93–ші көктемім – өмірімнің өткелі Избранное

Среда, 06 Март 2019 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3084 раз

Шымкенттік Несіп Бөлегенова тоқсан үшінші көктемімен қауышты. Алты жасында ашаршылықты көріп, 16 жасынан тылда жұмыс істеп, еңбектің қазанында қайнап өсті. Ғасыр жасаған әжеміз «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» деген теңеуге лайық, ажарлы, әңгімесі анық, жүрісі тың. Елдегі жаңалықтарға құлағы түрік, өлең жазып, ән салатын ақ жаулықты ананың үйінде қонақта болып, өмір-дастанынан сыр шертісіп қайттық.

IMG 20190303 161622

Несіп Шәметқызы киелі Түркістан шаһарында өсіп-өніп, ұл-қыз тәрбиелеп, абыройлы еңбек еткен жан. Жастық шағы еліміздің зобалаң жылдарымен тұспа-тұс келіп, өрімдей жасынан еңбекке араласады. «Ол кезеңде ауыр бейнеттен қашатын заман емес еді», - деп бастады әңгімесін ақ жаулықты әже.

– Болыстың қызы болдым. Кәмпескені де көрдік. Малымыздың үштен бір бөлігін қалдырып, қалғанын өткізді. Түркістан арғы жақ-бергі жағына көшумен жүрдік. Төрт-ақ класты тауыстым. Он алты жасымда соғыс басталып, Кентауда Ачполиметалл комбинатында химиялық цехта істедім.

Таудан тас тердік, оны уаттық та, сосын карбид шығаратын цехта істедім. Колхозда ол уақытта бір-екілі ғана ер-азамат қалды да, барлық бейнет әйелдердің мойнында болды, – дейді Несіп әже.

Қария сол жылдары жер ауып келген еврей, поляк қыздарымен шахтада бірге істеген жылдарын еске алды. «Орыс әуені құлаққа келсе, сол жылдардың қиындығы көз алдыма келеді», - деп, бір уақ үнсіз қалды.

Кейіпкеріміз 19 жасында Маметай ақсақалмен шаңырақ құрады. Одан кейінгі еңбек жолы эксковатор зауытында жалғасады. Зауытта электр монтері, темір кесуші секілді ауыр жұмыстарды атқарады. Сөйтіп жүріп 11 баланы дүниеге әкеледі.

– Қазіргілер шаршаймын дейді. Е, біздің уақытта шаршау қайда? Жұмыстан босай қалсақ, киіз бастық, ұршық иіріп, кілем, тақыр кілем тоқып, оны саттық. Он баланы асырау оңай емес қой? - дегені әженің еңбекқор болғанын аңғартты.

Отбасында әке сөзі – заң. Әкеге айтары анасы арқылы жетеді. Отағасы Маметай балаларының барлығына жоғары білім алуына жағдай жасайды. Қыздары – Гүлсара, Гүлсім, Гүлжамал, Гүлбаршын, Гүлназым, Гүлнара, ұлдары Ерсұлтан, Арғынғазы, Талғат экономика, білім саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жандар. Ақ жаулықты ана құр ақыл айтудан пайда жоқ, дейді.

– Екі ғасырдың куәсі болдық. Талай заманды көрдік. Қазір Құдайға шүкір, бейбіт елде, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Айналайын, Елбасыға рахмет. Жұмыссыз, ақша жетпейді дегенді күнделікті теледидардан жаңалықтардан тыңдап отырам. Қазір әрекетсіз адам болмаса, бәрі жақсы.

Ешкім байлауда, не айдауда жүрген жоқ. Тек еңбектену қажет. Еңбек адамды қартайтпайды, адал еңбек жасыңа жас қосады. Бұл менің өмірден түйгенім, - деп Несіп әже өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Маметай қарияның шаңырағында өсіп-өнген ұл-қыздың тәрбиесінде текті ананың өз заңы жатқанын мына асыл сөзінен байқауға болады: «Қариялық ақылыңызды айтыңыз деп жатады көп жерде.

Көнгенге ақыл көп. Ақылды айтып емес, өзің көрсетуің қажет. Тақтайдай етіп үйді жинап отыр, аста та төк болма, артық сөйлеме. Ағайынға қарас, кедейге қол ұшын бер, құдайы бер, садақаңды таста. Осыны көріп, ұл-қызың өзіңнен үлгі алып өседі».

Қазір Несіп әже кенже ұлы Талғаттың қолында тұрады. Шымкентке көшіп келгеніне 10 жылдан астам уақыт өтті. «Апаммен қара шаңырақта 25 жылдан бері тұрып келемін. Бүгінгі әңгімесі ертеңгі әңгімесіне ұқсамайды. Нағыз шежіре. Тазалығында мін жоқ. Талғаттың да анасы десе, жаны бөлек. Күтімі жақсы, - дейді келіні Айгүл.

Жасы ғасырға таяп қалған әже осы жылдарға дейін денсаулығына шағым айтпаған. Сүлік салдырады, екі жылдан бері тек күрке тауықтың сорпасы мен кептірілген нан, ірімшік жейді.

– Еңбектің арқасы ғой бәрі. Онша-мұнша ауруға жеңілмеймін. Жеңіл дерт болса, Айгүлім емдеп алады. Осындай диетамен жүрмін. Жасым келе ауырлық болғасын, қазы-қартадан бас тарттым.

Намазымды қаза етпеймін. Алла осындай ұзақ жас берді, үбірлі-шүбірлі бала-шаға берді, денсаулық берді, қалайша шүкірлік етіп, құлшылық жасамайын?!, - деген әже тобашылық әңгімесін айтты.

93 жасқа келсе де Несіп әже той-томалақта ән салады (бізге де ән салып берді). Өмірдегі естіген, көрген-білгенін соңғы жылдары қағаз бетіне түсіруді жөн көрген. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты кітапқа өлеңдері топтастырылыпты.

Ұлы Ерсұлтан қазір Батыр ана айтқан, еңбек еткен өндіріс орындарының тарихы, өңіріміздегі әулиелі жерлер жайында көпке беймәлім аңыз-әфсаналарды қағазға түсіріп, тағы бір кітапқа арқау етпек.

...Осылайша еңбек және тыл ардагері, Батыр ана, Алтын алқа иегері Несіп Бөлегенова бүгінде балаларынан тараған 33 немере, 48 шөбере, 3 шөпшегінің қызығын көріп отыр. Біз де әженің батасын алып,ол кісінің нәрлі әңгімесінен көкірегімізге сәуле құйып қайттық.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.