Жаңа терминал Шымкенттің туристік әлеуетін арттырмақ Избранное

Среда, 21 Ноябрь 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3495 раз

2020 жыл Шымкент қаласының тарихында ерекше оқиғаларға толы болмақ. Үшінші мегаполис ТМД елдерінің мәдени астанасына айналады. Қазір осы мақсатта дайындық жұмыстары басталып-ақ кетті.

108

 

Кез келген қаланың қақпасы әуежайы мен теміржол вокзалы екені даусыз. Осы орайда «Қонақжай халықтың қашанда есігі ашық» деген ғұрыппен ең ірі жобалар көлік-логистика саласын дамытуға бағытталуда. Енді Шымқаланың теміржол вокзалы жаңа ғимаратпен толығады. Автокөлік жолаушыларын Шымкенттен Ташкент тасжолына алып шығатын жаңа дәліз салынады. Сондай-ақ, Шымкент әуежайында жаңа терминалдың құрылысын жүргізу үшін бірінші кезеңнің жұмыстары басталды.
86 жылдық тарихы бар Шымкент әуежайы күнгейдегі туризмнің қақпасы болып қалмақ. Сонау 1932 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген әуежай қызметін тұтынушылар саны 2016 жылы 621 мың жолаушыға жетсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 23% -ға артқан. Яғни, 811 мың жолаушы тасымалданған. Биылғы көрсеткіш бұдан да көп. Ал ескі терминалдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі төмен, 200 жолаушыны өткізгенше 1 сағат уақыт өтіп кетеді.
Енді жуырда бұл мәселе де өз шешімін табады. Себебі, Шымкент әуежайында 1 сағатта 2000 адамды өткізуге қауқарлы жаңа терминалдың жобасы әзірленді. Терминал салынатын жер телімі дайын. Инвестор – «СКАТ» əуекомпаниясы» АҚ.
– Инвестиция құны – 17,5 млрд теңге (50 млн АҚШ доллары). Жобаның жалпы құны 18,7 млрд теңгені құрап отыр, – дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев. – Қазір әуежайдағы жаңа терминал құрылысының негізгі кезеңдері анықталды. Алдымен 2,8 гектар жерде бұрынғыдан 10 есеге артық жолаушыны өткізе алатын жаңа терминал бой көтереді. Әуежайда қазір 14 әуе рейсі бар, олардың санын 2030 жылға дейін 50-ге өсіру жоспарланып, құрылыс жұмыстары соған сәйкес жүргізілмек. Жобаға сәйкес, 3 қабаттан тұратын ғимараттың алаңы 28 171 шаршы метр болады және 4 телескоптық дәлізбен қамтамасыз етіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, екінші кезеңде 7 га учаскеде перрон құрылысы басталады, үшінші кезең балама автокөлік жолының құрылысын қамтиды. Ал соңғы кезеңде Шымкент әуежайының аумағын абаттандыру, автотұрақ, саябақ салу жұмыстары атқарылады. Төртінші кезең жұмыстары қала бюджеті есебінен жүргізіледі.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «СКАТ» əуекомпаниясы» АҚ төрағасы президенті Владимир Денисовпен меморандумға қол қойғанда «Жаңа терминал да Шымкенттің өзі сияқты жайлы, тартымды болады деп сенемін!» деп еді. Шаһар басшысы құрылыс барысында да сапа мен қауіпсіздік шараларына баса мән беруді тапсырып отыр.
Жаңа терминал құрылысын жүргізу жобасына байланысты бұған дейін республика меншігінде болған Шымкент әуежайы енді қала меншігіне берілуде. Бұл жұмыстар қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктері тарапынан мақұлданды. Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 48 га жер телімін қаланың меншігіне аудару қажеттігі туындады. Аталған министрлік те бұл жұмыстарды жалғастыруға келісім берді.
Мемлекет басшысы елдегі көлік-логистика саласын дамытуға байланысты нақты тапсырмалар беріп, осыған сәйкес көптеген жобалар әзірленді. 2016 жылы Қазақстан логистикасы 11 позицияға жақсарып, дүниежүзілік банк рейтингінде (LPI) 77-орынға жайғасты. Ендігі меже – 2020 жыл. Бұл жылы Қазақстан Республикасы әлемдегі көлік-логистика саласында тиімділігі жоғары 40 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.