Версия для печати

Қандала қаныңды ғана сормайды...

Пятница, 28 Февраль 2020 03:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 23948 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қандала деген қансорғыш қазір қала тұрғындарының қауіпті жауына айналды. Аты қандай зәрлі болса, зияны да соғұрлым көп. Дәл қазір қалада жасырын эпидемия жүріп жатыр. Дернәсілді жәндік көпқабатты үйлерде қаптап кеткен. Бірақ «таландық» деп шағымданған жан жоқ. Шарасыз жағдайын, таусылған төзімін бір-бірінен жасырады. Бұл қандала қаныңды ғана ішпейді. Қалтаңды да қағады.

15365794726bd97df

Паразиттермен күресетін кәсіби дезинфекторлық ұйым күніне 5-6 пәтерді зарарсыздандырады. Мұнан «жасырын эпидемиямен» күресудің қаншалықты күрделі екенін байқауға болады. Көші-қонның артуына байланысты қансорғыш соңғы уақытта Нұр-Сұлтаннан бастап Ақтау, Семей, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында кеңінен таралып отыр.

Қандала тек қанмен қоректенеді. Тез өсіп, жылдам көбейеді. Қауіптілігі – жұқпалы дерт таратуында. Науқас адамды шаққан зиянкес сау адамға инфекцияны тасымалдауы мүмкін. Оның көзін өздігіңізден жоя алмайсыз. Үй жағдайында улау тіпті қауіпті. Жуырда ақтаулық тұрғын улы дәрілерді маман нұсқауынсыз қолданып, көршісінің өміріне қауіп төндіргенін білеміз. Ал 2019 жылы үйіне дезинфекция жұмысын өзі жүргізген алматылық әйел соның салдарынан көз жұмды.

Қандаланы ескі тұрғын үйлер мен жатақханаларда болады десек, қателесесіз. Бұл дернәсіл орын, жай талғамайды. Адамнан пәтерлерге емін-еркін тасымалданады. Жылу құбырлары арқылы да пәтерден пәтерге ауысып отырады. Паразитке жылы жер болса, жеткілікті. Олар 60-100 градус ыстық пен суыққа ғана өледі. Дезинфекторлар қаланың Республика даңғылы мен №8 шағын аудандағы үйлерден, Қ.Рысқұлбеков көшесіндегі отбасылық жатақханалардағы тұрғындардан жиі шағым түсетінін айтады.

– Қандала көбейіп кетті. Хабарласқандар оның көзін қалай жоюға болатынын сұрайды. Кейбір таланған кісілер денесіндегі бөртпелерді аллергия деп ойлайды. Қандала жүрген үйге барсаңыз, сөмкеңіз бен киіміңізге ілестіріп, үйіңізге апарасыз, - дейді дезинфектор маман Гүлнар Әбілқасымқызы.

Деректерге сүйенсек, бұл жәндіктер Ресей мен Қытайда пайда болған. Бір қызығы, бұл дернәсіл шет елдерде таңсық емес. Еуропалықтар үшін тіптен қалыпты. Онда іссапармен барған шенеуіктер мен бизнесмендер елге келгенде киімдері мен заттарын арнайы тазартудан өткізеді екен. Міне парадокс!

Әйтсе де, сала мамандары қандалалардың көбеюіне тұрғындардың өзін кінәлайды. Қаладағы пәтерлердің 60-70 пайызы жалға беріледі. Не көп, жекеменшік жатақханалар көп. Ол жердің бәрінде бірдей тазалық жоқ. Пәтер жалдаушылардың көбі қандала көрсе, басқа пәтерге көшіп кетеді. Бірақ бұл зиянкестерден құтылудың амалы емес. Өйткені қансорғыш киім-кешек, төсек-орынның бәріне ұя салады.
– Отбасыммен төрт рет пәтер ауыстырдым. Қайсысына барсақ та, үй иесінен бұрын қандала қарсы алады. Ақшамызды төлегесін тұратын жеріміздің жайлы болғанына не жетсін?! Алайда біз қоныстанған үш үйден де қандала шықты. Соңында дүние-мүлкімізді түгел тастауға тура келді, - дейді қала тұрғыны Жаннұр Маратқызы.

Қандаланың 40 мыңнан астам түрі бар. Қазақстанда 32 тұқымдасы, 370 туысы, 1,5 мыңдай түрі белгілі. Негізгі тұқымдастары: су қандалалары мен төсек қандалалары. Гүлнар Әбілқасымқызы дернәсілдердің үй жиһазымен келетінін айтады. Өйткені паразиттер жиһаз шығаратын кейбір цехтарға да қонақтап үлгерген. Қала берді, ірі сауда орындарына да тараған. Бірақ иелері бұл туралы жақ ашпайды.

Шымқаладағы жасырын эпидемия жайы осындай. Дезинфектор шақыруға көбінің қалтасы көтермейді. Ал үй жағдайында қандаланы улауға болмайды. Өйткені улы заттарға дағдыланып, дозаға қарсы иммунитет қалыптастырған жәндіктер препараттарға оңайлықпен өлмейді. Қалада мемлекеттік негіздегі дезинфекция стансасы жалғыз. Ол мекеме кез келгеннің тапсырысын қабылдамайды. Дәрі препараттары жеткілікті болғанымен маман тапшы. Есесіне жеке ұйымдар жетіп артылады.

Шымкентте олардың 100-ден астамы тіркелген. Біреудің проблемасы – олар үшін қып-қызыл табыс көзі. Әр бөлмені тазалау құны – 5-10 мың теңге шамасында. Қансорғыштан толық құтылу үшін кемінде екі рет өңдеу жұмыстарын жасату керек. Жасырын эпидемияны пайдаланып, «қандаланы құртамыз» деген алаяқтар да көбейген. Базарлар мен ветеринарлық дәріханаларда улы перепараттардың түр-түрі сатылып жатыр. Мамандардың айтуынша, қандай да бір жәндікті өлтіретін препарат сол жәндіктің атымен аталмайды. Сатып алмас бұрын сәйкестік сертификатын талап ету керек.

Қандаланың тіршілік ету уақыты – 14 ай. Олардың иіс сезу қабілеті жақсы дамыған. Қансорғыш адам ұйықтағанда ұясынан шығады. Адам қанына тою үшін 20 минут жеткілікті. Тойынған зиянкес үш күннен бірнеше аптаға дейін ұйықтайды. Одан құтылу үшін әркім өзінше қам жасамауы тиіс. Маман кеңесін алып, қызметін пайдалану абзалырақ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.