13 шілде – Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды Избранное

Пятница, 10 Июль 2020 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 353 раз

040dac865bd550da9dd1de61acfec995

Әлемде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай күрделене түсуде. Коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телевизиялық үндеу жариялады.

– Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр.
Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді.
Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ.
Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді.
Бұл аса қажетті шешім болды.
Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент індет салдарынан қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айта отырып, 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын мәлімдеді.
– Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды.
Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды.
Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек.
Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады.
Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады.
Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады.
Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет жағдайды орнықтыруға байланысты барлық шараларды қолданатынын да айтты. Алғашқы медициналық көмек көрсету күшейтілуде. Тұрғындарға үйлеріне барып кешенді медициналық көмек көрсету үшін 400 кешенді мобильді топ жасақталды. Шілденің соңына дейін олардың қатары 3,5 мыңға жеткізілмек.
Ауруханалардағы төсек орынды көбейту орайында жұмыс басталды. Президент тапсырмасынан кейін коронавирус індетіне шалдыққандарға арналған төсек орын 70 пайызға артып, оның қатары 43 мыңға жетті.
Бұл іске әскери медицина қызметкерлері да тартылды. Ауру қатты етек алған жерлерде дала госпиталдары жұмыс істейтін болады.

Тестілеу жұмысына қолжетімділікті арттыру үшін жұмыс істеп тұрған зертханаларды қосымша жасақтап, жаңадан 20 ПЦР талдамалары сатып алынуда. ПЦР тестілеуі үшін 8 мобильді орталық құрылуда, оның ішінде ауылдық елдімекендер де бар.
Осының бәрі тест санын сөткесіне 40 мыңға жеткізуге мүмкіндік береді.
– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартуға ерекше тоқталғым келеді. Бұл мақсатта дәрі-дәрмектік препараттарды сертификаттау процедуралары жеңілдетілді.
Үкімет пен әкімдер тұрғындарды қажетті препараттармен қамтамасыз ету бойынша шұғыл жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күннің өзінде стационарларға 30 мың емделушіге жететін дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттілік үшін 70 пайызға артық деген сөз (қазір 18 мың адам емделіп жатыр).
Дәріханалар жүйесіне қажетті дәрі-дәрмектер түсуде: 800 мың орама парацетамол жеткізілді, апта соңына дейін тағы 900 мың орамасы жеткізілетін болады, дәріхана жүйелеріне 150 мың орама антибиотиктер жөнелтілді. Жақын күндері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы шешімін табатын болады.
Сондықтан азаматтардың дүрбелең туғызбауын, дәрілерді жөнсіз сатып алып, негізсіз сұранысқа жол бермеуін сұранамын,– деді Президент.
Мемлекет басшысы айтқандай, дәрілік препараттар мен ИВЛ сатып алуға, медицина қызметкерлерін ынталандыруға және басқа да қажетті шараларға 150 млрд теңге бағытталып отыр. Қаржының жұмсалуы да қатаң бақылауда болмақ.
Қазіргі ең басты мәселе қоғамда дүрбелең туғызбау екенін Мемлекет басшысы баса айтты.
Кейбір арсыз адамдардың бүгінгі күрделі жағдайды пайдаланып, қажетті дәрілерді қымбатқа сатып, қолдан қиындық туғызып, пайда табуды көздеп жатқанын да Президент ашына жеткізді. Сондықтан «дәрі-дәрмек алыпсатарлығымен айналысып жатқандарды менің тапсырмаммен құқық қорғау органдары жауапкершілікке тартуды бастады» деді
Қ Тоқаев.
Мұндай жағдайларды анықтау үшін әкімдіктерге қоғамдық рейд жүргізуді тапсырды. Қоғамда қайшылықты жағдайлар туғызуды мақсат етіп, әртүрлі теріс әңгімелер мен орынсыз болжамдарды өрістетендердің де жоқ еместігін айтқан Мемлекет басшысы мұндай адамдардың заңды жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.
«Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз.
Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін.
Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар.
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз» – деді Президент өз Үндеуінде.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.