Темур ПАК: «Шымкенттің намысын барлық жерде қорғап жүремін» Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1554 раз

Шымкенттік мұғалім республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі этнос жастары арасында «Абай оқулары» республикалық байқауы өткен болатын. Өнер сайысында әр өңірден үміткерлер бақтарын сынады.

705

 

Бұл додаға Шымкент қаласы атынан №88 мектептің мұғалімі Пак Темур Андреевич қатысты. Онлайн сайыста үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер туралы өлеңдерін оқыды, «Абай жолы» эпопеясынан үзінді әңгімелеп берді, ұлы ғұламаның қара өлеңдерін жатқа айтты. Соған қоса әр үміткер «Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы» тақырыбында бейнеролик дайындаған болатын.
Сонымен, әділқазылардың бірауыз шешімімен үшінші мегаполистің намысын қорғап, Абай шығармаларын көркем шеберлікпен орындаған Темур бас жүлдеге ие болды.
Жерлесімізді жеңісімен құттықтап, бір ауыз әңгімелесу үшін хабарласқанымызда жергілікті телеарна бағдарламасына қонаққа баратынын айтты. Сол жақта жолыққанда бұл жігіттің қазақтың қарапайым ұлынан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін аңғардық. Оның себебі де бар.
Темур Абай шығармашылығымен бала кезінен бері таныс. Жай таныстық емес, ұлы ағартушының шығармашылығын жанына жақын тұтқанын айтады. Мектеп жасынан өзі секілді қазақ тілін жетік меңгерген құрдастарымен облыстық, республикалық байқауларда талай рет жүлдегер атанған. Ал осының бәрінің негізінде ата-ана тәрбиесі жатыр.
– Әкем мен анам Шардара қаласында танысып, отбасылы болған. Бірнеше жылдан кейін әкем үйдің кенжесі болғандықтан, қарашаңыраққа – Мақтаарал ауданының қазіргі Қызылқұм ауылына көшіп келеді. Біз сонда туып-өстік. Кішкентайымыздан отбасымызбен қазақи ортада тәрбиелендік. Қазақ халқының салт-дәстүрін меңгеріп, ұлттық мерекелерді ауылдастарымызбен бірге атап өтетінбіз. Жалпы, ауылда «сен қазақсың, сен кәріссің» деп немесе басқаға бөлмей, бәріміз тең болдық. Ауылда жұмыс істейтін әкем сол кезден болашақты болжап, осы елдің азаматы болсын деп, мені қазақ сыныбына берген. Ата-анам әлі де сол жерде тұрады. Осылайша аты-жөнім мен ұлтым кәріс болғанымен, жаным қазақ. Жұбайым да қазақ. Қазір, шүкір, Құдайдың берген бірнеше ұл-қызын бірге тәрбиелеп отырмыз, - деп жымиды Темур.
Темур Пак бүгінде мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Қазіргі таңда ҚХА корей этномәдени бірлестігінде жастар қанатының төрағасы қызметін қоса атқарады.
– Біз – Қазақстанға қоныс аударған кәрістердің үшінші ұрпағымыз. Сонау нәубет жылдары құшағын кең ашып, бізге қамқорлық көрсеткен қазақ халқына мың алғыс деп айтамыз. Сондықтан еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің басын бір шаңырақ астына біріктірген Ассамблеядағы жұмысым да жаныма жақын. Қазақ және кәріс халқының тұтастығына өзімнің үлесімді қосқым келеді. Отбасымызда қазақша сөйлесеміз. Тіпті, Оңтүстік Кореядағы туыстарыммен қазіргі заманауи әдістермен байланысқа шыққанда да оларға қазақша үйретіп отырамын. Жай үйретіп қоймай, акцентпен сөйлесе, дұрыс нұсқасын айтамын, - дейді Темур.
Бұл жолғы байқауға Темурды Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының мамандары мұқият дайындаған. Жұмысынан бос кезінде, үйінде дайындалған Темур оқыған Абай өлеңдерінің үзінділерін 4 жастан асқан қызы да жаттап алған екен. Осылайша бір кездері елімізге жер аударылған кәріс этносы өкілдерінің төртінші ұрпағы қазақ болып өсіп келеді...

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.