КҮЗГІ АХУАЛҒА МЕГАПОЛИСТІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ Избранное

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 300 раз

 DSC9838

Әлемнің бірқатар елінде коронавирусқа қатысты ахуалдың нашарлауы байқалуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауы бойынша, жұқпалы респираторлық вирусты инфекция және тұмау дертіне қатысты жағдай қараша-желтоқсан айларында күрделенуі мүмкін.

Осыған орай үшінші мегаполисте COVID-19 және вирустық пневмонияның ықтимал өршуіне қарсы оқу-жаттығу өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен өтіп жатқан іс-шараның мақсаты – қаладағы барлық медициналық ұйымдардың инфекциямен күреске дайындығын барынша пысықтау.
Іс-шараға инфекциялық және провизорлық стационарлармен қатар меншік нысанына қарамастан барлық бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдары қатысты. Яғни, 36 емхана, 9 диагностикалық орталық, 7 ПТР зертханасының қызметкерлері жұмылдырылды.
Алдымен Рысқұлов даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясының call-орталығында шағын жиын өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары
Шыңғыс Мұқан, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Ғалымжан Әбішев бастаған басқарма мамандары, жедел жәрдем станциясының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы оқу-жаттығудың мақсатына тоқталып өтті.

 

a5037f26-6af7-4329-861f-d1464c64b4e9

 

– Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық шаралары жүргізілуде. Медицина қызметкерлері мен жоғарғы қауіпті топтағы адамдарға тұмауға қарсы егу жасалады, – деді
Шыңғыс Мұқан. – Қалалық штаб медициналық ұйымдардың COVID-19 және вирусты пневмониямен күреске дайындығын пысықтайды. Қазіргі таңда қалада медициналық ұйымдардың үздіксіз жұмысына қажет жеке қорғаныш құралдары, ИВЛ және оттегі аппараттарының қоры құрылды. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер дайындалды, қосымша оқытылды. Сондықтан, тұрғындар жеке қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет, егер әр адам бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтаса, дерттің өршуіне тосқауыл болар еді.
Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, былтырмен салыстырғанда Шымкенттегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын қаржыландыру көлемі 6,5 есеге өскен. Сонымен бірге, мегаполистегі бірқатар медициналық ұйым күрделі жөнделуде, бірқатарындағы жөндеу аяқталды. «Былтыр 152 млн теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатта 6 млрд теңгеден астам қаржы қаралды», - деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Оқу-жаттығу барысында қала әкімінің бірінші орынбасарына call-орталық операторларының жұмысы таныстырылды. Мұнда науқас шақыртуының «103» пультіне түскен сәтінен бастап, тиісті белгілері болған жағдайда, стационарға жатқызуға дейінгі іс-әрекеттің алгоритміне баса назар аударылды.
Мамандардың мәліметінше, қала тұрғындарына жедел медициналық көмек 4 санат бойынша көрсетіледі. Жедел жәрдем станциясының операторы бірер минуттың ішінде өзіне қажет мәлімет алған соң, науқастың жағдайына қарай, жедел жәрдем бригадаларын көрсетілген мекенжайға бағыттайды. Ондағы дәрігерлер науқасқа жетіп, жай-күйін бағамдап, тиісті провизорлық стационарға жеткізеді.
Сондай қоңырау шалған тұрғынның бірі Асардағы провизорлық орталыққа жеткізілсе, екіншісін жедел жәрдем бригадасы «Атамекен» провизорлы стационарына алып келді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, мұнда орта дәрежелі науқастар жеткізіледі. Ары қарай орталық мамандары науқастың жағдайына қарай палатаға жатқызады немесе анализ алады.
Медициналы оқу-жаттығу жұмыстары қалалық №3 емханада да өтіп, дайындық жұмыстарын зерделеді.
Жауапты мамандар мұндай оқу-жаттығулар алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіледі деп отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.