«Әлеуметтік қамқорлық»: цифрлы форматта жүзеге асады Избранное

Пятница, 15 Март 2019 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2837 раз

Кеше Шымкент қаласы әкімдігінде ақпараттық коммуникациялық орталық өз жұмысын бастады. Орталықта Елбасы тапсырмасына сәйкес «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын үшінші мегаполисте кеңінен насихаттау мақсатында алғашқы брифинг өтті.

DSC 9784

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев және БАҚ өкілдері қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына ұсынылған әлеуметтік қолдаудың жоспары және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі, олардың Шымкент қаласында орындалу барысы жан-жақты сөз болды.

– Өздеріңізге белгілі, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында мемлекеттік бастамалар ұсынды. Оған тоқталсақ, біріншіден, күнкөрісі төмен, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын қамту.

Ол дегеніңіз, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен көтеріледі. Екіншіден, АӘК тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектік жәрдемақылары, стипендия алып тасталады.

Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге көмек төленеді. Бұл күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. 2018 жылы 10774 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 2019 жылы 1 сәуірден бастап 20000-нан астам отбасыға дейін ұлғаяды деп жоспарлануда, – деді Г.Құрманбекова.

Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда Шымкент қаласында аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы штаб құрылды. Штабтың құрамына депутаттар, құзырлы органдар, «Нұр Отан» партиясы, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, 4 аудан әкімдері, басқарма басшылары енген.

– Қала тұрғындарына Елбасы тапсырмасын кеңінен насихаттау үшін 4 аудан әкімдіктерінде және басқармаларда «Ашық есік» күндері өткізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен «Алтын алқа», «Күміс алқа» 2019 жылы 9 632 анаға барлығы 119,9 млн теңге наурыз айының соңына дейін жеке есеп-шоттарына аударылады. Бүгінде қоғамдық көліктерде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері тегін жүруде, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Шымкентте аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу жоспарлануда. Ол жерде спортпен шұғылдану, шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетіледі. Келесі жоба – көпбалалы аналарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін «Аналар орталығы» ашылуда. Ол жерде психологиялық және құқықтық, тұрғын үй және әлеуметтік төлемдер бойынша қызмет көрсетіледі.

Бүгінгі таңда қаламызда пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы жұмысын бастауда. Негізгі мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың қайрылымдылық іс-шараларын реттей отырып, электронды портал арқылы аз қамтылған отбасыларға ашық және біріңғай әлеуметтік көмек ұйымдастыру. Жоба басталғалы 120 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажет заттармен көмек көрсетілді. Бұдан бөлек жалғыз басты 6 баланың анасына демеушілер есебінен тұрғын үй берілді.

– Аталған әлеуметтік портал сәуір айынан бастап іске қосылады. Жыл соңына дейін жағдайы өте төмен 1289 отбасыға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін мобильді «Ел-Көмек» әлеуметтік порталы іске қосылады. Негізгі мақсаты – әлеуметтік салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толығымен автоматтандыру.

Бұл өз кезегінде аз қамтылған отбасыларға берілетін бір реттік көмек, зейнеткерлерге санаторлы-курорттық емделуге, мүгедектерге берілетін құралдар және «Инва таски», «Әлеуметтік таксиді» онлайн режимде, үйде отырып шақыруға болады. Жоба жүзеге асқанда Қазақстанда бірінші болып Шымкентте әлеуметтік сала цифрлық форматта жұмыс істейді, – деді Г.Құрманбекова.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.

Другие материалы в этой категории: « ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ Жолдау-жаһандық дамудың жолы »