ЕЛБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫ, МЕГАПОЛИС МҮМКІНДІГІ Избранное

Пятница, 30 Ноябрь 2018 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3685 раз

Екі ой, төрт астармен сөйлейтін қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауинның «Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» дегені бар. Әзілге жығып айтты дегенімізбен де, астарында терең мағынасы бар сөз ғой. Рас, Шымкент өңірі қазақылығымен, салт-дәстүрді сақтап, ұлт демографиясына басты үлес қосып отырған аймақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де Шымкентке келген бір сапарында: «Мен облысты үш «Ш»-мен айтамын. «Шырайлы Шымкент шаһары!», – деп айтқаны есімізде. Сондай-ақ, «Адамға өмір бір рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген сөзі де елдің аузында жиі айтылады, тіпті қанатты сөздей болып кетті. Жалпы, Президенттің Шымшаһарға әр келген сайын осындай жақсы пікірлер білдіріп тұратыны белгілі.

157

 

Шымкент туристер үшін тартымды қалаға айналады

Осыдан екі ай бұрын, нақтырақ айтсақ, 28-29 қыркүйек күндері Елбасы Шымкентке арнайы іс-сапармен келіп, бірқатар нысандарды аралаған болатын. Сол сапарында Президент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, нені алға шығарып, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді. Қала активімен кездесуінде Елбасы мегаполистің дамуының басты бағыттарын айқындап, бірқатар тапсырмалар берген еді.
– Шымкентте болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет. Болашақ – ірі қалаларда. Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс, – деді Президент.
Президент миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.
– Ташкент жақын, Өзбекстанмен байланыс нығая түсуде, – деді Мемлекет басшысы. – Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, заманауи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.
Екіншіден, Шымкентте медицина, фармацевтика, құрылыс индустриясы секілді экономиканың əлеуетті салалары дамуы тиіс. Ал үшінші тапсырма ретінде Мемлекет басшысы жастарды қолдау мен білім беруді жақсартуды тапсырды.
Н.Назарбаев бұған қоса мегаполистің сəулеттік келбеті туралы да айтып өтті.
– Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек, – деді Президент. – Астананың стилін көшірудің қажеті жоқ. Өздеріңіздің мəдени ерекшеліктеріңіз бар. Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламамыз бар. Ретсіз сауда орындарынан арылу керек. Шымкент ақылды қала болуы тиіс. Сонымен қатар қала аумағының кеңеюі емес, тығыз орналасуы өзекті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2025 жылы Шымкент халқының саны 1,3 млн адамға жететінін, осыған орай мегаполиске жаңа балабақшалар, мектептер мен ауруханалар қажет екенін атап өтті. Оларды салу үшін инвесторларды жұмылдыру керек деді Елбасы.

Шаһарда шағын кәсіпке қолдау қомақты

Президент айқындаған нақты жоспарлар аясында бүгінде Шымкентте орта және шағын бизнес қанат жайып келеді. Қалада 77 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі бар. 500-ге жуық өндіріс орны жұмыс істейді.
Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіші бойынша жыл басынан бергі 10 айда өсім байқалады. Атап айтқанда өнеркәсіп көлемі 383 млрд 600 млн теңгені құрап, 104 пайызға өсті. Инвестиция көлемі 24 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикада бірінші орында.
– Шымкент үлкен мегаполиске айналуда. Мұнда жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы қала дамуының басты кепілі болып отыр. Басты бағыт – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін, тиісті қолдау көрсету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Шымкентке келген сапарында Қазақстанда экономиканың даму көлемінің 50 пайызын шағын және орта бизнес үлесі құраса, біз мейлінше экономикасы тұрақты елге айналамыз деген болатын.

Шымкент – жастардың қаласы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына келген әр сапарында жастар қауымымен жиі кездеседі. Олардың ой-пікірін тыңдап, қолдау-көмегін көрсетуде. Биылғы қыркүйекте жасаған сапарында да Елбасы жастар мәселесіне назар аударып, қалада білім саласын дамытудың қажеттігін атап көрсетті.
– Шымкент – тез өсіп келе жатқан шаһар. Жалпы қала тұрғындарының 42 пайызы – жастар, 420 мыңнан астам. Яғни, Шымкент – жастардың қаласы. Мұны ұмытпау қажет. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін білікті мамандар керек. Шымкент сондай мамандарды даярлайтын орталық ретінде қалыптасуға тиіс. Осыған орай, оқу орындарының мәртебесін арттырып, шетелдік білім ордасымен әріптестікті кеңейту қажет. Мектептің де деңгейін көтерген жөн. Оны жүзеге асыру үшін елдегі зияткерлік мектептердің тәжірибесіне сүйену қажет, – деді Н.Назарбаев.
Президент беделді шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнатып, ағылшын тілінде білім беретін бағдарламаларды көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар Шымкенттегі университеттердің деңгейін көтеріп, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің студенттерінің оқуға ынтасын ояту қажеттігін айтты.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бүгінде елімізде халықаралық іс-шаралардың дені Астана мен Алматыда өткізіліп жүр. Елбасы мұндай іс-шараларды енді Шымкентке ауыстыру қажеттігін де айтты.
– Ол үшін тиісті ғимарат керек. Конференц-залдар, Конгресс холл жасау керек. Сонда көбірек жұрт біліп, келетін болады. Шымкентте басқа қалалармен салыстырғанда ауа райының қолайлығы бар. Жыл он екі ай құрылыс жүргізуге болады. «Сондықтан мен бәрін тез өркендетуге, өсіруге болады» деп санаймын. Шымкент Астана мен Алматы сияқты халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, спорт сайыстары мен концерттер, жиындар өткізетін алаңға айналуы керек, – деді Елбасы.

Цифрлы қала қандай болады?

Қазір елімізде Цифрлы Қазақстан бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – барлық қызметтерді оңтайлдандырып, жемқорлықты жою. Елбасы айтып отырған цифрлық технологиялар Шымкентте кеңінен енгізіліп жатыр. Нәтиже жаман емес.
Мемлекет басшысы қыркүйектегі сапарында Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барған еді. Сонда Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралап көрді. Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.
Шымкентте денсаулық сақтау саласына да цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Нәтижесінде дәрігерге кезекке тұру 70 пайызға азайды. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша қазір медқызметкерлерді жұмысқа қабылдау бойынша осындай бағдарлама әзірленуде. Тағы бір сәтті іске асырылып жатқан жоба – "Damumed", ол мобильді қосымша арқылы дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және емдеу мекемесінде есепке тұруға мүмкіндік береді.
«Қауіпсіз қала» жобасына тоқталсақ, бұл жоба аясында Зияткерлік қиылыстар саны 21-ге дейін артты. Қалада 479 бейнекамера орнатылған. Қазір Астананың тәжірибесі бойынша Шымкентте «Сергек» жүйесі орнатылуда. «Қоғамдық көлік» жобасы аясында 2019 жылы 30 автобус электрондық билет жүйесімен жабдықталады. Сонымен қатар, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 300 жаңа автобус, 2019 жылдың соңына дейін тағы 700 автобус сатып алу жоспарлануда.

Түйін сөз:

Қазір миллион тұрғыны бар шаһарды түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Елбасы атап өткендей, Шымкенттің ірі мегаполис ретінде қалыптасуы – бүкіл Оңтүстік өңірі экономикасының дамуына тың
серпін беретіні сөзсіз. Қала жыл сайын өсіп келе жатыр. 2025 жылға дейін Шымкент қаласының халық саны 1 млн 300 мың адамнан асады деген жоспар бар. 70 мың тұрғынға арналған «Shymkent city» қалашығы да ерекше назарда. Бұл жоба Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатыр.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.