Істі болған дәрігер, жастар мәселесі және басқарма басшысына сын... Избранное

Среда, 04 Декабрь 2019 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3624 раз

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, танымал трансплантолог, бірінші санатты хирург Абылай Донбайдың ісіне қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдамақ. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында төраға, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбай мәлімдеді.

301

 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тимурхан Варзилов әуелі 10 айдың жұмысы туралы баяндама жасады. Осы тұста Қоғамдық кеңес мүшелері белгілі трансплантолог Абылай Донбайдың ісіне байланысты қандай әрекеттер жасалғаны туралы сұрады.
– Бізде ондай білікті трансплантологтар көп емес. Абылай Донбай дәрігер ретінде өз жұмысын істеген. Ешкімді мәжбүрлемеген. Дәрігер-трансплантолог болғандықтан екі адам нотариуспен бекітілген өзара құжаттары негізінде, оның қызметіне жүгінген. Дәрігер өз қызметін көрсетті. Ол пациенттердің жеке өміріне қол сұға алмайды, тек келісімдерін дәлелдейтін құжат негізінде трансплантация жасайды. Біз күніне қаншама адамның өмірін сақтап қалуға себепші болып жүрген мұндай білікті мамандарымызды қорғауымыз керек, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Н. Бұхарбай.
– Кәсіби маман ретінде медицина саласында өзіндік орны бар дәрігер Абылай Донбайдың «адам органдарын заңсыз ауыстырды» деген айыппен ұсталғаны, шыны керек, біз күтпеген жайсыздық еді. Оның біліктілігіне күмән жоқ. Сондықтан Абылай Әбдіжаппарұлының дәрігерлік қызметі туралы мәліметтерді алға тарта отырып, оны қорғауға дәлел болатын барлық мәліметтерді ұсынатын боламыз, – деді Т.Варзилов.
Қоғамдық кеңес отырысында бұдан өзге, ақысыз дәрі-дәрмекті беру, бюджетке заңға сәйкес ұсыныстарды толық ұсыну тақырыптары да қозғалды.
Күн тәртібінде жастарды баспанамен қамту мәселесі де қаралды. Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, тұрғын үйге өтінім берген жастардың саны мыңға да жетпеген.
– Тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге жалға беруге 25-29 қараша аралығында құжат қабылданды. Алайда, 5000 шамасында жастар қатысады деп күтілгенімен, 5 күнде 700-дей ғана жас құжат тапсырып үлгерді. Сондықтан ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткішті құрайтын жастардан жеңілдетіп жалға берілетін пәтерге демалыс күндері де құжат қабылданбақ, – деді Ж.Қалтаев.
Жандос Төлембекұлының айтуынша, 29 жасқа дейінгі жастар үйленген болса, толық отбасылық табыс есептеледі. Яғни, ерлі-зайыпты екеуінің айлығы 101 мың теңге болса, жеткілікті.
Сондай-ақ, жас отбасы сәбилі болса, оған да ұпай қосылады.
Ж.Қалтаев Қоғамдық кеңес мүшелеріне тағы бір өзекті мәселені жеткізді. Миллионды қала Шымкент халқының үштен бірін құрайтын жастарға бір ғана Жастар ресурстық орталығы қызмет ететінін айтып, қаладағы әр ауданнан бір-бір орталық ашу туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, басқа өңірлерде әр ауданда жастар ресурстық орталығы қызмет етеді. Ал іргелес отырған Түркістан облысының кейбір аудандарында жастардың саны 55 мыңды құрайды және олар үшін қызмет ететін орталық бар.
Айта кетейік, жиын барысында ағымдағы жылдың 10 айлық есебін баяндаған Жер қатынастары басқармасына Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бақтыбайұлы орынды сын айтты. Баяндамашы Берік Әшірбеков бұл сынға уәж ретінде аталған басқармаға басшы болып келгеніне 29 күн болғанын алға тартқан-ды.
– Сіз 29 күннің есебін беруге келдіңіз бе, әлде 10 айдың есебін тыңдаймыз ба? Жер қатынастары басқармасы алдыңғы отырыста келуі тиіс болатын. Қалаған уақыттарыңызда келетіндей Қоғамдық кеңес сіздерге ойыншық емес, – дей келе, Н.Бұхарбай бұл мәселеге орай қоғамдық кеңеске ресми түрде жауап беруді талап етті.
Берік Әшірбековтің айтуынша, бүгінде жер кезегінде тұрған шымкенттіктердің саны 119 мыңнан асқан.

Последнее изменение Понедельник, 09 Декабрь 2019 07:14
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.