Солтүстікте орын бар, ниеттенген жандарға Избранное

Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3207 раз

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5 жылдан бері елімізде еңбек ресурсын тиімді пайдалану мақсатында халықты тығыз орналасқан өңірлерден сирек орналасқан облыстарға қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. «Жер игеру, мал шаруашылығымен айналысу қолымнан келеді. Жер таңдамаймын, елдің ішінде жүрсем болғаны» дейтін әрбір шымкенттікті Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов жұмысқа шақырды. Шымкенттегі жұмыссыздар қатарын азайту мақсатына енді теріскейліктер де бей-жай қарап отырмайды.

92

 

Бұл кездесуге қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қалалық және Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, өңірлердің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты. Шымкент қаласына арнайы іс-сапар ұйымдастырып келген СҚО әкімі Құмар Іргебайұлы кездесуде өңіріміздегі уақытша жұмыссыз тұрғындарымен сұхбаттасты. Баспанамен қамту және бос жұмыс орындары жайлы мәлімет берді.
– Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, шөбі майса, көк шалғын. Орман, көл өте көп. Май дақылдарын өндіруде және оны экспорттауда республика бойынша 1 орындамыз. Бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінен 2700-дей адам қоныс аударып келсе, соның жартысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген азаматтар. Өте мобильді, шаруаны дөңгелетіп ала жөнелетін еңбексүйгіштігін байқадық. Сондықтан да демографиялық өсімі жоғары, бос жұмыс орнын іздеген шымкенттіктерді, түркістандықтарды әдейі іздеп келіп отырмын. Осы мақсатта Солтүстікке Шымкенттің өзінен жұмысқа қабылдайтын, біздің өңірді жақын таныстыратын арнайы штаб құрсақ деген ойымыз бар. Оны Ғабидолла Рахматоллұлымен ақылдасып шешетін боламыз, – деді Қ.Ақсақалов.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов Қ.Ақсақаловқа қолдау танытып, бірге жұмыс жасауға ықыласты екенін айтты. Ал Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Отыншиев солтүстіктегі бос орындарды осында отырып-ақ көруге болатын жағдай жасауды сұрады. Оңтүстік өңірлерінен көшіп барғандармен кері байланыс орнату жайлы ұсынысты Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Д.Әбіш жасады.
– Мен депутат әрі «Айғақ» телеарнасының басшысы ретінде өңірімізден қоныс аударған халықтың жағдайымен бірнеше рет танысып қайттым. «Біздің жерлестерді қарсы алған жауапты азаматтар хабарсыз кетпеді ме?», «Қоныс аударғандар жайлы орналасты ма?», «Жағдайлары қалай?» деген сұрақтарға жауап алу үшін қоныстанғаннан кейін де кері байланыс орната алсақ дұрыс болар еді, – деді Д.Әбіш.
Ал Жаңабай Ағабеков кәсіпкерлікке қолдау көрсету барысында алаңдайтын мәселе барын алға тартты.
– Солтүстікке жұмыс іздеп барған жерлестеріміздің кепілге қоятындай жылжымайтын мүлкі жоқ. Кәсіпкерлікті қолдау барысында осы жағдайды ескерулеріңізді сұраймыз. Өйткені, Солтүстікке барғандар тек еңбек ету мақсатымен қоныс аударып отыр, – деді депутат.
Жұмыс іздеген жастарды ауыл шаруашылығынан басқа да саладағы бос орындар қызықтырды. Бірі мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы сұраса, енді бірі «СҚО-да бос орындар тек ауыл-аудандарда ма?» деп нақтылай түсті. Сарыағаштық Нұрсұлтан есімді жас маман «әуелі ауыл-аудандарға жұмысқа орналасып, кейін облыс орталығына ауысуға бола ма?» дейді.
– Менің келіншегім – мұғалім. Оған Солтүстіктен жұмыс табылса, маған табылмай тұр. Ал мен – ІТ-маманымын. Ауылда бұл бағытта жұмыс табу қиын. Оның үстіне тәжірибем де жоқ. 3 жылдан бері басқа салада жұмыс істеймін. Қазір барсақ, бір мұғалімнің ауылды жердегі айлығына бір отбасы өмір сүре аламыз ба? Солтүстікке қоныс аудару үшін тағы қандай мүмкіндіктер бар? – деді Н.Қожамұратов.
СҚО әкімінің айтуынша, ауыл-аудандарға барып, кейін облыс орталығына қызмет ауыстыруға болады. Бастысы – қай салада қандай қызмет атқарса да, жоба аясында тек Солтүстік Қазақстан облысын өркендетуге күш салуы тиіс. Жұмыс пен баспана мәселесі әкімдік тарапынан шешімін таппақ. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы аясында шымкенттік жастарды оқытуға дайын екенін атап өтті.
– «Серпін» бағдарламасымен жастарды оқытуға дайынбыз. Есесіне, сол жастар СҚО-да 3 жыл қызмет етуі шарт. Ал қыз балалар сол 3 жыл өткен соң да Солтүстікте қалып, жергілікті азаматпен отбасын құрса, ол шаңыраққа міндетті түрде баспана сыйға тартамыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
– Біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз. Елбасымыздың тапсырмасын орындау барысында біздің қалаға келіп, халықпен кездесіп, депутаттармен әңгімелесіп, ұсыныстарымызды тыңдаған сізге біз де лайықты қолдау көрсетеміз. «Өсемін, озамын» деген жастар қиындықтан қорықпауы керек. Солтүстік суық болғанымен, онда бәсекелестік аз. Осы мүмкіндікті пайдалану қажет, – деп қорытындылады жиынды қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.

Последнее изменение Понедельник, 19 Ноябрь 2018 08:25
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.