Саябақпен бірге көктеген 40 жыл

Среда, 20 Ноябрь 2019 03:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2361 раз

Ғ ұлама ойшыл Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы» трактатында кез келген нәрсеге шын көңіл білдіріп, шынайы таңдау жасап, талаптанып жетуге болатындықтан кез келген қалада бақытқа қол жеткізуге болады дейді. Қайырымды қалада бақыт адамдар, мейірімділік, әділдік және әдемілілік арқылы жүзеге асырылады деген гуманистік ойын ұсынып, оның жүзеге асуын аңсайды.

dendropark-shymkent2

Әл-Фарабидің Қайырымды қала ілімін Шымкентпен шегендестіруді ұсынған қала әкімі Ерлан Айтахановтың осы тұрғыдағы идеясы шындығында құптарлық. Бақытты еңбектен, өз ісіне адалдық пен жауапкершіліктен тауып жүрген қарапайым, тіпті бір қарағанда елеусіз жандарды алыстан емес, өз ортамыздан-ақ табамыз. Сондай «елеусіз» жандардың бірі Қырықбай есімді азамат.

Қырықбайды күнде көреміз. Таң атар-атпаста, күн құлан иектеніп шығар-шықпаста, ел орнынан тұрар-тұрмаста. Таңертеңгілік бой жазуға бара жатқанымызда. Дендросаябақта, Асанбай Асқаров атындағы... Сыпайы да, сырбаз азамат.Сәлемі түзу, жүзі жылы, көп сөзге жоқ. Күзетші.

Жуырда Қырықбайдың қызметтесі әрі әріптесі Марат Танабаевтың әңгіме арасында «адал несібесін еңбектен тауып, өмірдегі жетістігіне кеуде қақпайтын, адами қасиеттерін бойында бойтұмардай сақтап қалған, ортаға сыйлы қарапайым еңбек адамдарының бірі әрі бірегейі біздің Қырықбай» дегені бар. Елең ете қалдық.

«Мына біздің дендросаябағымыздың құрылғанына биыл тұп-тура 40 жыл. 1979 жылдың 7 қарашасында сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің біріңші хатшысы Асанбай аға Асқаровтың өзі салтанатты түрде ашып, алғашқы шынар ағашын отырғызған. Ол ағаш қазір зәулім бәйтерек болды.

Айналасы Тұңғыш Президент Елбасымыздан бастап осында ресми іссапармен келген Түркия, Финляндия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Президенттерінің және көптеген белгілі қоғам қайраткерлері мен шетел делегациялары еккен шағын орманға айналды. Міне, осы тарихи табиғат тәбәрігін қырық жыл бойы аялап, көздің қарашығындай күтіп баптауда біздің Кырекеңнің еңбегі ересен. Ол күні кешеге дейін осы саябақта су мұрабы (гидротехник) болып жұмыс істеді. Соңғы кезде денсаулығына байланысты күзетшілікке ауысты, – дейді Марат.

20191105 104436

Біз қаламыздың ең көрікті демалыс орнында қырық жыл үздіксіз еңбек ететін Қырықбаймен қырық жылдығын тойлап жатқан, дендросаябаққа кіре беріс қақпаның алдында жақынырақ таныстық. «Қырықбай...қырық жыл...қызық екен» дедік. «Мына ағаштың отырғызылғанына да қырық жыл. Сібірдің көгілдір шыршасы» деп аталады. Менің тұңғыш балам сияқты» деген Қырықбай қырық жыл бойы баптап келген шыршаның жайқалған жапырақтарына мейірлене көз тастады. Кейіпкеріміздің жүзінен өз кәсібіне шын берілгендігі, мамандығына адалдығы айқын сезіліп тұрды.

Иә, «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, бүгінде алпыс жастың асқарына шыққан Қырықбай Тұрғынбаев табиғаты талайды тамсандырған Түлкібастың орталығы Т.Рысқұлов ауылында туып өсті. Дауан атындағы мектептің 8-сыныбын бітірген соң Ванновкадағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түсті. Мамандық алып шыққан оны жолдамамен Ақтөбе облысындағы Мұғаджар кеңшарына жіберді. Жас маман азын -аулақ тәжірибе жинақтап елге оралды.

Қазіргі А.Асқаров есімімен аталатын «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК- да еңбек етіп келеді. Аға техник, бригадир көмекшісі, механик, инженер гидротехник болып істеп, демалыс аймағының көзге көрікті, денге дауа, жанға сая болуына аянбай атсалысты. Кезінде қаланың күл- қоқысы үйіліп жататын қу дала бүгінде хош иісті, жасыл желекті ну орманға айналған.

Иесіз жабайы жер тегістеліп, жағалай су жүйелері жүргізілді. Сонау Сібірден, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикалары мен Алматыдан әкелінген 560 түрлі ағаш көшеттері егілді. Қазіргі таңда саябақ аумағында 100 000- ға тарта сирек кездесетін ағаш бұталарының 261 түрі жайқалып тұр. Міне, осынау қыруар шаруаның жүзеге асуында Қырымбек пен оның әріптестерінің қолтаңбасы қомақты.

«21 жасымда осында келіп жұмысқа орналастым. Өткен қырық жылда саябақты 14 басшы басқарыпты. Алғашқы жылдары мекемені басқарған Қасым Асанов дейтің іскер азамат жоқтан бар жасады. Штатта небәрі төрт-ақ адам – басқарушы, бригадир, жұмысшы, аға техник болған екен Мен бесінші, яғни гидротехник болып қабылдандым. Қазірде бүгінгі директорымыз Бейбіт Мошқалов басқаратын ұжым қатары 150 ге жетті» – дейді Қырекең.

Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының ең көрікті әрі саялы демалыс орны саналатын бұл дендросаябақ Қырықбай замандастың құдды бір екінші отбасына айналып кеткендей көрінді бізге. Ғұмырының үштен екісі осы мекемеде өте шықты. Екінші отбасы дейтініміздей де бар, Қырекең өзінің болашақ жарын да осы саябақтан тапты.

1982 жылы кассада істейтін Қасқасудың керім қызы Зинакүлмен көңіл жарастырып, отау құрды. Зинакүл де зейнетке шыққанына қарамастан ұжымда еңбек етіп келеді. Екеуі Қайрат және Айгүл есімді ұл-қыз өсіріп, олардан сегіз немере көрген бақытты ата-ана атанып отыр. Бүткіл саналы ғұмырын адал еңбекке сарп еткен нағыз еңбекторы Қырымбек Тұрғынбаевтың ұжымда абыройы биік, сый құрметі жоғары. Сондықтан да болар, ол 2013 жылы екінші дәрежелі Еңбек даңқы орденімен марапатталды.

...Міне, Қырықбай күнделікті дағдымен кезекті кезекшілігіне келді. Күн – демалыс. Қала халқы саябақты саялауға нөпір-нөпірімен келіп жатыр. Көбі көзтаныс. «Сәлеметсіз бе, Қырықбай ағай», «Қайырлы таң, Қыреке»... Осындай жылы жүзді сәлемдесуден кейін Қырықбайдың көңілі көктем. «Абырой жинағаннан асқан бақыт жоқ екен ғой. Маған бұдан артық не керек» деп шүкіршілік етеді. Азамат!
Міне, бұл да қайырымды қаланың қайырымды тұрғындарының біз білген бір дидары.

Ертай БЕКҚҰЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.