Версия для печати

КӨЗІЛДІРІКТІ ҰЛТҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?.. Избранное

Среда, 21 Октябрь 2020 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1663 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ертеректе қазақ арасында жанары өткiр, қыран көздi адамдар көп болған деседі. Кең жайлауда асыр салып өскен ол уақыттағы ұл-қыздың көз бұлшық етi мен тiнi әбден шынығып, жанары алыстағыны анық көруге кішкентайынан дағдыланса керек. Қазір дәрiгерлер көзi 100 пайыз жақсы көретiн адамның көру қабiлетiн шартты түрде 1 бiрлiк деп есептейдi. ХIХ ғасырдың соңына дейiн төрт-бес бiрлiк көретiн мергендер қазақ арасында жиi кездескен екен. Сол мергендер қазір болса Головин-Сивцев кестесiнiң бiрiншi қатарын (Ш мен Б әріптерін) 200-250 метр қашықтықтан қиналмай оқыр едi. Ал, бүгiнде оны 50 метрден оқитын (1 бірлік көретін) адамдардың өзi сиреп барады.

705

 

Ультракүлгiн сәуленiң зияны көп

Елiмiзде нашар көретiн адамдар көбейіп келеді. Әсiресе, катаракта (көз бұршағын ақ басуы), егделiк макулодистрофиясы (егде адамдарда кездесетiн көздiң тор қабатының және ондағы қан тамырларының өзгеруiнен болатын кесел), глаукома (суқараңғылық) және миопия (алыстан көре алмаушылық) секiлдi аурулар айтарлықтай көбейген. Мамандар мұның бiрнеше себебi бар дейді. Атап айтқанда, халықтың көбеюі және орташа өмiр сүру ұзақтығының артуы қоғамда егде жастағы адамдардың үлесiн молайтуда. Ал, қарттардың қатары қалыңдаған соң егделiкпен бiрге келетiн көз аурулары да көбейедi. Бұл – заңды құбылыс.– Екiншi себеп – қоршаған ортаның ластануы, экологиялық ахуалдың нашарлығы. Ауада көмiрқышқыл газы көбейген сайын озон қабаты жұқара бередi. Қазiр кейбiр жерде озон тесiктерi де пайда болды. Сөйтіп күннен бөлiнетiн ультракүлгiн сәуле мөлшерi артуда. Ал, оның шамадан тыс болуы көз бұршағының ертерек ағаруына, яғни катаракта кеселiнiң «жасаруына» тiкелей әсер етедi, – дейдi жоғары санатты офтальмолог-дәрігер Дулат Үдербаев.
Ал, үшiншi және ең басты себеп – халықтың өмiр салтының өзгеруi. Қазiр адамдар уақытының үлкен бөлiгiн ғимараттарда, көлiк тiзгiнiнде, компьютер мен теледидардың алдында өткiзедi. Қала бердi смартфондар да талай адамның көз майын тауысып барады.

Әр үшiншi түлек нашар көредi...

Бұл жағдай балалар офтальмологиясында күрделi проблемалар туындатып отыр. Дәрiгерлер елдегі жағдайды саралағанда бiрiншi сыныпқа баратын бүлдiршiндердiң 5 пайызының көзi нашар көретiнiн анықтаған. Өкiнiшке қарай, бұл көрсеткiш 11 жылда 7 есе артады екен. Орта мектеп бiтiрген балалардың 35 пайызының, яғни әрбiр үшiншi түлектiң көру қабiлетi нормадан төмен. Бүгiнде Оңтүстiк Корея, Қытай, Жапония, Вьетнам секiлдi елдерде студенттердiң 75 пайызы көзiлдiрiк тағады. Бұл түрiмiзбен ендi 10-15 жылда бiз де сол деңгейге жетiп қалуымыз әбден мүмкiн.
– Бұрын балалар далада, таза ауада көп ойнаушы едi. Біздің бала күнгі ойындарымызда қимыл-қозғалыс көп болатын, бір затты дәлдеп атып, бір-бірімізді іздеп, алысқа қарауға дағдыланатынбыз. Ауыл балалары түнде аспанға қарап, жұлдыз санайтын. Осының барлығы көру қабiлетiнiң дұрыс жетiлуiне көмектесетін. Ал, қазiр жеткiншектер күнi бойы үйден шықпайды. Ғалымдар миопияны ағзадағы дәнекер тiнiнiң әлсiреуiнен болатынын дәлелдеген. Яғни, миопия әлжуаз, шынықпаған балада көбiрек кездеседі. Мектепте бағдарлама өте күрделi. Қала бердi балалардың көбi компьютерлiк ойындарға таңылған. Қазіргі қашықтықтан оқыту режимі жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберуі мүмкін. Бүгінде тiлi шықпаған баласына планшет пен смартфон берiп алдандыратын ата-аналар көбейдi. Нәтижесiнде баланың көзi туғаннан-ақ жақыннан көруге қалыптасады. Олар өз қолымен баласының денсаулығына, болашағына кесiрiн тигiзiп жатқанын бiлсе де оған аса мән бермей жүр, – дейдi жоғары санатты балалар офтальмологы Наталия Гончарик.
Ғалымдардың зерттеуiнше, адам ақпараттардың 70 пайызын көру арқылы қабылдайды. Қалған 30 пайызы ғана есту мен басқа сезiм мүшелерi арқылы алынады. Соңғы бiр ғасырда, ғалымдардың пайымдауынша, адамның көз мүшесiне түсетiн ауыртпалық 2 есеге артқан. Осының бәрiн ескерсек, миопияға шалдыққан балалардың сабақты жақсы оқуы екiталай. Себебi, көзi нашар көретiн баланың миында бейненi түсiну-түйсiну процесi дұрыс жүрмейдi. Тақтадағы жазуды немесе көрнекi құралдарды дұрыс көре алмаған бала үздiк болады дегенге сену қиын. Ал, ХХI ғасыр ақпараттар ағыны тасқындаған, ғылым-бiлiм салтанат құрған дәуiр десек, көзi нашар көретiн баланың бәсекеге қабiлеттiлiгi төмендей бередi. Демек, бiр сәт құлағым тыныш болсын деп балаға телефонын ұстата қоятын жауапсыз ата-аналар өз баласының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына да кесiрiн тигiзiп жатқанын бiлуi тиiс.
Наталия Александровна «Ата-ананың басты мiндетi – балаларын 1 жастан бастап жылына 1 рет көз дәрiгерiнiң тексеруiнен өткiзуi қажет. Бала мектепке барар алдында да мiндеттi түрде көз дәрiгерiне қаралып, көзi нашар көрсе көзiлдiрiк алуы тиiс» дейдi.

Лазерлi ота жасату көпшiлiкке арман

Миопия – бүгiнде ең жиi кездесетiн көз ауруының бiрi. Сырқаттың бұл түрiне шалдыққан адам алыстағыны анық көрмейдi. Көру қабiлетiнiң нашарлауы диоптриямен өлшенедi. Егер адамның көзi алыстан көрмейтiн болса, диоптрия мәнiнiң алдына минус белгiсi қойылады. Егер көру деңгейi 6 диоптирядан төмен болса, демек, мұндай адамда миопияның айтарлықтай жоғары деңгейi, ал, 15 диоптриядан төмен болса, өте жоғары деңгейi бар деген сөз. Егер айталық, минус 20 диоптрия болса, мұндай адам көзi сау адам көретiн қашықтықтың 5-7 пайызын ғана көруi мүмкiн.
Миопияның деңгейi науқас адам 21-23 жасқа келгенде ғана тұрақтанады. Оған дейiн миопиясы бар адамға тағайындалатын ем – тек көзiлдiрiк тағу, көз жаттығуы мен дәрумендер қабылдау ғана. Бұл аурудың асқынуының алдын алуға көмектеседi.
Қазiр медицинаның дамуына байланысты тұрақтанған миопияны ота арқылы емдеу жолға қойылған. Егер минус 15 диоптрияға дейiн болса, мұндай адамдарға «Эксимер» құрылғысымен лазерлi коррекция арқылы ота жасалады. Егер миопияның деңгейi одан жоғары болса, мұндайда көзге қосымша жасанды хрусталик имплантацияланады немесе ол толықтай жасанды хрусталикке ауыстырылады.
Негiзiнде қазiр мейлiнше қауiпсiз және жиi қолданылатын тәсiл – лазерлi коррекция. Бiрақ, бұл ота түрi Қазақстанда косметикалық оталардың қатарына жатқызылған және тек ақылы негiзде жасалады. Онда да Астана мен Алматы қалаларында ғана. Отаның бұл түрiне мемлекет тарапынан ешқандай жеңiлдiк пен квота қарастырылмаған. Бағасы – 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейiнгi аралықта. Егер жоғары дәрежелi миопияға шалдыққан адамдардың денi жұмысқа жарамсыз екенiн, мүгедектiгi үшiн берiлетiн жәрдемақыға ғана арқа сүйеп отырғанын ескерсек, олардың мұндай қымбат отаға қол жеткiзе қоюы қиын екенi бесенеден белгiлi.
Бұл мәселеге неге ерекше тоқталып отырмыз? Жоғары дәрежелi миопияны уақтылы емдемесе, оның соңы әртүрлi асқынуларға әкеп соқтыруы мүмкiн. Мәселен, мұндай кеселi бар адамдар катарактаға жиi ұшырайды. Қала бердi оларда глаукома пайда болуы немесе көздiң торқабатының зақымдалып, тiптi ажырап кетiп, зағип болып қалуы да әбден мүмкiн.

Суқараңғылықтан сақтаныңыз...

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерiне сүйенсек, жынысына, нәсiлiне, әлеуметтiк жағдайына, кәсiбiнiң түрiне, дамыған немесе артта қалған мемлекетте тұратынына қарамастан жасы қырықтан асқан адамдардың 2 пайызы глаукома, яғни суқараңғылық кеселiне шалдығады екен. Облыстық офтальмологиялық аурухананың жанындағы кеңес беру – диагностикалық емханасында облыстың 7 916 тұрғыны глаукомамен дипансерлiк есепте тұрады.
– Глаукоманың ең жаман жерi – аурудың алғашқы сатыларында оның белгiлерi адамға айтарлықтай сезiле бермейдi. Бiрақ, ол көру қабiлетiңiздi бiлдiрмей нашарлатады. Мәселен, науқас адам дәрiгерге аурудың екiншi-үшiншi сатысында қаралса, оған дейiн көру қабiлетi кемiнде 40-50 пайызға нашарлап қалады. Ең өкiнiштiсi сол – ешқандай ем глаукомадан жоғалтқан көру қабiлетiңiздi қалпына келтiре алмайды. Емделмеген глаукома кеселi 4-6 жылда толық зағиптыққа әкеп соқтыруы мүмкiн. Сол себептi кеселдiң әлеуметтiк маңыздылығын ескере отырып, глаукома скринингтiк тексеруден өткiзiлетiн аурулардың қатарына қосылған, – дейдi Дулат Өмiрзақұлы.
Ашығын айтқанда, глаукоманы уақтылы емдемесе, адамның соқыр болып қалатыны анық. Сол себептi «ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iздеген» абзалырақ екенiн ұмытпаңыз.

Бәрi өз қолыңызда

Дәрігерлердің айтуынша, көздiң көру қабiлетiн сақтаудың жалғыз жолы – дәрiгерге уақтылы қаралып отыру. Көзiңiз ауырса, қызарса, жасаураса, бұлдыраса, қышыса, iсiнсе немесе басқа да бiр жайсыз сезiмдер пайда болса, дереу көз дәрiгерiне көрiнiңiз. Өйткенi, вьетнам халқында «Денсаулық – ағзалардың үнсiздiгi» дейтiн мақал бар. Егер көзiңiз сап-сау болса, әлгi белгiлердiң бiреуi де болмауы тиiс. Тiптi, ол белгiлер болмаған күннiң өзiнде әр адам кемiнде жылына бiр рет офтальмологтың алдынан табылуы тиiс.
Қысқасы, бәрi де өзiңiзге байланысты. Егер Сiз өз денсаулығыңызға жауапкершiлiкпен қарап, уақтылы емделуге ниеттенсеңiз, бүгінде елімізде оған барлық мүмкіндіктер бар. «Екi көзiң – шырағың» дейдi дана халқымыз. Олай болса, шырағыңыз сөнбесiн, құрметтi оқырман!