Қордағы ақшаны қалай аламыз?

Среда, 23 Сентябрь 2020 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 359 раз

мұхтар мұсаевРедакциямызға сұрақты дәл осылай қойып хабарласқан оқырман саны күн сайын артып келеді. Бәрінің де білгісі келетіні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына осы кезге дейін жинап келген қаржысын алу жолдары қандай?
Оқырмандардың осы тақылеттес сауалдарына БЖЗҚ АҚ Шымкент қаласындағы филиалының директоры Мұхтар МҰСАЕВ жауап береді.

Сағира КӨПБАЕВА,  «Қайтпас» шағынауданының тұрғыны:

–Зейнетақы қорындағы қаржыны алуым үшін қорда қанша ақшам болуы керек? Оны алудың тәртібі қандай? Жарияланған кестеде, мысалы 35 жастағылардың қордағы қаржысы 2 961000 теңгеден кем болмауы керек деп көрсетілген. 40 жастағылар үшін 3 437 000 теңге. Ал, 37 жастағылар үшін қанша қаржы жиналған болуы керек?

Жауап:

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ салымшылары өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алатындығын атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы биыл жыл соңына дейін Қазақстан Республикасының барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерін қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді.
Сондықтан азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асырудың түпкілікті шарттары мен тетіктерін айқындайтын нормативтік-құқықтық актілердің ережелеріне қатысты жұмыс толық аяқталғанға дейін БЖЗҚ тарапынан бұл мәселеге қандай да бір түсініктеме беру әлі ерте.

 

Асан ПЕРДЕБАЙ, жұмысшы:

–Мен Құдай қаласа алдағы екі айдан соң зейнетжасына жеткелі отырмын. Білейін дегенім, Қордағы қаржысын салымшы қандай жағдайларда ала алады?

Жауап:

–«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31-бабына сәйкес, Қорда зейнетақы жинақтары бар төмендегі азаматтардың төлем алуға құқығы бар:
• ерлер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа толғанда, бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдері: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
• Заңның 59-бабының 1-тармағына сәйкес ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде, мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасқан ерлер 55 жасқа толғанда; әйелдер 50 жасқа толғанда; 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда ала алады.
• Мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер;
• Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
Сонымен бірге, Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

 

Айгүл ЖАППАРОВА, медбике:

–Зейнетақы қорындағы ақшаны үй жөндеуге алуға болады дегенді естідім. Ол үшін алдымен қорда қанша теңгем барын қалай білсем болады?

Жауап:

–Зейнетақы жинағыңыздың жай-күйі туралы ақпарат алу үшін интернет-ақпараттандыруды таңдаған өте ыңғайлы. Қор сайтына тіркеліп, жеке кабинет немесе ұялы қосымша арқылы өз шотыңызды бақылауға болады. Смартфон немесе планшетіңіздегі қажетті тетіктерге бірнеше рет басу арқылы сіз жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ала аласыз, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, келісімшарттардың деректемелерін және тағы басқаларды көре аласыз. Ұялы қосымшада авторланудың екі тәсілі бар: ЖСН мен парольді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану. ЖСН логин ретінде Қордың деректер базасында тіркелуі тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек қосымшаны ғана дамытып қоймай, танымал мессенджерлерде белсенді жұмыс істейді және түрлі функцияларды енгізуде. Танымал Telegram мессенджерінде БЖЗҚ-ның арнайы боты – ENPF_bot арқылы шағын үзінді-көшірме алуға, жеке кабинеттен парольді қалпына келтіруге, Қордың өзекті жаңалықтарымен және ағымдағы көрсеткіштерімен танысуға, сондай-ақ жақын арадағы бөлімшесін табуға болады. Ботты мессенджер арқылы қосу үшін іздеу жолында @enpfbot сөзін теріп, START пернесін басыңыз.
Үзінді көшірмені тікелей Ботта алу үшін сізге ақпараттандыру тәсілі ретінде «Интернетті» таңдау қажет. Ақпараттандыру тәсілін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте немесе Қордың кез-келген кеңсесінде өзгертуге болады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ қызметтерінің 90%-дан астамы онлайн түрінде көрсетіледі. Жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы үзінді көшірмені, сондай-ақ, БЖЗҚ кеңселерінің біріне жеке хабарласқан кезде алуға болады. Үзінді көшірмені кеңсеге өзіңіз барып алғыңыз келсе, жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды ұмытпаңыз. Алайда, елімізде орын алған карантин жағдайында кеңсеге бару үшін, алдын ала жазылуыңыз керек. Ол үшін БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы «Байланыстар» бөліміне өтіп, қажетті бөлімшенің кезекші мамандарына хабарласқаныңыз жөн.
Дегенмен, зейнетақы жинағыңыздың көлемі мен жай-күйі туралы ақпаратты пошта арқылы алуға да болады. Пошта байланысы арқылы берілетін ақпарат жылына бір-ақ рет келетінін ескеріңіз. Егер сіз өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңызды өзгерткен болсаңыз, онда Сізге БЖЗҚ филиалына келіп, бұл туралы жеке хабардар ету керек немесе егер электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, Қордың сайты арқылы жеке кабинетте өз деректемелеріңізге өзгерістер енгізу қажет болады.