ТАРИХ БЕТІНЕН, ҰРПАҚ САНАСЫНАН ӨШПЕЙТІН КҮН Избранное

Воскресенье, 31 Май 2020 13:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2134 раз

Тарих бетінде қастерлі күн саналатын 31-мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» 23 жылдан бері тұрақты түрде аталып өтіп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы атаулы күн ретінде белгіленген бұл дата еліміздің өткен тарихының ұмытылмас бір кезеңі болып қалары анық.

Елдігіміздің, патриоттығымыздың, отансүйгіштігіміздің белгісін айқындайтын бұл қастерлі күнді жиі насихаттап, оны еске түсіріп, оның соңына қалдырған сабағын болашақ иелері - еліміздің бүгінгі жастарына үйрету-аға ұрпақтың парызы. Өткенді еске түсірмей бүгінді, бүгінді айтпай өткенді жаңғырта алмайтын тарихтың бұлжымас қағидасы адам санасынан қай уақытта да өшпек емес.

Біздің халқымыз қай кезеңде қандай қуғын-сүргінді бастан кешірсе де туған жердің топырағын теуіп кеткен емес. Оған айқын дәлел, 1930 жылдарда елге келген нәубеттің салдарынан атамекеннен алыс кеткен қандастарымыз туған топырақпен қайта қауышып, ел-жұртқа оралды.

Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында шетке кеткен қандастарымыздың ата жұртқа оралуына үлкен мүмкіндік туғызылды. Енді міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады.

Сталиндік террор ұлт зиялыларын жазықсыз жазалаумен қатар ұжымдастыру саясатын негізге алып, қаншама қазақтың туған топырағынан жыраққа қоныс аударып үдере көшуіне себеп болды.Сондықтан Мемлекет басшысы өз үндеуінде «Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз» деп атап өтті.

Ия. Қасіретті жылдардың қара құрығына ілініп кеткен бір адамның тағдыры - бір тарих. Ол тарих бүтін бір халықтың басынан кешірген өмірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның мақсаты – өзіне жау табу емес, болғанды болғанындай шынайы білу. Біздің мақсатымыз - жау іздеу емес, болған қасыретті ұмытпау, нақты тарихты білу, оны жазып қалдыру және біздің тұқым-жұрағаттарымыз білу үшін еске алып отыру. Біз әлде кімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Шындықты білу арқылы тап сондай нәубат қайталанбас үшін не істеу керек екенін білеміз» деген болатын.

Осы орайда тарихтың тереңіне көз жіберіп, оны оқып, танып, ұрпақ зердесіне жеткізіп жатқан тарихшыларымыз бен әдебиетішілерімізге, ғалымдарымыз бен оқымысты азаматтарға үлкен құрметпен қарағанымыз дұрыс. Өйткені, олар көзінің майын тауысып, бүгінгі ұрпақ үшін топырақ астында көміліп қалған бай рухани дүниелерді жарыққа шығарды. Бұл дегеніңіз баға жетпес, құнды еңбек. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі тарих беттерінен ешқашан өшпек емес.

Осы орайда олар туралы шығармалардың жазылуы, кинолардың түсірілуі, ескі жазбалардың табылып, мұражайларға қойылуы, шетел асып кеткен азаматтардың өмір-деректерінің зерттеліп, көпшілікке ұсынылуы атқарылып жатқан іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта бұдан да салмақты, бұдан да ауқымды, терең мазмұнды шаралар жасалады деген үмітіміз бар.

Зүлфия СӘЛІМ,
Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған
«Үміт» мектеп интернатының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.