ТУРИСТЕРГЕ АҚШАЛАРЫ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Пятница, 27 Март 2020 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1718 раз

Шымкент қаласының бір топ туристік агенттігі орын алған төтенше жағдайға байланысты ақпарат берді. Олардың айтуынша, коронавирус індетінің тарауының кесірінен бүкіл әлемде туризм саласы зардап шегуде.

Соның ішінде қазақстандық туристік ұйымдар да бар. Осы орайда олар халыққа басу айтып, карантиндік уақыт аяқталғанша туристерді сабыр сақтауға шақырды.
Саяхатшылар жұмсаған төлемақылар 15 сәуірден кейін біртіндеп өтеледі. Немесе жаз, күз мезгілінде жағдайдың оңалуына қарай туристерге тиімді бағыттар ұсынылады. Сонымен бірге саяхатшылардың төлемдері АҚШ долларының сол кездегі бағамы бойынша қайтарылып беріледі.
– Негізінде қауіпті індеттің жер жүзіне тарап кетуі күтпеген оқиға болды. Мұндай жағдайда ешкім кеткен шығынды өтемеуге құқылы. Бірақ туроператорлар клиенттердің қамын ойлап, алдағы уақытта да туристер алдында абыройын жоғалтпау ниетінде, өз ықыластарымен ақшаларын қайтарып беруге бекініп отыр. Бірақ дәл бүгін емес. Індеттің беті қайтсын. Жағдай қалпына келген соң қайтарылады, - деді «Quanysh» туристік ұйымының директоры Роза Шүкенова.
17 наурызда сыртта жүрген шымкенттік туристердің көпшілігі елге оралды. Шетелдерде әлі де 3 мыңға жуық қазақстандық турист бар. Оларды елге қайтарумен «Қамқор» компаниясы айналысуда. Олардың арасында қаншауы шымкенттік екені әлі белгісіз. Шетелдерде қалып қойған жерлестеріміз Отанға оралғанша жұмыстар жалғаса бермек.

 

Последнее изменение Пятница, 27 Март 2020 05:03