Версия для печати

Жатақхана мен мектеп тиімді бизнес пе?! Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2847 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Алдағы он жылдықта еліміздегі мектеп бітіруші түлектер 500 мыңға жуықтайды. Ал білім ошағының табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің көрсеткіші тиісінше бірнеше есеге өспек. Бұл болжамды ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Қаржы орталығының өкілдері келтіріп отыр. Яғни, студенттердің жатын орны мен оқушы орындарының тапшылығы жыл санап артады деген сөз. Бұл ретте «білімге құштар осыншама жастың мәселесі қалай шешіледі?» деген сауал алдыңнан кесе-көлденең шыға келетіні рас.

 DSC8627

8 жылға - 152 миллиард теңге

Жыл сайын жаңа оқу жылы басталғаннан студент үшін жанды ауыртар мәселе – жатақхана «жыры» басталады. Ал бүгінгі студенттің басты мақсаты сапалы білім алу болса, ата-ана баласының білімді, білікті азамат атануын қалайды. «Қалауын тапса, қар жанар» деген бар. Ендігі кезекте аталған олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы орталық құрылып, жаңа әлеуметтік нысандарды салуды бастап кетті.

Аталған орталықтың өкілдері үшінші мегаполиске де табан тіреп, 11-12 қыркүйек күндері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының алаңдарында «Road Show» форматындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Онда ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, Студенттердің жатақханаларға операторлық ету бойынша департаментінің директоры Біржан Алимжанов, Білім беруді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін дамыту департаментінің сарапшысы Балжан Әлбиева білім беру ұйымдарының мамандары мен мүдделі кәсіпкерлерге студенттер жатақханалары мен жеке меншік мектептер құрылысы кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі бойынша кеңестер беріп, екінші тараптың сұрақтарына жауап берді.

– Жатақхана мәселесі шынында да өзекті. Зерттеп зерделей келе елімізде 90 мың жастың жатақханаға мұқтаж екенін анықталды. Негізгі сұраныс ірі қалалар мен мегаполистерде тіркеліп отыр. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында республика бойынша ең көп студенттер шоғырланған. Елордада жатақханаға зәру 17 мың студент бар болса, Алматы қаласында бұл көрсеткіш 31 мыңға тең.

Ал үшінші мегаполисте білімгерлерге 8400 жатын орын қажет. Бұл – әртүрлі жоғарғы оқу орындары мен колледждерді қоса алғандағы көрсеткіш, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ Студенттердің жатақханаларға операторлық ету бойынша департаментінің директоры Біржан Алимжанов.

Біржан Нұржанұлының айтуынша, кәсіпкерлерге осы мәселені шешу арқылы өз бизнесін жүргізуге мемлекет тарапынан мүмкіндік қарастырылып отыр. Ол үшін қомақты қаржы бөлінеді. Жалпы 2022 жылға дейін 75 мың орын жатақхана салу үшін мемлекет тарапынан 152 млрд. теңге қарастырылып отыр.

– Жеке кәсіпкер, үлкен құрылыс компаниялары, оқу орындары өз қаражаты есебінен жатақхана құрылысын жүзеге асырады немесе қайта жабдықтау арқылы іске қосады. Студенттер орналасқаннан кейін жаңадан салынған жатақханадағы әрбір орынға мемлекет тарапынан жыл сайын 122 АЕК, ал қайта қалпына келтіру жұмысына 47 АЕК көлемінде қаржы белгіленеді. Кәсіпкерге осылай мемлекеттік тапсырыс аясында 8 жыл көлемінде ай сайын қаржы аударылып отырылады.

Айта кететін жағдай, студенттердің жазғы демалыс кезіндегі аралық уақыт есептелмейді. Яғни, 9 ай бойы тиісінше қаражат кәсіпкерге келісім бойынша төленеді. Оған жалдау ақысын қосыңыз. Тапсырыс беруші ҚР Білім және ғылым министрлігі болса, «Қаржы орталығы» АҚ операторлық жасайды. Жатақхана пайдалануға берілгеннен бастап 20 жыл мақсатты түрде шектеу қойылады. Ол дегеніңіз, кәсіпкер мемлекеттік тапсырысты орындап болған соң да ұзақ мерзімде өз кәсібін одан әрі дөңгелетуі тиіс, – деді Б.Алимжанов.

Биыл орталықтың бастамасымен 60 жоба келісім-шарт негізінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде 47-інде жеке кәсіпкерлер өтініш білдірген. Шымкентте жалпы 600 орындық 2 жатақахана ашылса, 241 орындық тағы бір студенттер үйінің құрылысы бітуге жақын. Қосымша екі нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Жеке мектептің жағдайы қалай?!

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі Үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру және оқушы орындарының тапшылығын азайту мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде елімізде 200 мыңға жуық оқушы орын тапшылығын сезінуде.

Шымкентте де бұл мәселені шешу жолында біраз жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда шаһардағы 19 мектеп үш аусымда білім береді. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған балақайлардың саны да жыл санап артып отыр. Шешім біреу – жеке меншік мектептер санын арттыру. Осылай білім сапасы мен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге болатыны нақтыланған.

– Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш аусымды оқытуды және жергілікті жерлердегі оқу орындарының тапшылығын жоюды тапсырған болатын. Бұл бүгінге дейін мемлекет есебінен құрылыс салу арқылы шешім тапқан. Алайда құрылыс қарқыны демографиялық және көші-қон процестерімен қатар жүріп жатқан жоқ. Осы мәселені ретке келтірудің бір жолы – мемлекеттік тапсырыс аясында жеке сектордан мектеп салу болып отыр. Мұның барлығы заңды түрде қарастырылған.

Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізгенге дейін бізде 121 мектеп болса, қазір 25 білім ошағы аталған жоба арқылы қосылып отыр. Оның ішінде Шымкентте 3 мектепті атап өткен болар едім.Жалпы оқу жылының соңына дейін 23 жеке мектеп ашылады деп күтілуде. Оның 6-ы Шымкенттен бой көтермек.

Инвесторлар мектепті өз қаржысы есебінен салып, мемлекетпен келісім-шартқа отырады. 96 АЕК мектепке кеткен шығынды өтеу бойынша төленеді. Егер біз орташа норматив көлемі жайлы айтсақ, ол бір оқушыға орта есеппен жылына 224 мың теңге төленеді, – дейді Балжан Шойынқарақызы.

Екі күндік іс-шаралар нәтижесінде аталған орталыққа 10-нан аса кәсіпкер мен компания қызығушылық танытқан. Деседе жер телімдерін бөлу, қолданыстағы ғимараттарды қайта жабдықтауға байланысты әлі де бірқатар сұрақтар мен мәселелердің бар екенін сала мамандары жасырмады.

Міне, 2023 жылға қарай еліміздегі оқу орындарының тапшылығы мен студенттер жатақханасының мәселесін азайтуға бағытталған жоба өз нәтижесін бере бастады.