Атасының бау-бақшасын фотоаймаққа айналдырған келін Избранное

Среда, 05 Август 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 388 раз

Без имени-1

Елді үнемі таң қалдырудан шаршамайтын Шымкент бұл жолы да көпті елең еткізіп отыр. Үшінші мегаполис тұрғыны өзінің бау-бақшасында «домик в деревне» тұрғызып, кәсібін дөңгелетуде. Жаздың әдемі бір күнінде ерекше кәсіпті игерген іскер әйелдің баламасы жоқ бастамасымен танысып, сұхбаттасқан болатынбыз.

2Бүгінде Жансәуле Айнабаева (суретте) әулеттің қара шаңырағын ұршықша иіріп отырған сыйлы келін. Ата-енесін күтіп, күйеуі мен төрт перзентінің жағдайын жасайды. Үлкен шаңырақтың бар шаруасын тындырып, үзілмейтін қонақтарын да жадырай қарсы алып, барын алдарына қойып күтіп алады. Көпбалалы ана өз кәсібінің осы үйдің айналасынан алыстамағанын қалайды. Қандай іс бастаса да нәтижесін көрмейінше жаны жай таппайтын ол бау-бақшасын безендіру арқылы өз бизнесін қолға алды.
– Негізінде бұл менің атамның бағы. Келін болып түскен күннен бастап бұл бау маған ыстық көрінді. Бірақ жыл сайын жеміс ағаштарының өнімін алып, басқа уақыттарда қараусыз жатты. Осы жерді жарамды іске пайдалануды жиі ойлайтынбыз. Бірақ жайқалып өсіп тұрған ағаштарды кесуге қимайтын едік. Ұл-қыздарымның әр қуанышында осы бауға келіп суретке түсетінбіз. Өзім қиыннан қиыстырып үйдегі декорацияларды безендіріп жүремін. Алматыға қыдырып барғанымда дүкеннен әдемі үйшікті бір көргеннен ұнатып, үйге алдырдым. Әкелген кезде кішкентай қызымды соның алдына суретке түсірдім. Ол фонға тек қызым емес, үйімізге келген барлық туыстарым да суретке түсуге қызығатын. Содан осы бауды сурет түсіруге арналған аймаққа айналдыруды жөн көрдім, – дейді ол.
Кәсіпкердің талпынысы мен табандылығының арқасында бастаған ісі халықтың сұранысына ие болды. Адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсем көріністі өз бақшасынан көре алған ол шалғайда орналасқан үйіне арнайы келетін отбасылар көп екенін айтады. Кәсіпкердің табиғат аясындағы ерекше көрінісін көруге келген шетелдіктер де оң бағасын берген екен.
– Бұл елімізде ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде жоқ кәсіп. Жобаның авторлық құқығы қорғалған. Паттентеп алғанмын. Ал фото аймаққа алты фон жасалған. Мұндағы әрбір заттың өз оқиғасы бар. Шетелден арнайы тапсырыспен алдырып безендірілген дүниелер де бар. Барлығы қолдан жасалған бұйымдар. Фотосессия жасауға келетін адамдар саны шектеулі. 6 адамға дейін кіреді. Фотозонаны бір сағат жалға алып, өздерінің фотографтарымен қалауынша сурет немесе видеороликке түсуіне болады. Мектеп бітірушілер, отбасылар және жас жұбайлар жиі келеді. Тіпті, жігіттер осы жерге келіп қыздарға ұсынысын жасап жатады, – дейді Ж.Мұратқызы.
Адал еңбекпен нәпақа тауып, жеке бизнесін ашып, шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген кейіпкеріміз байлықты қол жайып көктен ғана емес, еткен еңбектен тілеу керек екенін айтады. Көпті қуантып, жұрттың қуанышына ортақтасып жүрген Жансәуле Айнабаева жазғы демалыспен қатар келген карантинде ұл-қыздары қарап отырмай, қолғабыс етіп жүргенін де тілге тиек етті.

 

1


– Қайткенде де қарекет қылсаң, маңдай теріңді төгіп еңбек етсең, бақыт басын иеді. Менің ата-енем мен өмірлік жолдасым жақсы жандар. Қандай істі қолға алсам да үнемі қолдау білдіріп отырады. Бұл – бизнесте маңызды. Қазір сұраныс бар, бастаған бизнесімнің бағыты жаман емес, – дейді іскер әйел.
– Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз бар. Қазіргідей нарық қыспаққа алған заманда артық қаржы көзі болмаса да қиын, – дейді кейіпкеріміз сөз арасында. Кәсіпкердің шағын үйшіктерінің жанына жақын келіп, көздің жауын алатын сұлулыққа ұзақ қарап «ебін тапқан, екі асайды» деген тұжырым жасадық. Үйдің шаруасынан қол үзбей, осындай кәсіпті жүргізудің өзі қазақ келіндері үшін үлгі аларлық іс емес пе?