Індетке қарсы күрестің 3 түрлі жоспары бекітілді Избранное

Среда, 12 Август 2020 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 318 раз

брифинг ануар

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың қатысуымен ақпараттық коммуникациялық орталығында брифинг өтті.

Шаһардағы эпидемиологиялық жағдайдың барысы туралы баяндаған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша індет жұқтырған 5700 науқастың 3831-і немесе 75 пайызы жазылып шыққан. Тамыз айының басында бір күнде 400-ден астам емделуші кеселінен айыққан. Ал, 6-тамыздағы жағдайға сәйкес 453 адамнан ПЦР-тест алынған. Нәтижесінде Ковид-19 індетін жұқтырған 26 науқас анықталды.
Пандемия өршіген тұста Шымкентте «жедел жәрдем» шақыртулар 2320-ға дейін өскен. Бүгінде бұл көрсеткіш 1200-ге азайды. Былтыр осы уақытта «жедел жәрдем» көмегіне жүгінгендердің саны 1100 болған екен. Сонымен бірге стационарлық емдеу орталықтарындағы төсек-орындардың жартысынан астамы босады. 2882 ем қабылдаушының көпшілігі жазылып, 645 науқас қана қалды. Олардың 82-сі коронавируспен, 39-ы ЖРВЖ-мен ауырып жатқандар. 6-тамыздағы мәліметке сәйкес 67 адам аурухана түссе, 76 адам емделіп шыққан. 17732 науқасқа үй жағдайында стационарлық ем көрсетілді.
— Эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау басты міндет болып отыр. Сонымен қатар емханалардың жұмысын күшейтуді қолға алу керек. Сонда стационарлық орталықтарға салмақ түспейді. Індетті өршітіп алмау үшін және пандемиямен нәтижелі күресу мақсатында қаланы 4 секторға бөлдік. Негізінде вирусқа қарсы алдын ала дайындаған 3 жоспарымыз бар. Жағдайға қарай әрқайсысын жүзеге асырамыз. А жоспарына сәйкес 1420 төсек-орын, 10 провизорлық стационар, 2 инфекциялық аурухана науқастарды қабылдауға әзір. Б жоспары бойынша төсек-орын саны 346-ға, провизорлық стационарлар 30-ға көбейеді. Эпидемиологиялық ахуалға қарай С жоспары да дайын тұр. Мұнда жоғарыдағы 2 инфекциялық аурухананы қосқанда 4996 төсек-орын, 35 провизорлық орталық қызметін көрсете бастайды, -деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде қаладағы медицина мекемелеріне аудит жүргізіліп жатыр. Яғни дәріханалардың қоры, емхана, ауруханаларда медициналық құрал-жабдықтардың бар-жоғы тексерілу үстінде.

Лизингке жаңа автобустар алынады

Мұнан соң сөз алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Шымкентте қоғамдық көлік саласын дамытудың барысы жайлы баяндап берді.
Сала басшысының мәлімдеуінше, бұл мақсатқа орай қазіргі таңда арнайы схема дайындалып жатыр.
– Бүгінге дейін қоғамдық көлікті жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен қолға алуға тиісті тірліктер әлі де жетерлік. Мұны арнайы жүргізілген сауалнама барысында жолаушылардың 75 пайызының автобустарды жаңарту керек деген пікірінен де байқауға болады. Саланы дамыту үшін бірыңғай диспетчерлік, көліктік бақылау, байланыс және жүргізушілерді қайта даярлау орталығын құру қарастырылып отыр. Жоспарға сәйкес әкімдік тарапынан лизингке жаңа автобустар сатып алынғалы жатыр. Оның операторы болып «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» бекітілді. Былтыр «БРК-Лизинг» АҚ арқылы қалаға 300 жаңа автобус әкелінсе, биыл табиғи газбен жүретін, сыйымдылығы үлкен 590 жаңа автобус сатып алынады,- деді Мақсұт Пернебайұлы.
Оның айтуынша «ТӨЛЕМ» электронды төлемақы жүйесін енгізу үшін қазіргі таңда жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төлем картасының бағасы - 500 теңге. Электронды карталар ҰОС ардагерлеріне, мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төсбелгілерімен марапатталғандарға, көру қабілеті нашар І топтағы мүгедектерге тегін таратылады. Электронды төлем жүйесі жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс.