Версия для печати

Бағыныштысы пара алса, басшысы қызметтен кетеді Избранное

Среда, 25 Декабрь 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3327 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қала әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және алдын алу бойынша мәжілісі өтті. Жиында таяуда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, талқыға түсті. Бұдан былай мемлекеттік және саяси қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп отыр.

80051359 2404322663214019 6386845428347830272 o

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтың мән-маңызына тоқталып, оның мемлекетіміз үшін өте маңызды шешім екенін атап өтті.

– Елімізде тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заң аясында бекітіліп отыр. Бұл заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Сонымен қатар, заңда басшылардың бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті екені көрсетілген. Енді басқарма, департамент басшылары осы маңызды шешімді ұжымда түсіндіру жұмысын жүргізуі керек, – деді қала әкімі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали бұл бағытта кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндады. Оның айтуына қарағанда, бұдан былай саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, міндетті түрде отставкаға өтініш беруі тиіс.

Бұл заң бойынша басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті. Ал міндет орындалмаған жағдайда басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Жалпы, аталған заң мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін көтеруге бағытталған. Департамент басшысының орынбасары Талғар Серікбаев қала активіне Заңның ережелерін жан-жақты түсіндіріп берді.

Жиында әкімдік тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар зерделеніп, нақты бағдар түзілді. Қала әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша сапалы жұмысты қамтамасыз етуді, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер арасында заңды кеңінен түсіндіруді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласын ерекше бақылауға алуды тапсырды.