Версия для печати

ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ ҚАҒБАСЫ БОЛҒАН ОРДАБАСЫ Избранное

Среда, 20 Март 2019 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6945 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын. Шын мәнінде, халқымыздың төл тарихы тереңге тамыр тартады.

Оның ішінде, әрине, Ордабасы төбесінің ел тарихында алар орны ерекше. «Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист Мархабат аға Байғұт. Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған.

DSC 1146

ҮШ БИДІ ТҮЙІСТІРГЕН, «ЖЕР-АНАҒА» БАС ИДІРГЕН АЛАҢ

Халық құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Қазыбек би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылары мен батырлары қатысты.

Сол жолы қазақтың басы Ордабасы болып бірікті де қазақ тарихындағы 1723-1727 жылдардағы нәубетті кезеңнің қара бұлтын аспанынан біржола ығыстырды. Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар шапқыншылығына тоқтау салды.

Осында қазақтың үш жүзінің өкілдері ұлы құрылтай өткізді. Біртұтас қазақ әскері құрылып, бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен қазақ жасағына бас қолбасшы болды.

Осылайша берекелі ауыздан шыққан берік байламның арқасында қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Ордабасы тауының қасиеті осында жатыр.

46447742 2034106886637573 748947287450845184 n

«Қазақ рухының қағбасы болған» (Ә.Кекілбаев) орында 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен бірге 20 елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды, тарихи оқиға болды.

Оған жалпы 150 мың адам қатысты. Биыл бұл датаға 25 жыл толып отыр. Сол жиында Елбасы Н.Назарбаев «Береке басы – бірлік» деген баяндама жасаған. Баяндамада ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылды.

Баспасөздер сол күндері жиында айтылған «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген Әбіш Кекілбаевтың, «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деп өз ойын тұжырымдаған Мархабат Байғұттың сөздерін жария етіп жатты. Біреу білсе, біреу білмес, Елбасы Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы осы Ордабасыда айтқан болатын.

Көзі қарақты оқырман хабардар шығар, Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер-ана» монументі 2009 жылы бой көтерген. Биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метр. Онда Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің дана сөздері мен Елбасының тілегі жазылған.

Жалпы, бұл алаңның һәм қанатты сөздердің ерекше мәні бар. Себебі, атақты үш биіміздің көшелері осы Ордабасы алаңында түйіседі. Сондықтан да Ордабасы алаңының тарихи мән-маңызы құнды әрі орны айрықша.

Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Монументте қашалып жазылған Мемлекет басшысының сөзі латын тілінде қайта жазылды. Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады.

ОРДАБАСЫ – ЕЛ ЖҮРЕГІ, ЖЕР КІНДІГІ

Жоғарыда үш елдің басшысы қасиетті Ордабасы жерінде бас қосқанын айтып өттік. Қосымша дерек-дәйек ретінде қысқаша тоқталып өтсек, артық болмас. Халқымыздың басын біріктірген киелі тауда Президент үш бидің рухын мәңгі құрметтеу үшін монумент орнату жөніндегі қойылған белгітасты ашып берген еді.

1997 жылы көктемнің алғашқы айында «Бірлік» монументінің құрылысы басталып, оған облыстағы бірнеше мекеме мен қолынан іс келетін азаматтар көмек қолын созды. Сол жылдың 19 қыркүйегінде ескерткіштің ашылу салтанаты болып, оған Елбасының өзі қатысты.

«Бірлік» монументінің биіктігі 28 метр болса, төменгі шеңбер диаметрі сегіз метрге жетеді. Ескерткіштің үш бұрышындағы стелалар ақ мәрмардан жасалған, олар үш бидің тұлғасын білдіреді.

Оның батыстағы қыры Сырдарияға, солтүстік қыры Қаратау тауларына, ал оңтүстік-шығыс қыры болса киелі Қазығұрт тауларына қарай бағытталған. Ескерткіштің әр бетінде Төле, Қазыбек, Әйтеке айтып кеткен ұлағатты сөздер тасқа қашалып, жазылған.

Монументтің ортасына бекітілген шаңырақ бар. Сол шаңыраққа «Ынтымағымызға көз тимесін» деген ниетпен тұмар ілінген. Ал төменірек тұрған шашбау-сылдырауық «Ел мен жерімізді қорғаңдар, құлақтарың әрдайым түрік жүрсін» деген ұлы билердің ескертпесі секілді.

«Жүзге бөлінбей тұтас мемлекет болсақ» деген мағынада монументтің төбесінде хан қалпағының бейнесі бар. Бұл Бірліктөбе теңіз деңгейінен 530 метрдей биіктікте жатыр, сол себепті де монумент жүздеген шақырымдардан көзге шалынады. Монумент алдындағы алаңда Елбасының «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген сөзі жазылған тұғыртас бар.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірліктің бастауы болған Ордабасы тауының биігіне бүгінде үш бидің ескерткіші орнатылуда. Жоба аясында үш би ескерткіші мен келушілер үшін жаяу жүргіншілер және автомобиль жолдары салынатын болады. Осылайша тарихи аймақ жаңғыртыла отырып, туристер келіп тамашалайтындай абаттандырылған орынға айналмақ.

Үш бидің ескерткіші қорықтың ең биік нүктесіне орнатылмақ. Нысанның биіктігі 17 метр. Жалпы қорық аумағында жоспарланған жобалау жұмыстары 85,9 гектарды қамтиды.

Оның ішінде жаяу жүргіншілерге арналған жол ұзындығы 2415,4 метрді, ал автомобиль жолының ұзындығы 3129,5 метр. Сонымен қатар, жобаның екінші кезеңінде мұнда этноқалашық, музей мен амфитеатр салу жоспарлануда.

 

Нұржан Қатаев, «Ордабасы» футбол клубының президенті:

Svoj-pervy-j-yubilej-otmechaet-novy-j-nachal-nik-gorodskogo-upravleniya-sporta-i-fizicheskoj-kul-tury-Nurzhan-Kataev

«Ордабасы» атауы жеңіске жетуге жігер береді

– Ордабасы – Қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы болған. Бұл тарихи жағынан маңызы жоғары символ. Қазір ел арасында «Ордабасы» командасының атауы өзгере ме, әлде осы күйінде қала ма деген сауалдардың туындап жатқанын естіп қалып жүрміз.

Дегенмен, Ордабасы атауы – бір ауданға ғана тиесілі емес, ол күллі қазақ халқы үшін өте қасиетті ұғым. Сондықтан әзірге команда атауы өзгермейді, өзгерту туралы мәселе көтеріліп те жатқан жоқ.

Білесіздер, «Ордабасы» биыл Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Чемпионатты да сәтті бастап, екі рет жеңіске жетіп үлгерді. Алдағы бәсекелерде ойыншыларымыз күш біріктіріп, жанкүйерлердің үмітін ақтауға тырысады.

Сіз білесіз бе?

Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында «Жер-ана» монументі 2009 жылы бой көтерген. Биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метр. Атақты үш биіміздің, яғни Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің көшелері осы Ордабасы алаңында түйіседі.

Ордабасыға тікелей қатысты тағы бір жақсы сөз бар: «Бұл қазақ бөлініп те көрген, бірі:гіп те көрген. Бөлінгені – Ақтабан, біріккені − Ордабасы». Осынау дуалы сөздің түбінде тұнған тарих жатыр.

Ордабасы тауында жүргізілген соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде тау айналасынан 2500 жыл бұрын жерленген сақ тайпаларының ұлы көсемдерінің бейіттері табылған. Бұл киелі таудың бұл күндері ғана емес, сонау сақ дәуірінде де ерекше маңызға ие болғанын көрсетсе керек.

Ордабасы тауында тағы да көзге түсетін ерекше дүние бар. Ол – 1993 жылы қойылған тайқазандар. «Бір үйдің балалары секілді бір қазаннан ас ішейік» дегендей, тайқазан халықты татулыққа үндейді.

Последнее изменение Среда, 20 Март 2019 09:14
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.