Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентті дамыту жобаларымен танысты Избранное

Среда, 27 Март 2019 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3928 раз

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесінен соң ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мегаполиске іс-сапармен келді. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, жаңа «Shymkent city» ауданының жобасы мен әуежайдың жаңа терминалын көрді.

Ескі қалашық, Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және Тұран шағынауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты.

cc827818466c1f08dd2801bf8e733146

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына келді. Онда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жобаларды таныстыру барысында Қасым-Жомарт Кемелұлына қалада бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлер көлемін атап өтті.

– Үшінші мегаполистің жаңа шағынауданы – «Shymkent city» жобасы аясында 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу, ал Қошқар ата өзені аумағында көпқабатты 32 тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған, – деді Ғабидолла
Рахматоллаұлы.

Айта кетсек, 20,5 гектар аумақты қамтитын әкімшілік-іскерлік орталық заманауи инфрақұрылымымен, өмір сүруге және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалуымен ерекшеленеді, сондай-ақ қала құрылысы мен сәулетінің қазіргі стандарттарына сай келеді. Қаланың жаңа ауданында жалпы аумағы 201,2 мың шаршы метрді қамтитын 2 990 пәтерлі 47 үй салу жоспарлануда.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дайын өнімдерін көріп, тоқыма өндірісіндегі жіп иірудің, өңдеудің және тігін тігудің технологиялық үдерісімен танысты. «Азала Текстиль» фабрикасында бүгінде 650-ден астам адам еңбек етеді.

Олар нарыққа көрпе мен жастық тысы, сүлгі мен жаймалар, тұрмысқа қажетті тоқыма бұйымдарын шығаруда. Кәсіпорында айына 500 тонна мақта өңделіп, одан 1,5 миллион метр мата тоқылады.

DSC 2917

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейтін өндірістік кәсіпорындар жөнінде мәлімет берілді. Олардың қатарында «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем өнімдері фабрикасы, «Әлем-БТ» ЖШС-нің шұлық фабрикасы, «ПК «АГФ Групп» ЖШС-нің конвейерлі тігін фабрикасы, «СП «Lux shoes» ЖШС-нің аяқ киім фабрикасы, «Tumar Textile» ЖШС-нің орамалдар мен халаттар тігетін фабрикасы және басқа да кәсіпорындар бар.

Үшінші мегаполиске сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі жаңадан ашылған заманауи клиниканың жұмысымен танысып, дәрігерлер бөлмелерін аралап көрді. Шымкентте баламасы жоқ бірегей медициналық құрылғысы бар орталықта тұрғындарға медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. «MEDIKER 4K» ЖШС емханасы «Медикер» республикалық емханалар желісінің филиалы саналады.

Бұл мекеме цифрлық медицина, диагностика және спорттық медицина сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Клиникада, сондай-ақ, Шымкенттегі алғашқы спорттық медицина орталық жұмыс істейді. Мұнда кәсіпқой спортшылар дайындық пен оңалту процедураларынан өте алады. Клиника жетекшілерінің айтуынша, мұнда тәулігіне 500-ге дейін адам қабылдай алады.

Осы іс-сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылыққа алдағы мақсат-міндетін баяндап, жоспарларымен де бөлісті.

– Бүгін жұмыс сапарымен Түркістан облысы және Шымкент қаласында болдым. Онда жұртшылық өкілдерімен жоспарларымды бөлістім. Алда атқаратын қыруар жұмыс тұр. Сабақтастықты сақтау, әділеттілікті қолдау және ілгерілеуді қамтамасыз ету – ең басты міндетіміз, - деп жазды Мемлекет басшысы Твитердегі парақшасында.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жұмыс сапарын күллі Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын қасиетті Түркістан шаһарынан бастаған болатын. Онда өңірдегі атқарушы орган басшыларымен, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Президент осы жиында қоғамдағы негізгі мәселерерге тоқталып, сабақтастық, әділеттілік, ілгерілеу ұстанымдары бойынша жұмыс істейтінін айтты.

– Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланады.

Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық.

Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі, - деген Президент жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге бюджет қаржысын үнемдеу, ол үшін имидждік іс-шаралар мен жиындарды азайту туралы ескертті.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.