Еріктілер еңбегі еленбек Избранное

Среда, 10 Июнь 2020 03:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2606 раз

Үшінші мегаполистегі түрлі қайырымдылық істерімен қоғамға септігін тигізіп жүрген ерікті жастар мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, бүгінде шаһар аумағында 20-дан астам қоғамдық ұйым елдегі төтенше жағдай кезінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестіруде белсенділік танытқан. Ал волонтерлар саны 3000-ға жуық.
Ж.Төлембекұлы брифинг барысында «Еріктілер жылы» қалада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте қала жастарының азаматтық белсенділігін дамытуға жаңа серпін беретін іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Ал халықтың әртүрлі жас топтарын волонтерлік қызметке тарту қажеттілігін ескере отырып, еріктілерді қолдау мақсатында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен «Шымкент волонтерлар қауымдастығы» құрылған.
– Жыл басынан бері қаладағы волонтерлық ұйымдар, ерікті жастар, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалымен «Ізгілікте жарысайық», «Жанға жылу», «Қамқор», «Мейірім», «Біргеміз» акцияларымен бірге 100-ден астам шаралар ұйымдастырылды. Аз қамтамасыз етілген 7245 отбасыға азық-түлік, 333 отбасыға дәрі-дәрмек, 1 млн астам бетперде мен антисептиктер таратылды. Волонтерлармен бірлесе отырып, «Біргеміз Sabaqtastyq» бағытында №4, №3 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер жобасы» жүзеге асырылуда. «Qamqor», «Saulyq» бағытында ардагерлер үйі мен дағдарыс орталықтарында 15 кездесу, ардагерлер үйінде сенбілік шаралары, мерекелік кештер мен 80 ардагердің қан қысымын өлшеу шаралары бойынша арнайы жұмыстар жүргізілді, - деді спикер.
Мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қиындықты бірге еңсеруді мақсат тұтқан волонтерларға қалада қоғамдық көлікпен тегін жүру де қарастырылмақ.
– Алдағы уақытта 500-ге жуық ерікті қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Оған қоса Шымкент қаласының үздік еріктілері мен ұйымдары жыл қорытындысында арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді басқарма басшысы.