар кейде бізден де жүзін жасырады. Шақалағын қоқысқа қалдырып немесе перзентханаға тастап кетіп жатқан аналардан тағдыры ауыр болса да, «Аналар үйін» паналаған келіншектер әлдеқайда батыр.
«Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі жұмысының тағы бір бағыты салауатты өмір салтына арналады. «Әйелдер дәрігерге ауырғанда ғана бармай, профилактикалық тексерілу, ауырмаудың жолын іздеуді және өзіне күтім жасауды дағдыға айналдыруы қажет. Бұл ана мен бала өлімін азайтады. Қазақстан азаматтарының ұзақ өмір сүру көрсеткішін жақсартуға да сеп» дейді сұхбаттасымыз.
Ал үшінші бағыт «Сәрсенбілік сәтті сұхбат» деп аталатын жоба аясында өрбиді. Онда Баян Айтбекқызы бастаған белсенді аналар жастармен кездесіп, мақсаттылық, өмірде дұрыс қадам жасау, мамандық таңдау, мансап қуу және басқа да сұрақтар төңірегінде әңгімелеседі.
– Өткен жылы отбасылық жағдайына байланысты оқуын аяқтауға аз қалған студент қыз көмек сұрады. Оның жағдайымен жақын танысқан соң бірқатар кәсіпкер әйелдер оның оқу ақысын төлеуге көмектесті. Одан бөлек, көптеген жастардың жұмысқа орналасуына да мүмкіндігінше қолдау таныттық, - деді Б.Жандосова.
Қоғамдық бірлестіктің төртінші бағыты – қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру. Шымкентте әлеуметтік дүкендер желісін ашу бастамасына қоғамдық бірлестік мейлінше атсалысты.
– Көптеген отбасы балаларына алған киімдердің келесі жылы сыймай қалатынын айтады. Ал жап-жақсы киімдерді тастауға да қимайды. Міне, осындай киім-кешекті қабылдайтын дүкендер 2 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Сол киімдерді әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, көмекке мұқтаж жандар келіп тегін алуына болады. Болашақта бұл акцияны дамытсақ деген мақсатымыз бар, - дейді филиал төрайымы.
Баян Айтбекқызы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ауқымды жоба барын атап өтті.
– Осы 4 бағыттың қайсыбірін алып қарасаңыз да түйткілді түйін. Саналы қоғамның өкілі айналасында орын алып жатқан осы тақілеттес жағдайларға бей-жай қарамайды. Соның нәтижесінде қоғам «Мен қалай жұмысқа орналасамын?», «Мен – әйелмін, ал әйел адамның орны үйде», «Жұмысқа тек танысы барларды алады», «Еркек болған соң ұрады», «Мүмкіндігі шектеулі» деген сынды дәрменсіз ой мен психологиядан арылады. Қазақстан Республикасының азаматтары тең құқылы екенін әрбір жан заң арқылы немесе басқалай оқып білуі шарт емес. Әр адамның көмектесуге мүдделі болуы – азаматтық қоғамның қалыптасқанының көрінісі, - деп қорытындылады ойын Баян Айтбекқызы.

Последнее изменение Среда, 07 Ноябрь 2018 08:22
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.