Еріктілер ерледі

Пятница, 07 Февраль 2020 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3596 раз

Шымкенттің ерікті жастары «Жеңіс» қайырымдылық жобасы аясында шаһардағы майдангерлер мен тыл еңбек ардагерлерінің үйлерін аралады.

1

Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, Жастар ресурстық орталығының және «Даумед» клиникалық орталығының қызметкерлерінен жасақталған бір топ ерікті жас жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегін аямаған қарттарға құрмет көрсетті.

Онда еріктілерден құрылған топ көмекке мұқтаж ардагерлердің хәлін біліп, денсаулықтарын тексерді. Қыздар жағы үй шаруасына көмектессе, ұлдар аула жұмыстарына қолғабыс етті. «Ардагерлерге көбінде қарапайым назардың да аударылмайтыны көңіліне кірбің ұялатады» дейді ұйымдастырушылардың бірі.

Осы олқылықты жою мақсатында әр ай сайын әлеуметтік көмек көрсетуге арнайы ерікті жастардың көмек қолы жиналмақ. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай басталған жоба бойынша әлеуметтік волонтерлық жұмыстарына тартылады.
Бұдан бөлек, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі мектеп оқушыларын да ерікті болуға үйретіп жүр. №20 мектеп-гимназиясында өткен семинар барысында белсенді жастар оқушыларға ерікті болудың артықшылығын түсіндірді.