«Сымбат-Нұр» Қорға қай ісімен жақпай қалды? Избранное

Пятница, 09 Октябрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2249 раз

Шымкент қаласында орналасқан «Сымбат-Нұр» медициналық орталығы таңдаулы жекеменшік емдеу мекемелерінің бірі. Бәтеш Айтбайұлы басқаратын клиника емханаға тіркелу бойынша халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

308

 

Өздеріңіз білетіндей, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында әрбір азамат өзі қалаған емханаға тіркелуге құқылы. Осы еркіндікті пайдаланған «Сымбат-Нұр» медициналық орталығы адамдарды осы клиникаға тіркелуге шақыруда.
Бәтеш Айтбайұлының айтуынша медициналық орталықтың артықшылықтары көп. Біріншіден, қызмет көрсету сапасы өте жоғары деңгейде. Екіншіден, адамдар міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы тегін ем қабылдай алады.
Клиникада анализдің барлық түрі жасалады. Қанның ИФА, ПЦР, клиникалық, биохимиялық сынамалары клиниканың өзінде жүргізіледі. МРТ, КТ диагностикасынан басқа зерттеулердің барлығын осы жерден өтуге болады. Медициналық орталықта УДЗ, рентген, флюра, лор-комбайн, ЭФГДС аппараттары жұмыс істейді. Мұнда дәрі-дәрмекпен емдеп қана қоймай, көзге, жүрекке ота да жасалады. Клинкада эндокринолог, окулист, лор, уролог, хирург, невропатолог, терапевт, жалпы тәжірибедегі дәрігер, педиатр секілді жоғары саннаты білікті мамандар қызмет көрсетеді.
—Отандық медицинаны толғандыратын басты проблеманың бірі сапалы қызмет екені жасырын емес. Ол күнделікті тіршілігімізде кездесетін жәйт. Ұзын-сонар кезектер, анализдер тапсырудың, диагностикалық зерттеулерден өтудің, нақты дәрігер-мамандардың қабылдауына жазылудың қиындықтары секілді проблемаларды айтудың өзі жеткілікті. Медициналық орталықта осы мәселелер өзінің оң шешімін тапқан. Адамдар кезек күтіп, анализ тапсырып, дәрігердің соңынан қуып шаршамайды. Барлық ем-дом шаралары жедел атқарылады, науқасқа барынша ыңғайлы жағдай қарастырылған,-деді клиниканың бас дәрігері.
Медициналық орталық 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Сымбат-Нұр» клиникасы қаланың екі жерінде орналасқан. Бірі Ғ.Іляев көшесі бойында болса, екіншісі Ақжайық шағынауданында. Алғашқы кезде емдеу мекемесіне тіркелген адамдар саны 2 мыңға жуықтаса, қазіргі таңда 7 мың адам тіркеуде. Ендігі кезекте олардың санын 10 мыңға жеткізуге жоспар бар. Клиникаға биыл тіркелгендер келесі жылдан бастап сапалы медициналық қызметке қол жеткізетін болады.
—Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен бірге мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелері арасындағы айырмашылықтар жойылды,-дейді Бәтеш Айтбайұлы. —Яғни адамдар жекеменшік клиникалар тек ақылы түрде емдейді деген бұрынғы көзқарастан арылу керек. Медициналық сақтандыру қоры арқылы өзі қалаған кез келген емдеу ұйымына тіркеле алады. Мейлі ол жекеменшік клиника болса да. Бұл арада қандай да бір емдеуші мекеме сапалы қызмет ұсынса, адамдардың соған ұмтылатыны ақиқат. Сондықтан сапа мәселесінде біздің ұтарымыз көп. Қазір қаладағы 36 мемлекеттік емхана мен 78 жекеменшік клиника арасында бәсекелестік жүріп жатыр. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында бұл бәсекелестік әлі күшейе түседі. Дей тұрғанмен «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының қанатын кеңге жаюына белгілі бір себептер кедергісін келтіруде. Дәлірек айтқанда «Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ коммерциялық емес ұйымы Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Ләззат Әлімова Ақжайық шағынауданындағы тұрғындарды біздің клиникаға тіркетуге рұқсатын бермей отыр. Әйтпесе, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы, тіпті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де «Сымбат-Нұр» клиникасына Ақжайық шағынауданы тұрғындарының тіркелуіне қарсы емес. Яғни сол маңдағы қала тұрғындарының біздің клиникадан сақтандыру қоры арқылы ем қабылдауға келісімін беріп отыр. Алайда бұған аталмыш қордың Шымкент филиалы бойынша басшысы Ләззат Әлімова қарсылық танытуда. Оның айтар уәжі біздің медициналық орталық 3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан ондай мүмкіндікке ие бола алмайды екен. Бірақ та біз секілді қаншама жекеменшік клиникалардың барлығы да маңайындағы тұрғындарды өздеріне тіркетіп алған ғой. Осы мәселені ол неге ескермейді?
Бәтеш Айтбайұлының айтуынша Қордың қабылдаған мұндай шешімі Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа көрсетілетін медициналық және өзге де әлеуметтік қызметтер адамдардың тұрғылықты жеріне жақын болуы тиіс деген тапсырмасына қайшы келіп отыр. Сондықтан Қор басшылығы түсіністік танытып аталмыш проблема алдағы уақытта өзінің оң шешімін табар деген үмітте.