Версия для печати

Ерлер ұжымын басқару оңай ма? Избранное

Среда, 06 Март 2019 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3273 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Халық арасында әйелді нәзік гүлге теңейтін ұғым өткеннің еншісінде қалып барады. Бүгінгінің нәзік жандылары ерлермен теңдей иық тіресіп, қоғамда, саясатта және кәсіпкерлікте өздерінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, көптің алғысына кенелуде. Осындай көшбасшылығымен танылған, еселі еңбегімен 40-қа жуық ер-азаматты жұмыспен қамтып отырған «Қыш Қала» ЖШС басшысы Махаббат Үсіпбекқызы Сапарбековамен әңгіме өрбіткен едік.

искер-2

Жүкті көліктермен бір жерден екінші орынға жеткізіп беру қызметімен айналысатын компанияға әйел басшылық етеді дегенде таңданғанымыз рас. Дегенмен, Махаббат Үсіпбекқызымен әңгімелесе келе еңбектің жынысқа бөлінбейтініне тағы бір көз жеткіздік. Іскер ханымның айтуынша, еңбек уақытты таңдамайды. Өзінің бала күнінде ата-анасына жәрдем беру мақсатында қоғамдық жұмыстарға ерте араласқанын еске алды.

– Менің балалық шағымда ауыл адамдары қолына еңбек құралдарын алып, колхозда жұмыс істейтін, егінін баптайтын. Әке-шешеме қолқанат болу үшін мектептен кейін жарты ставкамен колхозға жұмысқа тұрдым. Үлкендермен бірге мен де шабық шаптым, қызанақ, қияр баптадым, басқа да шаруашылық жұмыстарды істейтін едім, - деп кейіпкеріміз артта қалған бала шағын еске алды.

Еңбекте үздік жастар қатарынан көрінген жас Махаббат мектепте білімнен де озат болды. Осыған қарап математика пәнінің мұғалімі шәкірті өз жолын қуғанды армандапты. Ал кейіпкеріміз 1993 жылы мектепті тәмамдағасын қаламыздағы кондитер мен аспаздар дайындайтын №8 кәсіптік училищеге оқуға түсіп, үздік дипломмен бітіріп шығады.

– Сол орта білімнен кейін отбасылық жағдайыма байланысты жоғары білім алуға мүмкіндігім болмады, - дейді М.Сапарбекова. Осы орайда бірер кәсіпті дөңгелету жолында ең әуелі мақсатқа ұмтылу, табандылық пен алған бетінен тайсалмайтын қасиеттер жоғары білімнен де биік тұратыны айқындалып тұрғандай.

Олай дейтініміз, іскер әйел бизнестегі алған асуымен бірге отбасында да 4 қыз, 2 ұлды дүниеге әкеліп, еңбекқорлықпен тәрбиелеп отырған көп балалы ана.

– Іскерлік шабытты сыйлайтын – балаларым. Перзенттерімді тәрбиелеу жолындағы қажеттіліктер келесі кәсібімнің бастауына айналады. Мысалы, қыздарымды би үйірмесіне қатыстырайын десем, үйден алыста орналасқан. Су спорты да сол шама.

Әр үйірме мен спорт кешендері әр жерде орналасқан. Сондықтан өзім сынды көп балалы аналарға оңтайлы болуы үшін алдағы уақытта спорт кешенін салуды жоспарлап отырмын.

Барлық үйірме мен спорт түрлері бір жерге жинақталғаны ата-аналар үшін өте қолайлы болар еді. Отбасында көп перзент тәрбиелеп отырған отбасылар үшін бағасын да қолжетімді етуді ойластырып отырмын, - деп Махаббат Үсіпбекқызы алдағы жоспарларының бір шетімен таныстырды.

Осыдан 17 жыл бұрын «ЖК Сапарбекова» атауымен логистикалық қызметті бастап, бертін келе қызмет көрсету аясын ұлғайту мақсатында «Қыш Қала» ЖШС негізі қаланады. Аталмыш компанияның құрылтайшысы М.Сапарбекова бұған қоса тігін цехын ашып, қыз-келіншектерге арналған киім тігуді жолға жолға қойған болатын.

Дегенмен көрші қырғыз елінің киімдерімен бәсекелестікке төтеп бере алмай, екі жыл жұмыс істеген өндіріс жабылып қалғанын да жасырмады.

– Мен әйелдермен де, ерлермен де жұмыс істедім. Өмірлік тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, нәзік жандыларға қарағанда ер-азаматтармен жақсы тіл табысады екенмін, - деп жымиған іскер әйел алдағы күндері жабылған тігін цехын тағы бір мақсатқа пайдаланатын жоспарымен таныстырды.

– Бұрынғы цехты қыз-келіншектерге тігін үйрететін оқу орталығына айналдыру көздеп отырмын. Ол үшін бізде дайын ғимарат пен тігін машиналары және шәкірттерге ұстаздық ететін шеберлер де бар.

Бес саусақ бір жерге түйілсе, жұмылған жұдырық, алып күшке айналады. Махаббат Үсіпжанқызының мақсаттары жүзеге асуына жан жарының демеуі ауыз толтырып айтарлық-ақ. Отағасы логистикалық компаниядағы жүк көліктерінде ақау шыққан жағдайда қосалқы бөлшектерді түгендеп, отбасылық кәсіптің ілгері жылуына ықпал етіп жүр.

– Істің көзін тапқаныммен, темірге, көліктердің бөлшектеріне келгенде шорқақпын. Ондай мәселелерді өмірлік жолдасым шешеді. Жан жарым ұзақ жылдар полиция қызметкері болды, қазір зейнетке шығып, кәсібімізде мен жіберетін олқылықтардың орнын толтырып отырады. Барлық істі сол кісімен ақылдасып барып жүзеге асырамын, кеңесін құлақ түріп тыңдаймын.

Кейде осындай жағдайларға қарап, әйелдің ермен бірдей иық тіресіп еңбектенгенімен ердің көрегендігі басым болатынына көз жеткіздім, - дейді кейіпкеріміз.

Басшының ісі алға басуында қосшының алар орны бір төбе. «Қыш Қала» логистикалық компанияда жүк көліктерне бағыт беріп, қызметтің сапасына жауапты логист Нұрхан Жолдасов 7 жылдан бері М.Сапарбекованың қол астында қызмет етіп келеді.

Бас маман осы уақытқа дейін кәсіпкердің бойындағы ізгілік, қайырымдылық қасиеттері жөнінде сөз қозғады.
– Демалыс күндері мектеп оқушылары жұмыс сұрап келеді. Олардың дені әлеуметтік жағдай төмен отбасының балалары. Махаббат Үсіпжанқызы жұмыс істегісі келген баланың бетін қайтармай, жасына сай келетін жеңіл істерді тапсырады.

Мысалы, кішкентай жеңіл қораптарды тасу керек, ол үлкендердің қолын байлайды. Ондай жұмыстарды оқушы балалар орындайды және жеңіл екен деп, азғана ақы ұсынбай, олардың көңілінен шығатын жалақы төлейді. Басшымыз сол балалардың отбасымен жақыннан танысып, қаржылай көмектескенді де жөн көреді, – дейді логист.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилейді» деп тегін айтылмаған ғой. Қазақ әйелі қашан да сол ұғымға лайық. Ұлағатты отбасынан алған тәрбиесін балаларына үлгі-өнеге етіп, бір әулеттің жан жылуы болып отырған Махаббаттай жанның пікірі адамға ой салғандай.

Ел экономикасын өркендетуге, мемлекетімізді әлемдегі беделді, қуатты, дамыған, зайырлы Қазақстан ретінде танытуға үлес қосатын осындай арулар көбейе берсін!