Латын әліпбиінде неге кемшілік көп?

Среда, 19 Февраль 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1292 раз

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу» жайында жалпыхалықтық ашық талқылау өтті. Біршама уақыт бұрын елімізде латын әліпбиі туралы мәселе көтерілген болатын. Алғашқыда жұртшылық жылы қабылдады. Бірақ енгізілген жаңа нұсқалар көпшіліктің көкейіндегісіне дөп келмеді. Бірі – біріншісін, бірі – екінші нұсқасын қолдады. Әрқайсысы өзінше сараптап, өзінше қорытынды жасады. Сөйтіп халық пікірі үшке жарылды.

45

Жаңа әліпбиге диграфтар не үшін керек? «і», «и», «һ», «х» дыбыстарын қалай ажыратамыз? Бұл жөнінде латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын жасау жөнінде филологтар мен тіл мамандары бас қосқан жиында сөз болды. Ғалымдардың пікірінше, маңыздысы сауатты, қате жібермей жазу. Бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінде 32 әріп бар. Тілдің 28 дыбысын толық қамтиды. Бұған көпшіліктің көзі үйренген. Жазуға да ыңғайлы. Бірақ кемшілігі де бар. Бізге керегі, тіл заңдылығын бұзбайтын жобасы. Жалпыхалықтық талқылауда қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова филологтар мен тіл жанашырларына жетілдірілген үш жобаның бірін таңдауды ұсынды.

– Шымкентте латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу жөнінде насихат жұмыстары бәсең. Ғалымдарымыз бен тіл жанашырларынан белсенділік байқалмайды. Орталық тарапынан түрлі әдістемелік оқу құралдары шығарылды. Қолға алынған жобалар да бар. Әйтсе де, латын әліпбиіне негізделген жұмыстардың қажеттілігі сезіледі, – деді ол. Ал орталықтың бөлім басшысы Гүланар Анарбекқызы бекітілген әліпби мен мақұлданған жобалардың артықшығы мен кемшілігіне тоқталды.

-SH диаграфы оқуда қолайсыз. Бір сөзде Ш, бір сөзде СХ болып оқылады. Сол себепті Qoshan (Қошан/Қосхан), aIqyshat (алғышарт/алғысхат), Shynqyshan (Шыңғысхан/Схынғышхан), darishana (дәрісхана/дәрішана), shema (шема/схема) сынды екіұшты оқылатын, контекспен ажырататын сөздер көбейді. СН диграфы таңбалап тұрған Ч әрпімен келетін төл сөз жоқ. Шетелдік сөз де жоқтың қасы,-деген Гүланар Анарбекқызы тіл жанашырларына нұсқалардың дұрысын таңдауды ұсынды.

Сайдың тасындай іріктелген филологтар көкейкесті мәселеге бей-жай қарап жүрген жоқ. Латын әліпбиінде кемшіліктердің барын да жасырмайды. Нақты ережесі бекітілмегендіктен, ала-құла жазылып жүр. Әсіресе, қазақ басылымдарында орфографиялық нормалары сақтала бермейтіні рас. Мәселен, С мен S әрпі дұрыс қолданылмайды. Негізінде әліпбиде ағылшынша С әрпі жоқ. Ал БАҚ саласында әр журналистің, ар ақынның, әр жазушының жазу тілі бөлек. Сондықтан сала мамандары белгілі бір жүйе қалыптасу қажет екенін айтады.

– Латын әліпби тек таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек. Біріншіден, мұнда тіл ауыспайды, таңба ауысады. Екіншіден, әлемдік лингвистердің айтуынша, дыбыс көп болып, таңба аз болуы керек. Мысалы, ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, соны 26 таңбамен беріп отыр. Бізде 28 дыбыс бар, соны 42 әріппен беріп келеміз. Демек, біздің қазіргі кириллицамыз жазуымызды бұзып отырғаны анық. Меніңше, жетілдірілген жобаның аралас нұсқасы дұрыс, – деді профессор, қазақ тілін оқыту әдістемесінің маманы Амангелді Жаппаров. Ал филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жүзімкүл Байымбетованың пікірі мүлде бөлек.

– Латын графикасына түріктер ғана емес, әзербайжандар, өзбектер мен түрікмендер де көшкен. Олардың тәжірибелері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институт ғалымдары тарапынан толық зерделенді. Әрбір тіл – жекеше құбылыс. Өзіндік ерекшелігі, ерекше логикасы бар. Өзбек тілінде бір сөз айтсақ, қазақ тілінде ол басқаша естіледі. Мағынасы да өзгеріп кетеді. Әліпби әрбір сөздің мағынасы жоғалмайтындай жасалуы керек. Ауызша бір сөзді ойласақ, қағаз бетіне де солай түсіре алуымыз керек, -дейді доцент.

Басқосуда тіл мамандары өз ойларымен бөлісті. Бекітілген әліпби де, онан бөлек нұсқалары да талқыланды. Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ең басты қағида – қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін сақтау. Себебі, қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең негізгісі, ең бай тіл. Өзіміздің бауырлас елдермен түсінісе алатын және бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай болуымыз керек.

Последнее изменение Среда, 19 Февраль 2020 04:17
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.