«Бақытты отбасымен» баспаналы болу Избранное

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2783 раз

НЕМЕСЕ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

b9641fa5fb6c7dd7ddb9d7f862fb5cc8

 

Әр адамның, әр отбасының берекесі баспанамен тікелей байланысты. «Өз үйім – өлең төсегім» дейміз. Әсіресе, мынадай нарық заманында баспана мәселесі өзекті болып тұр. Сол баспана бабын қазіргі таңда әр отбасы өз шамасына қарай жасап келеді. Біреуі өз күшімен салып алса, енді бірі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Соның бірі – «Бақытты отбасы» бағдарламасы.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған бұл бағдарлама осыдан бірер жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылды. Оның басқа бағдарламалардан бірнеше айырмашылығы бар. Мысалы, тек жаңа үйлерден ғана емес, екінші нарықтан пәтер, жер үйлер алуға болады. Ал ең бастысы – баспана алуға несие 2 пайызбен беріледі. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған пайыздық ставка.
Дегенмен, бағдарламаның қатаң шарттары бар. Пәтер алушы жергілікті әкімдікте баспана кезегінде тұратын, әлеуметтік әлсіз топтан болуы қажет. Отбасының әр мүшесінің табыс көзі 2020 жылы 62 366 теңгеден аспауы тиіс (2019 жылы бұл көрсеткіш 42 500 теңге болатын). Мысалы, 4 мүшесі бар отбасының айлық табысы 253 464 теңгеден аспауы керек.
Табыс көзі дегеннен шығады, 2019 жылы бағдарлама алғаш қосылған кезде қатысуға бел будық. Жергілікті атқарушы органда ерекше бала тәрбиелеуші отбасы ретінде кезекте 2015 жылдан бері тұрамыз. Бағдарлама басталғаны туралы жаңалықтан біліп, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына бардым. Себебі, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін әкімдікте кезекте тұратыныңыз туралы жолдама алу керек. Бірқатар құжат жинап, өткіздім. Жауабы бір аптадан кейін келіп, жолдама берілді.
Енді осы жолдамамен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне баруыңыз қажет. «Бақытты отбасы» бағдарламасының операторы – осы қаржы институты. Әкімдіктен жолдама алған соң банк сіздің төлем қабілетіңізді тексереді. Айтпағым, былтыр менің отбасымның табысы шартты деңгейден – үш адамға 42 500 теңгеден шаққандағы 130 мың теңгеден асып кетті.
Биыл да бағдарлама мамыр айында басталды. Тек карантинге байланысты әкімдіктен жолдама алу үшін құжатты онлайн тапсырдық. Әлеуметтік желіден жолдама алуға өтініш қабылдау басталғаны, ол үшін shymkent-baspana.kz сайты іске қосылғаны хабарланды. Тағы да бір аптадан соң электронды поштама банкке арналған жолдама келді. Табыс көлемі сол күйі, тек биылғы талап бойынша әр адамның кірісі 62 мыңнан келіп, 187 мың теңгеден аспауы тиіс.
Содан банкке құжат тапсыру мерзімі көктемгі төтенше жағдайдың соңғы жағына дөп келіп, біраз күттік. Мамыр айында төтенше жағдай алынып, карантин шектеулері енгізілген соң банк өтінім берушілерді қабылдай бастады. Барлық сақтық шаралары сақталған, кезекке онлайн жазыласыз, әдеттегідей – маска және антисептик... Менеджерлер тиісті құжаттарды тексеріп, табысыңыз, бар болса – кредит төлемдеріңізді ескере отырып, сізге берілуі мүмкін несие мөлшерін айтады. Сол сәттегі менің қаржылық жағдайымды бағамдап, бірінші кредит бюросындағы тарихымды тексеріп, 13 млн 700 мың несие ала аласыз деді. Менеджердің кеңесімен жұбайымның мүмкіндігі шектеулі бала күтімі үшін алатын жәрдемақысын да табыс көзіне қостық. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан (тағы да сол онлайн брондау арқылы) және жәрдемақы түсетін банк бөлімшесіне барып, соңғы алты айдағы анықтаманы алдық. Сонымен, 15 млн теңгеге дейін алдын ала несие мақұлданды.
Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 15 млн теңгеге дейінгі баспана алуға болады. Қалған өңірлерде несиенің шекті көлемі – 10 млн теңге.
Қош, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінен несие мақұлданды. «Енді сатып алатын пәтер іздеп, құжаттарын бізге тексеруге әкелесіз» деді менеджер. Жолдама мен несиенің алдын ала келісімінің мерзімі – 6 ай. Дегенмен, жарты жыл бойы күтудің қажеті жоқ, ертерек қамдану керек.
Жарнама және хабарландыру жарияланатын сайттарды, газеттерді шолу басталды. Біз жеке үй емес, пәтер аламыз деп шештік. Сол тұста сатушыға банк арқылы алатыныңызды алдын ала ескерту маңызды. Себебі, пәтерді банк арқылы сатып алу әдеттегі, қолма-қол ақшаға сатып алуға қарағанда ұзағырақ жүреді. Бұл жерде сізге несие беретін банк пәтердің құжатын толық тексереді. Өйткені, жылжымайтын мүлік несиеңізді төлеп біткенше банкке кепілдікте тұрады.
Сатушымен бағасына келісіп, ауызша келісім жасалған соң пәтерді бағалау керек. Онымен банктен аккредициядан өткен тәуелсіз бағалаушылар айналысады. Менеджер ұсынған тізімнің арасынан бір бағалаушыға хабарласып, пәтерді бағаладық. Қызмет бағасы – 9000 теңге. Барлығы ресми, төлем чекпен расталады. Пәтерге барып, іші-сыртын суретке түсіріп, 1-2 күнде бағалау құжатын қолымызға алдық. Айта кетейік, біз бір пәтермен шектелмей, өз қаржымызға үш пәтерді бағаладық. Себебі, уақыт тығыз, бірінің болмаса бірінің құжаты банк талабынан өтсе, ертерек рәсімдеуге кірісеміз.
Сатушымен қай бағаға келіскеніңіз банк үшін маңызды емес. Несие тәуелсіз бағалаудан кейінгі пәтер құнына байланысты беріледі. Мысалы, сіз ұнатып, алғалы отырған баспананы сатушы 15 миллион теңгеге сатқысы келеді делік. Ол – өзінің сұрап отырған сомасы, ал бағалауда ол құннан төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Бағалаушы сол пәтерді 14 млн теңге деп бағаласа, банк те сізге несиені осы көлемде береді. Әрине, сізге алдын ала 14 млн теңгеге дейінгі несие мақұлданған жағдайда ғана. Ал сатушы пәтерін сізге 14 млн теңгеге сатуға келіспесе, баға айырмасын өзіңіз төлейсіз немесе басқа пәтер іздейсіз.
Осылайша мамыр айының соңында банкке баруды бастап, қарастырып жүріп, шілденің басында бір пәтерге тоқталдық. Енді сату-сатып алу келісім-шартын жасасу керек. Ол құжатты банк филиалындағы нотариуста немесе басқа нотариуста рәсімдеуге болады. Сол құжатты ХҚО арқылы әділет органдарында тіркеуге өткізесіз. Тіркелген соң банкпен жылжымайтын мүлікті кепілге алу келісім-шартын жасастық. Мұның барлығы бірер күннен бастап бір аптаға дейін созылуы мүмкін.
Құжаттарды рәсімдеген менеджер несие бөліміне жіберді. Ол жақта да ұзын-сонар кезек. Себебі, бағдарлама арқылы баспана алуға ниет білдіргендер көп. Осыны білетін, жаңалықтан өздері де құлағдар болып отырған сатушылар үй бағасын қымбаттатып жіберген. Мұны мамыр айының соңында қарастырған пәтерлерге шілде айының басында қайта оралғанда байқадық.
Енді бағдарлама шарты бойынша пәтер құнының кемінде 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна құю қажет. Өтініш беруші жарна ретінде Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде жинаған қаржысын пайдалана алады. Ал ондай есеп-шотыңыз болмаса, ашып, бірден құюға болады. Біз есеп-шотты несие мақұлданған күні аштық, сөйтіп, пәтер алуды ойластырғаннан бастап ақша жинауды бастадық. Қарызданып, қауғаланып жүріп, 1,5 млн теңге жиналды. Соны менеджер айтқан күні банктегі шотымызға құйдық.
Осы тұста айта кетейік, жергілікті әкімдік тарапынан пәтер құнының алғашқы жарнасын өтеу мақсатында, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау ретінде 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Оны алудың да өз шарттары бар және ол жылдың белгілі бір мерзімінде беріледі.
Сонымен, несие мақұлданды. Құжаттар банктің Алматыдағы бас кеңсесіне жіберіліп, екі күнде қайтып келді, қол қойылды. Бізге берілген несие пәтердің сатып алу ақшасы ретінде сатушының есеп-шотына аударылды. Яғни, сату-сатып алу келісім-шарты жасалғаннан бастап ақша сатушының қолына жеткенше бір аптаға дейін уақыт өтеді. Жылжымайтын мүлікті банк арқылы рәсімдеудің бір ерекшелігі – осы. Пәтер сатушыға осы шартқа алдын ала ескертіп, айтуыңыз керек, әйтпесе, түсініспеушілік туындауы мүмкін. Осылайша арада 2 айға жуық уақыт өткенде пәтер кілтін қолымызға алдық...

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.