Қауіп қансорғыштан ҒАНА МА? Избранное

Среда, 11 Ноябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1591 раз

Дезинсекция

Он жылдан бері Шымкент пәтерлері қандала, бүрге секілді қансорғыштар мен ауру тарататын тарақандардан көз ашпай келеді. Көші-қон артқан сайын зиянкестер үйден-үйге тарап жатыр. Өкініштісі, қансорғыштарды улайтын дәрілерді қолдану, жалпы улау шаралары мүлдем бақыланбайды. Соның салдарынан былтыр қарашада, биыл ақпанда қалада үш бала залалсыздандыратын химиялық заттардың кесірінен көз жұмды. Ал дезинсекторлар зиянкестерді жоямын деп тұрғындардың улану жағдайына соқтырып отырғанын біле ме екен?

Қандаланы емес, балаларды...

Түнгі тыныш ұйқыға не жетсін?! Таң атқанша денені дуылдатып, қышыған жерін қасып, тыныштықтан айырылу – нағыз азап. Содан құтылу үшін жұрт әртүрлі қадамға барады. Біреулер қауіпті препарат сатып алып, оны өз бетінше қолданады. Химиялық уды мөлшерінен көп қосып, үйінің бұрышы мен қуысына молынан сеуіп тастайды. Содан есігін тарс жауып, іс бітті деп жөніне кетеді. Алайда зиянды зат үй ішінде тұрмайды. Асүй мен дәретханадағы ауа тартқыштар, қабырғалардағы саңылаулар арқылы іргелес үйлерге тарайды. Бұл жағдай жылдар бойы жеке үйлердегі күнделікті көрініске айналғаны қашан?! Зиянкестерге арналған удың зардабын жәндіктер емес, адамдар тартып жатыр.
Мәселен, Еңбекші аудандық сотының мәлімдеуінше, қайғылы жағдайдың бірі өткен жылдың қарашасында тіркелді. Дезинфектор улы препаратпен үйді заласыздандырады. Ал баспана иелері денсаулығын қорғап, есікті құлыптап, уақытша көшіп кетеді. Өкініштісі, олар болған жәйтті көршілерінен жасырып, бірде-бір адамға алдын ала ескертпеген. Ал көрші пәтерде бір отбасының 11 айлық және 4 жастағы баласы уыты күшті удан көз жұмды.
Екінші оқыс оқиға биыл ақпан айында қайталанды. Улы препарат кесірінен тағы бір отбасында өсіп келе жатқан 8 айлық нәресте бақилық болды.
Әрине, бұл қайғылы оқиғаларға байланысты тиісті тұлғаға заңдық тұрғыда шара көрілді. Үш баланың өліміне себепкер болған дезинфектор жазаға тартылды. 42 жастағы азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін жеке пәтерлерді залалсыздандырып келген оған 3 жылға дейін дезинфекция жұмысымен айналысуға тыйым салынды. Алайда абайсызда кісі өліміне себепкер болған санитарлық қағидаттарды бұзған айыпталушы сотта кінәсін мойындамады.
Ол ол ма, шымкенттік дезинфектордың арнайы рұқсат құжаты да болмаған. Тіпті, кәсіпкер ретінде тіркелмеген. 2018 жылдан бастап көлеңкелі кәсіппен айналысқан. Мұның соңы, міне, балалардың өлімімен аяқталды.

 

дез

 

Қауіпті сала неге қараусыз?

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл салада бақылау жоқ. Халық өмірі мен денсаулығына залал келетін бағыттар бойынша жұмыс бәсекелестік ортаның құзырында. Меморгандарда оларды бақылап, қадағалайтын құқық жоқ.
Бұрын дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын дайындау, өндіру, қайта өңдеу және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ, оларды пайдалану айналасындағы жұмыс пен қызмет түрлері лицензияланатын. Бұл талап 2005 жылғы 15 мамырда қолданыстан алынды. Тек 2009 жылы денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге сәйкес қызметтің кіші түрі ретінде қалыпқа келді. 2014 жылы 16 мамырда «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң қабылданды. Содан бастап дезинфекциялық қызмет қайтадан лицензияланбайтын болды.
Дезинфекциялық орталықтардың оңды-солды жұмыс істеу себебі де осы қадағалаудың жоқтығынан екені анық. Бұған Үкімет араласпаса болмайды...

Пандемия кеселді асқындырды

Елімізде аталған қызметпен айналысатын жеке ұйымдар саны 400-ге жуықтайды. Әйтсе де, тұрғындар үй-жайларын YouTube-тан көргеніндей залалсыздандыруды жөн санайды.
Мамандар кейбір жеке дезинфекторлардың көбі қауіпсіздік техникасынан бейхабар деп есептейді. Оқу курсынан өтіп жатқан ешкім жоқ. Қарапайым ғана жеке бас тазалығы мен еңбек гигенасы ережелерін, тамақ өнімі, ауа және су айдындарының ластануының алдын алу жолдарын білмейді. Зардап шеккендерге алғашқы көмек те көрсете алмайды. Саладағы ахуал осындай.
Коронавирустың таралуы мәселенің өзектілігін арттырып, айқын көрсетіп берді. Біліктілігі, еңбек өтілінің жоқтығына қарамастан 3 айда елімізде дезинфекциялық құралдар, тері антисептиктерін өндіруші компаниялар қатары артқан.
Бұл көпшіліктің пандемия кезінде үйлердің кіреберісін залалсыздандырумен айналысатын мамандар мен волонтерлерге сенімін жоғалтты. Ендігі өзекті мәселе, дезинсекция және дератизация жұмысының 97 пайызға жуығы жеке сектордың үлесінде.

Удан зардап шеккендер көп

Ресми дерек бойынша, 2018-2020 жылдар аралығында дезинсекция, дератизация құралдарын өз бетінше пайдалану нәтижесінде адамдардың улануының 21 жағдайы тіркелді. Олардың 6-ы қайтыс болды. Қайғылы жағдай Шымкентте ғана емес, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Ақтау қалаларында да кездесіп отыр. Кісі өліміне ашық далада ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өңдеуге арналған перепараттардың жеке тұрғын үйлерде қолданылуы себеп болған.
– Улы химикаттар тобы 4-ке бөлінеді. Олардың 1, 2-түрлері өте қауіпті, тек ашық далалық жерлерге арналған. 3-топқа арналған уды білікті маман ғана жасауы тиіс. Дезинфекторлар 5 жыл сайын біліктілігін арттыруы, қызмет жасауға рұқсат беретін куәлігі болуы қажет. Маман қолданатын препараттың класын, нұсқаулығын, жарамдылық мерзімін, тіркеуден өткенін міндетті түрде білгені абзал.
Осы орайда тұрғындар залалсыздандыру жұмыстарына бейжай қарамаса, санитарлық ережелерді толық сақтаса дейсің. Химиялық өңдеу жүргізілгенде инструкцияға сай үйде болмауды, үйге кіргенде есік-терезелерді препарат исі кеткенше ашып, бөлмелерді толық жуып-шаю қажеттігін ескертеміз, – дейді Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Медициналық ұйымдарды және ауруханаішілік инфекцияларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы
Гулнара Нуриева.
1-ден 3-топқа дейінгі препараттардың саудасына рұқсат болмаса да улы химикаттар базарларда оңай сатылып жатыр. Ол аз десеңіз, қалтаңызды қағатын дезинсекторлардың санында шек жоқ. Айналып келгенде, бұл мәселе лицензиялау қажеттігін туындатып отыр. Тәртіп пен шектеу болмаса, көзбояушылықпен ақша табатын арамза кәсіпкерсымақтар көлеңкелі қызметпен табысын еселей беретіні анық. Ал ол – біреу үшін – пайда, біреулер үшін өміріне – найза!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.