Шымкентте күзде 1260 пәтер беріледі Избранное

Пятница, 03 Май 2019 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2721 раз

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша қараша айында 1260 пәтер беріледі. Бұл туралы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру бойынша өткен Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.

DSC 4200

Кеңес төрағасы Дәурен Ахметов жүргізген кеңесте қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті сала өкілдері баяндады. Бүгінде бес бастама аясында Шымкент қаласы бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілген.

Үндеудің бірінші бастамасы – әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.

Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, қазіргі таңда Шымкентте 132 үй салынуда (6513 пәтер, 578,2 мың ш.м.).

Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен – 75, жеке салушылар есебінен – 49, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 8 үй салынуда.

Сала жетекшісі өз сөзінде күні кеше «Шымкент-Сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 арендалық коммуналдық үйдегі пәтер кілттері табысталғанын, оның ішінде 177 пәтер көпбалалы отбасыларға берілгенін атап өтті.

– Жалпы қала бойынша тұрғын үй кезегінде 37 мың 925 азамат тұр. Тиісінше, шаһарда тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Елбасы тапсырмасы аясында «7-20-25» бағдарламасын іске асыру және жандандыру бойынша іс-шара жоспары дайындалып, Шымкент қаласы тұрғындарына аталған бағдарлама аясында тұрғын үй алу талаптарын, тетіктерін түсіндіру мақсатында қаладағы ірі мекемелерде кездесулер, жиындар өтуде.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан кредиттік 246 пәтерлік 5 үйді осы бағдарлама бойынша сату жоспарлануда, - деді Мәлік Әбдінұров.

«Баспана ИҰ» АҚ аймақтық директоры Қасымбек Мәліков Шымкент қаласы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында 4,5 млрд теңгеге 450 өтінім қабылданып, 2,4 млрд теңгеге 239 өтінім мақұлданғанын айтты.

– Шымкенттегі Халықтық кеңседегі ақпараттандыру орталығында «7-20-25» бағдарламасы түсіндірілуде. Десе де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.

Бұл бағдарлама – халықты баспанамен қамтудағы Елбасының тікелей тапсырмасы. Бағдарламаның орындалуы бойынша Шымкент қазір 8-орында тұр. Кідіруіне басты себеп – дайын үйлердің аздығы. Дегенмен, «Баспана ИҰ» АҚ еліміз бойынша 150 млрд теңге бағыттаған болатын.

Осы қаржының 10 млрд теңгесін Шымкент қаласына бөлді. Қала әкімдігі бұл қаржыны «Шымкент» ӘКК бағыттап, қазір қалада «7-20-25» бағдарламасы бойынша 24 үй салынуда. Осы күзде, яғни қараша айының басында ол үйлер (1260 пәтер) беріле бастайды, - деді «Баспана ИҰ» АҚ аймақтық директоры Қасымбек Мәліков.

Екінші бастамаға тоқталсақ, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бағытында ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз немесе 63 125 теңгеден төмен жалақы алатындарға қолданады. Бұл өз кезегінде 26 868 қала тұрғындарының отбасылық әлеуметтік жағдайына қолайлы әсер етеді. Айта кету қажет, 2019 жылы қала бюджетіне жеке табыс салығынан шамамен 415,3 млн.теңге кем түседі.

Үшінші бастама – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазіргі таңда қалада 10 жоғарғы оқу орны мен 29 колледжде 106 636 студент білім алуда. Оның ішінде 6 614 студент жатақханамен қамтылса, 8 050 орынға қажеттілік туындап отыр (ЖОО – 6 400 орын, ТжКБ – 1 650 орын).

Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын Шымкент қаласында іске асыру, яғни студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мақсатында келесі шаралар қабылдануда.

Біріншісі - 2018 жылы жеке кәсіпкерлер мен «Қаржы орталығы» акционерік қоғамы арасында 350 және 200 орынды жатақхана құрылысын салу бойынша келісім-шарттар түзіліп, биыл сәуір айында құны 1 млрд 5 млн теңге болатын, 3 қабатты, 350 орынға арналған жатақхана құрылысы жеке кәсіпкер Қайыпованың есебінен салынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді.

Ал құны 700 млн теңгені құрайтын, 7 қабатты, 200 орынға арналған жатақхана құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады.

Екінші - Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының өз қаржысы есебінен қолданыстағы оқу ғимаратын 450 орындық жатақхана етіп қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға тапсыру 2019 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Үшінші - «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының инвестициясы есебінен 2 500 орынға арналған 8 жатақхана салу үшін әкімдік тарапынан «Шымкент-Сити» шағынауданынан 2,5 га жер учаскесі белгіленіп, құрылыстың жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Одан бөлек жекеменшік инвестиция есебінен жатақхана салу мақсатында Тұран шағынауданынан 4 га жер учаскесі белгіленді.

Төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту бағытында да Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты екінші бағыты шеңберінде Шымкент қаласына 618,1 млн теңге қарастырылып, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен Шымкент қаласының әкімдігінің арасында үш жақты келісім-шартқа қол қойылды.

Елбасының бесінші бастамасы – елдімекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Шымкентте табиғи газ жүйесімен қала тұрғындарының 91,6 пайызы қамтылған. Қалған 8,4 пайызына газ жүйелерін жүргізуді қажет етеді. 2019 жылы 2 жобаның құрылысы жоспарлануда.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.