Версия для печати

Сүйегі Шымкентте жатқан Тұрағұл Абайұлы туралы не білеміз? Избранное

Среда, 26 Февраль 2020 03:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5227 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бұл мақаланы жазуымызға Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедициямен Семей қаласынан келген бір топ зерттеуші тарихшылар мен филологтардың Шымкентке сапары себеп болды. Экспедицияның Шымшаһарға сапарының мақсаты – Тұрағұл Абайұлының жерленген жерін анықтап, басына ескерткіш-белгі орнатып, айналасын абаттандыру және Тұрағұлға қатысты тың деректерді табу екен. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айдар Қадыров бастаған экспедиция құрамында тарих және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Еркін Рахметуллин де бар.

image002-2-640x463

Суретте: Солдан оңға қарай:
1-қатарда: Жақабай Əтікеұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Турағұл Абайұлы, Əлихан Бөкейхан, Райымжан Мəрсеков,
2-қатарда: екінші – Мұқан Жəкежанұлы, Көкбай Жаңатайұлы.
Семей. 1918 жыл.

Биыл ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл болса, оның Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл Абайұлына 145 жыл толады екен. Иә, Тұрағұл туралы көп айтыла да, жазыла да бермейді. Тарихи және әдеби деректер там-тұмдап қана сыр шертеді. Әсіресе, оның әдеби мұралары көп кешіктірмей зерттеуді күтіп тұрған тың тақырып дер едік. Репрессияға ұшырап, Шымкентке жер аударылған ол қиын-қыстау күн кешіп, өзін де, отбасын да асырауға шамасы жетпей, аш-жалаңаш ғұмыр кешкен. Тағдырдың айдауымен Шу өңіріне де жер аударылып, Шудан ары қырғыз өңіріне өткені тарихи естеліктерде айтылады.

Өмірінің соңғы шағында қылтамақ ауруына шалдығып, Шымкентте көз жұмғанына биыл 86 жыл болады екен. Семейден келген экспедиция мүшелері: «86 жылдан бері сүйегі осы жерде жатқан Тұрағұлдай Алаш қайраткерінің бейітін күні бүгінге дейін ешкімнің іздемегені қалай? Шымкенттік ғалымдар мен тарихшыларды бұл мәселе ойландырмағаны ма?» деген реніштерін жасырмады. Расында, егер биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы болмаса, Абайдың сүйікті ұлы, дарынды ақын-жазушы, шебер аудармашы, Алаштың асыл азаматы Тұрағұл Ибрагимов туралы жақ ашпай кетер ме едік деген ауыр ой да қылаң бергені жасырын емес.

Ендеше, Тұрағұл тарихын жарыққа шығаратын, оның сүйегі жерленген орынды анықтап, басына белгі орнататын кез жетті.
«Айтылуға тиістінің бәрі айтылып қойған. Бірақ, ешкім ден қойып тыңдамаған соң бәрін басынан қайталап шығуға тура келеді» деп Андре Жид айтқандай, өмір атты лабиринтте Тұрағұл Абайұлы туралы біраз дерек ашылып, кейбірі ашылуын күтіп жатыр. Біз де тыңнан түрен саламыз дей алмаймыз. Себебі, оның өмір жолы хақында ғаламтор беттерінде де мәліметтер кездеседі. Естігеніміз бен оқығанымызды жинақтай келе, қалың оқырманға Тұрағұл туралы тағы да баян етуге бел будық.

...Абайұлы Тұрағұл 1875 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында туған. «Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де осылай деп жазғанымызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту алдық. Турағұл – тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек», - деп жазады журналист Бағашар Тұрсынбайұлы Тұрағұл туралы мақаласында. Бірақ, қазақы танымға Турағұл емес, Тұрағұл деген ат дұрыс естілетін сияқты.

Ол Алаш қайраткерлерімен серіктес еді

Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан Тұрағұл бала жасынан әкесінің тәрбиесінде өскен. Сондықтан Абайдың әрбір өлеңі қай кезде, қалай жазылғанын және кімге арналғанын жақсы білген. Ол Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петерборда бастырып шығарған. Бұл еңбек бүгінде республикамыздың мемлекеттік Орталық музейінде сақтаулы.

Тұрағұлдың Абай мұрасын жинастырып бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармашылығының текстологиялық түпнұсқасын қалпына келтіруде абайтану ғылымына қосқан үлесі зор. Ол М.Әуезовке «Әкем Абай туралы» деп естелік жазып берген.

Әкесі мен ағалары Оспан, Әбдірахман, Мағауия қайтыс болғаннан кейін Құнанбай әулетінің басты адамы ретінде жергілікті билікке араласқан. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сынды Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған.

Республикалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі Мұратбек Кенемолдин архивтен алынған айғақтарға сүйене отырып Тұрағұл туралы жүйелі мақала жазған. Тыңғылықты ізденген. «Ашығын айтсақ, Тұрағұл Абайұлының сталиндік қуғын-сүргінге аяусыз ұшырауы, тікелей осы Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен арадағы достық қарым-қатынасқа байланысты туындаған еді», - деп жазады автор. – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде, ұлт тағдыры таразыға түскен осындай қысыл-таяң уақытта Тұрағұл Абайұлы Алаш қайраткерлерін белсене қолдап шығады.

Елдің игі жақсыларын майданға солдат беруге үндеп, үгіт-насихат жүргізеді. Алашорда үкіметіне болысқаны үшін Тұрағұл Абайұлы 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері кезінде де Алаш қайраткерлерімен бір¬ге ұлт мүддесіне қатысты істердің бел ортасында жүреді. 1920-1922 жылдары Тұрағұл Абайұлы Шыңғыс болысында халық соты болып істеді, - делінеді М.Кенемолдиннің мақаласында.

Иә, Алаш қайраткерлеріне кеңес өкіметі тарапынан кешірім жасалғанымен, бұл – елді уақытша алдау болды. 1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынғанда, Тұрағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай отырып шығады.

Тар жол, тайғақ кешулі ғұмыр

image003-1-318x480

1927 жылы Тұрағұл Абайұлы екінші рет қамауға алынып, 1928 жылдың көктеміне дейін Семей түрмесінде жатады. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай мал-мүлкі кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады. Тұрағұл Абайұлын қудалауға байланысты Семейдегі Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заман құжатнама орталығында «Дело Ибрагимова Турагула о выселении и конфискации скота» деген құжат сақталған. Сондай-ақ мұндай құжаттарды Алматыдағы Республикалық Мемлекеттік Орталық мұрағаттағы Т.Құнанбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс-қағаздарынан да кездестіреміз.

Бұл құжаттардың бірінде, яғни Бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі Семей округтік комиссиясының 1928 жылдың 19 қарашасындағы қаулысында облыс көлеміндегі бір топ ауқатты адамдармен бірге Тұрағұл Абайұлының да істі болып, бүкіл отбасымен жер аударылғаны айтылады. Аталмыш қаулыда оның отбасы құрамы туралы төмендегідей деректер берілген:

Зайыбы Миса – 58 жаста. Екінші зайыбы Сақыпжамал – 53 жаста. Ұлы Жебрәйіл (Томск политехникалық институтында оқуда) – 25 жаста. Ұлы Зүбайыр – 23 жаста. Келіні Қанағат – 23 жаста. Келіні Рахия – 18 жаста. Немересі Алыпарыстан – 5 жаста. Немересі Кенесары – 3 жаста. 1928 жылдың күзіндегі Тұрағүл Ибрагимовты айыптау кезінде одан 36 бас малы, 7 бөлмелі үйі, алты қанат киіз үй мен кілемі тәркіленіп алынады, ал өзі отбасымен бірге Шу өңіріне жер аударылады.

Сол бір аласапыран жылдардағы өмірдің ауыр азабы туралы Тұрағұлдың кенже қызы Мәкен апайдың аузынан естіген әңгімесін журналист Тоқтархан Шәріпжанов «Абай» журналындағы «Әкеге лайық қыз туған» көркем очеркінде: «Тұрағұл Абайұлы «Бейнет те, дәулет те Алладан» деп, семьясымен Шу өңіріне айдалып кете барды. Голощекиннің қолдан әдейі жасаған аштығынан қалың ел қырылып жатқанда қырғызға өтіп жандары қалды. Сақыпжамал екеуі Тоқпақта жүргенде балаларын жетелеп Ақылия (үлкен қызы) жетті арып-шаршап.

Күйеуін, қайынатасы мен қайнағасын ГПУ түгел атып тастаған екен. Өрттен қашқан балапандай тізіліп, әке-шешесін қырғыздан іздеп табуының өзі ерлік еді. Кіші қызы Мәкен (Мағрипа) сол әкесі кәмпескеге ілінген 1928 жылы өз ауылының оқыған жігіті Мұқаметжанның Ұлықбегіне тұрмысқа шығып кеткен болатын. Заң қызметкері болып істейтін күйеуі Үржарға прокурор болып барғаннан біраз уақыт өткенде «байдың қызын алған» деген айыппен тергеуге жабылады. Бірақ шыққан тегі кедей болғандықтан, әрі аса сауатты, шешен жігіт екі-үш айдан кейін ақталып, босап шықты.

Содан соң оны 1932 жылдың соңын ала Жамбыл облысындағы Меркіге ауыстырып жіберген. Осында келіп орналаса сала Құнанбайдың кенже ұлы Оспаннан қалған гауhар жүзікті базарлап, соның пұлымен Мәкен қырғыздан әке-шешесін іздеп тауып алған. Ақылияның бала-шағасын қоса бағып, қалт-құлт етіп отырған әкесіне Алпашты аман апарып, документін жөндеп тапсырып берген-ді» деп жазады.

Сондай-ақ очерк желісімен алсақ, жүрегі жаралы Тұрағұл ақын өмірден өтер алдында қызына былай деп аманат айтқан екен:

«…Қажы ағаң мен Мекайылды қай жазығы үшін атыпты? Зият пен Бердеш Қытай кетті тентіреп. Ахат ағаң айдауда жүр. Жебрайыл Ташкенде өлді. Сонда бұлардың жазығы не? Сен мұны қазір түсінбегеніңмен, артынан ұғасың. Жылама, балам. Азды-көпті болсын 59 жас жасадым, жақсы-жаманды көрдім. Жалғыз тұяқ Алпашым, екеуің аман болыңдар. Дүние жолдас болмайтынына көз жетті ғой, бірақ өлмейтін қазына – өнер мен білім. Алпашты оқытыңдар.

Өзіңе аманатым – әкеңнің, Абайдың бүкіл әндерін, жалғыз ол кісінікін ғана емес, атылып кеткен қажы ағаңның, Мұқаметжан ағаңның, Ағашаяқтың әндерін, бүкіл Сарыарқа – Шыңғыс өңірінің өз құлағыңа сіңген өнерін сақта. Нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады. Сол күн туа қалғанда іздеп таппай қалмасын мына қалың елің… Мұхтарға да осыны айтқайсың. Енді мен армансыз өлемін. Мен десең – жылама, қайта «әкемді қолымнан жөнелттірген Аллаға ризамын» де».

«…Осыдан екі күн өткенде, 1934 жылғы наурыздың 6 жұлдызында Абайдың Әйгерімнен көрген тұңғышы Тұрағұл Ибрагимұлы Құнанбаев өзінің кенже қызы Мәкеннің көз алдында, соның күтімін көріп дүние салды. Қандай ауыр естеліктер еді. «Жаттың қолында өлмей, қолыңнан өлгеніме шүкіршілік ет» деп қызына басу айтады». Міне, журналист жазбасынан алынған жолдар осылай дейді.
Ал абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Тұрағұлдың Сарығаш жаққа жер аударылып, кейіннен Шымкентке тұрақтағанын айтады.

Әкесі қатты қиналып өмірден озар шағында қызы Мәкен қайғыдан құса болып егіліп жылайды. Сонда ажал аузында жатқан Тұрағұл Мәкенге: «Бұл да қазақтың жері ғой. Жат жерде өлмегеніме шүкір де! Мені осы жерге қойыңдар!» депті. Оны ғалым Бауыржан Момышұлының аузынан да естіпті. Бұдан тағдыр талайымен Тұрағұл Ибрагимовтың (құжат бойынша аты-жөні) Шуға, одан қырғыз өңіріне, кейіннен Шымкентке жер аударылып, осында бақилық болғаны айқындала түседі.

Әйгілі әулеттің тас-талқан тағдыры

Ал Тұрағұлдың ұлдарының өмірі де оның өз тағдыры секілді өте қайғылы болды. Абай әндерін ел ішінде таратушы домбырашы, әнші баласы Жебрәйіл Томск политехникалық институтында оқып жүргенде қудалауға ұшырап, оқудан шығарылды. Одан соң 1928-1929 жылдары мал-мүлкі тәркіге түсіп, жер аударылды. Келесі ұлы Зүбайыр да соның кебін құшады. Жебрәйіл 1930 жылы Шымкентте 27 жасында, Зүбайыр 1933 жылы Бішкекте 26 жасында атажұрттан алыста көз жұмды. Тұрағұлдың Кенесары деген немересінен ешқандай дерек жоқ. Алыпарыстан атты немересі туралы «Абай» энциклопедиясында: «Алпаш Оспанұлы (1922-1990) Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл, бірақ Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып дүние салған» деп берілген.

Кенже қызы Мәкен «жастайынан өнерге ықыласты, әкесі Тұрағұлдан ақын атасы туралы естелік-әңгімелерді көп естіп, Абай әндерін ыждаhаттылықпен үйреніп өскен» дарынды жас болды. Абайдың ән мұрасын осы заманға жеткізушілердің бірі саналады. М.Әуезов оның бұл еңбегін жоғары бағалап, құрметтеген. Оның орындауындағы Абай әндерін А.Жұбанов, Б.Ерзакович, А.Серікбаев, Қ.Жүзбасов тәрізді белгілі музыка зерттеушілері нотаға түсіріп, үнтаспаға жазып алған. 1986 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Айттым сәлем, қаламқас» жинағына Мәкен Тұрағұлқызының орындауындағы Абайдың 19 әні енген.

Ол артына әкесі Тұрағұл туралы естелік жазып қалдырған. Ақылия Тұрағұлқызы секілді Мәкен апай да Алматы қаласында 2002 жылы 90 жасында өмірден қайтты. Ұлы Абайдың сүйікті баласы әрі ақындық мектебінің дарынды шәкірті, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Тұрағұл Ибрагимовтың қоғамдық-саяси қызметі, сондай-ақ оның ұрпақтарының кешегі кеңестік тоталитарлық заманда бастан кешкен өмір тарихы осындай…

Қаламгер, журналист Б. Ерсәлімов «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары» атты мақаласында Абай шежіресіндегі ұрпақтардың әр буынының байдың, қажының, яғни «тап жауының ұрпағы» ретінде көрмеген қорлығы жоқтығын айтады. Жалпы, Құнанбай әулеті қуғын-сүргінге ең көп ұшыраған әулет. «Бізден бұрынырақ өмір сүрген аға буын бақыттырақ екен» деп тебіренеді Абайдың әкесі Құнанбай. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» − бұл Абайдың өз сыры. Ақын ұрпақтары кінәсізден кінәсіз жапа шегіп, запыран ішті. Мәселен, «Тұрағұл Абайұлында 5-10 қара, 30 шақты қой-ешкі бар екен. Бұл сол кездегі өлшем бойынша, тіпті орташа дәулеттінің санатына да жатпайды...»

P.S.

Міне, біз Тұрағұл Ибрагимовтың сүйегі қай жерде жерленгені жайлы жазбас бұрын оның кім болғандығы туралы жазбалардан, мақалалардан, естеліктерден сыр суыртпақтадық. Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаеваның Тұрағұл Абайұлы жайлы бірқатар деректер табуымызға себепші болғанын айта келе, бұл тақырыпқа байланысты басқа да мәліметтерді газетіміздің алдағы нөмірлерінде баяндайтын боламыз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.