Тұңғыш балалар жәрмеңкесі Избранное

Среда, 03 Апрель 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2849 раз

Шымкентте балаларды кәсіпкерлікке баулу жұмыстары басталды. Мегаполисте алғаш рет «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен балалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

DSC 5139

Арбатта өткен жәрмеңкеде 6-14 жас аралығындағы 100-ге жуық жеткіншек өздері жасаған тауарлары мен бұйымдарын ұсынды. Солардың бірі - Марсел Ділдабаев анасымен иіс сабын қайнатуды үйреніп жүр. Жәрмеңкеде өзі жасаған сабындарды сатуға болатынын естігенде тіптен қуанған.

– Сабыннан әртүрлі жемістің иісі шығады. Келе сала екеуін сатып үлгердім, - деді балақай.
Жәрмеңкенің мақсаты - балаларды кәсіпкерлікке баулу. Осылайша олар бір күн бойы өздерін кәсіпкер ретінде сезініп көреді.

– Балаларды кәсіпкерліктің негізіне үйретуді мақсат етіп отырмыз. Мұнда олар кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысады, еңбекті бағалауға, қадірлеуге үйренеді әрі жұмыс істеуге қызығушылығы оянады.

Бұл жеткіншектердің өрісін шығармашылық әрі бизнес жағынан бірге дамытатын жоба. Мұндай жәрмеңкелер әлемнің 100-ден астам елінде өткізіледі, – деді «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкені аралап көріп, балалардың еңбегімен танысты. Б.Нарымбетов жәрмеңкеде алғаш болып 7 жасар Арина мен 9 жасар Әлімжанның қолөнер бұйымдарын сатып алды.

Айта кетейік, Қазақстанда бірінші болып Шымкентте өткен жәрмеңкеде балалар 225 мың теңге табыс тапты. Олар бұл қаржының 10 пайызын «Жануарларға арналған екінші үй» қайырымдылық қорына аударды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.