Ақын да, дәрігер де жүректі емдейді Избранное

Пятница, 25 Январь 2019 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4287 раз

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында белгілі журналист, ақын, ел арасында «Хан апа» деп аталып кеткен Ханбибі Есенқареваның жыр кеші өтті. Рухани басқосуда дәрігерлер ақынның туындыларымен танысып, өлеңдерінен үзінділер оқылды.

дәрігерлер мен ақын кездесуі фото1

Ерекше жиынның қонағы болған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Шалабаева, әнші, сазгер Құралай Сәмұхамбетова ақынның сөзіне жазылған әндерін орындап, дәрігерлердің қошеметіне бөленді. Ақ халаттылар үшін жан азығы болған кешті «Хан апаның» үзеңгілес замандасы, жазушы Мархабат Байғұт жүргізді.

Х.Есенқарақызының бірнеше өлеңдеріне арқау болған кейіпкерлері жөнінде сыр шертті. Шығармалары жөнінде айтып өтіп, бүгінде халық арасында кеңінен танылған «Нурикамал», «Алтын-ай», «Дос іздедім» әндерінің шығу тарихын баяндап берді.
– «Алтын-ай» әні қырғыз аруы Алтынай Сулаймановаға арналған. 1990 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен халықаралық конферецияға қатыстым. Сол кезде Алтынаймен танысып, бірнеше күн жанында жүрдім. Оның жанының тазалығы мен елгезектігіне тәнті болып, елге оралғасын «Алтын-ай» өлеңін жаздым. Бұл өлеңге 5 сазгер ән жазды. Өзіме Құралай Сәтмұхамбетованың нұсқасы ұнады, - дейді ақын.

Сырласу жиыны барысында ақынның әндері шырқалып, кеш қонақтары дәрігерлердің сұрақтарына жауап берді. Х.Есенқарақызы шығармашылық жолында өзімен қатар келе жатқан М.Байғұтпен бірге өткен шақтағы қызықты оқиғаларды айтып, әдемі әзілдер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кеш ақын мен дәрігерлердің жан дүниесі үйлесім тапқан кеш болды. Өйткені олардың екеуі де адам жанының емшісі. Бірі сөзбен, бірі дәрімен емдейді.