«Аралтұз» Қытайға сатылған жоқ! Избранное

Среда, 22 Январь 2020 03:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3326 раз

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде YouTube хостингінің «Нағыз қазақ» арнасында «Аралтұз» өнімінің сапасына қатысты видеожазбасы жарияланды. Онда автор тұз құрамында адам денсаулығына зиянды қоспа барын, ас тұзын Қытай инвесторлары шығарып жатқанын айтып, өнімді алмауға үндеді. Оны тамашалаған бәзбіреулер хабардың рас-өтірігіне қарамай, өре түргелді. Көпшілікті «Аралтұзын» тұрмыста тұтынбауға шақырды.

1443674744puq6b

 

Тұзсыз астың дәмі жоқ. Қазақ тұзды ерекше қастерлейді. Ал жалған ақпарат пен видео қауесеттің ақыры емес. Осыдан 7 ай бұрын, маусым айында байқоңырлық азамат ватсап желісінде негізгіз хабар таратқан еді.

Оның Арал ауданы Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» кәсіпорнына қатысты бейнеүндеуі көпшілікті бейжай қалдырған жоқ. Бейнежазба авторы: Менің саясатқа, ұйымдарға қатысым жоқ. Көріпкел де емеспін. Қарапайым адаммын. Мен қорқынышты түс көрдім. Соны халықпен бөліскім келеді. Өйткені бұл жағдай Қазақстанның болашағына қатысты деп ойлаймын. Арал ауданының Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» кәсіпорнының Қытайға сатылғанынан хабардарсыздар. Адам тұзсыз тамақ ішпейді.

Ал ас тұзында белсіздік пен түрлі ауруларды қоздыратын қоспалар арқылы бір ғасырда қазақ халқын оқсыз жер бетінен жойып жіберетіні жөнінде хабар келді», - деп елді әбігерге салғаны бар. Түсін «Алланың аяны» деп, халықты аң-таң қалдырады. Не керек, автор да, ақпарат та зерттелді. Зерделенді. Еліміздегі тұз өндіретін ірі кәсіпорынның жұмысын жоққа шығарған азамат заң алдында жауапқа тартылды.

«Аралтұз» АҚ – индустриялық бағдарламаның белсенді қатысушысы. Мемлекеттік бағдарлама аясында 500 жаңа жұмыс орнын ашып, 1200-ге тарта жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Сол дақпырытты «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуесханов та жоққа шығарды. Бейнежазба авторының кәсіпорынға ешқандай қатысы жоқ екенін, мұнда жұмыс істемегенін жеткізген болатын. 90 жылдық тарихы бар ас тұзын өндіретін ірі өндіріс орнының ел экономикасында елеулі орны бар. Вице-президент тұзды комбайнмен көлден қазып алатынын, оны вагондармен кәсіпорын аумағына әкеліп жинайтынын, өңдеу жұмыстарының жүргізілетінін тәптіштеп түсіндірген.

«Елімізде сатылатын тұз түгел йодталған. Біздегі лаборатория қызметкерлеріне өндірілген өнімнің сапасы дұрыс болмаса, өндірісті тоқтатуға толық құқық берілген», - деді Н.Әуесханов.
Несін айтасыз, сәуегей бейнежазба авторы ұсталып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы 1-бөлігімен (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген еді. Сөйтіп, дақпырт басылғандай болған. Арада 7 ай өткенде.... Тағы да ел-жұртты шошындырған негізгіз бейнежазба жарияланды.

Біздің білуімізше, «Аралтұз» құрамында табиғи минералдар бар. Олардың құрамында эпсомиттерден және астраханиттерден тұратын тұнба ерімейді. Өңдеуге келетін шикізат экологиялық таза. Кәсіп-
орын өнімдерін ЕАЭҚ аумағында аккредиттелген тәуелсіз зертханалар тексереді. Яғни өнім әлемдік стандарттарға сай.
1925 жылдан бастап ас тұзын шығарып келе жатқан компания өнімі Қазақстанмен қатар ТМД елдерінде сұранысқа ие. Қазақстандық өнімінің 65 пайызын Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия елдеріне экспорттап отыр.

«Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаровтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда кәсіп-орынның 100 пайыз акциясы отандық кәсіпкерлерге тиесілі. Ешқандай Қытай тарапына сатылмаған, үлесінде де қытайлықтар жоқ.

Бұл – осымен бірнеше рет берілген жалған факті. «Аралтұзды» әлдекімдер нарықтан шығарғысы келе ме, кім білсін. Бейнежазбаларда негізсіз үндеу жариялаған азаматтардың әрекетіне қарның ашады. Қадірлі асты қорлағанына жаның жабырқайды. Өре түргелген ел-жұртқа айтарымыз, «Аралтұз» – отандық өнім. Қорықпай қажетінше пайдаланыңыз. Денсаулыққа пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.