ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ – азаматтық қоғам Избранное

Пятница, 13 Ноябрь 2020 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1946 раз

11

Қазақстанда үкіметтік емес ұйым секторы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам институттарының бірі. Осынау сектордың дамуына қоғамымызда қолайлы жағдай жасалып, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Себебі, әрбір мемлекеттің негізгі тірегі – азаматтық қоғам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында да азаматтық қоғамды дамыту және үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру жайлы баса айтты. Азаматтық қоғамды дамытудың Тұжырымдамасы әзірленіп, белсенді қоғам мүшелерін қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Шымкентте «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы. «Birgemiz» атты ІІ Азаматтық форумы өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен жиында азаматтық секторға қатысты көптеген түйткілдер талқыланды. «Шымкент қаласында әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ҮЕҰ қалай әсер ете алып жүр?» деген сауал төңірегінде сала мамандары ой тарқатты.

Барлық ҮЕҰ «Азаматтық Альянсқа» топтасса!..

ІІ Азаматтық форумының негізгі міндеттері туралы қалалық «Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Жұмағали Білісбеков сөз алды.
– Еліміздің қоғам белсенділерін біріктіретін ауқымды іс шара республиканың барлық аймақтарында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Азаматтық қоғамды дамытудың Тұжырымдамасын іске асыру үшін Ұлттық жоспар құру, белсенді қоғам мүшелерін қалыптастыру, қоғамдық бақылау мен шынайы мүмкіндіктер, ҮЕҰ-дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, белсенділердің жұмыс сапасын арттыру – форумның негізгі міндеттері, – деді форумды жүргізген Жұмағали Дәулетбекұлы.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қоғамды дамытуға бағытталған әрбір жобаның мән-маңызын, өзге де мәселелерді бірлесіп талқылауға дайын екенін жеткізді.
– Қазақстанның бүгінгі жетістіктері елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы орайда әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі зор. Шын мәнінде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асатыны анық. Үкіметтік емес ұйымдардың басты мақсаты – халықпен тығыз байланыста болу. Олар Шымкентте де бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл тұрғыда олар мемлекеттің сенімді серігі. Бүгінде Шымкентте 800-ден астам ҮЕҰ жұмыс істейді. Азаматтық қоғам мүшелері қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді, – деді шаһар басшысы.
«Бұл форумның маңызы неде?» деген сауалға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өз ойын былай білдірді.
– Кеңес үкіметі күйреген кезде мемлекет кәсіпкерлікпен айналысатын функцияны кәсіпкерлерге берді. Мемлекет жақсы менеджер емес екенін мойындады. Ол қонақүй, мейрамхана салумен айналыспайды. Мемлекет өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ақырындап азаматтық секторға беріп жатыр. Түбінде оның көптеген функциясын азаматтық сектор атқарады.
Шымкентте 840 ҮЕҰ бар болса, соның 100-ге жуығы ғана белсенді. Оның ішінде «Азаматтық Альянспен» тығыз жұмыс істеп отырғаны 33 екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып «Азаматтық Альянстың» төңірегіне топтассаңыздар, сіздердің дауыстарыңыз да дүркіреп, жететін жерге жетіп жатар еді, – деді Ш. Мұқан.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігі ҮЕҰ барынша қолдап отыр. Қоғамдық
кеңестің 60%-ы азаматтық сектор мүшелері. Қарап тұрсақ, бұл – үлкен тетік. Аталған секторға 2020 жылы 8 лот бойынша 75 млн теңге қаржы қаралыпты. Соның бірі – шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйрететін «Интеллектуалды ұлт» жобасы. Қазіргі таңда 134 мектепте 84 000 оқушы аптасына 1 рет шахмат пәнін оқиды. Міне, осындай жобалар халыққа өте қажет. Азаматтық сектор – халықтың мұң-мұқтажын қорғайтын алтын көпір. ҮЕҰ нақты бір мәселемен айналысып, соны соңына дейін жеткізетін сарапшы болуы керек.

 

 DSC0985

 

Жобаның саны емес, сапасы қажет

«Кеңес одағы ыдыраған соң үкімет бар мәселені шешуді өз мойнына алатын. Ал қазіргі заман ағымы бөлек. Ол да болса белсенді ұйымдардың белсенді жұмысының жемісі. «Азамат» дейтін қастерлі ұғым, бұл мәртебе бізге төлқұжатпен ғана емес, әр азаматтың елі мен туған жеріне жасаған қалтқысыз қызметі үшін беріледі. Бұл үлкен сын. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген бабаларымыз ұл-қызын жақсы азамат болуға шақырған».
Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Шымкентте өткен «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы. «Birgemiz» атты ІІ Азаматтық форумында қоғамдық ұйымдардың қызметін қайта жаңғыртып, транформациялауға қатысты тың мәліметтерімен бөлісті.
– Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ елі қандай мемлекет болуы керек деген сұрақ тұрды. Сол кезде саяси күштердің тарапынан әртүрлі ұсыныстар түсті. «Кеңестік жүйені сақтап қалайық!» немесе «Таза діни мемлекет құрайық!» деген де ұсыныстар болды. Алайда халқымыз «азаматтық қоғамы дамыған мемлекет құрайық» деген шешімге тоқтады. Қанатты қағиданың заңды жемісі қаладағы 800-ден астам қоғамдық ұйымдардың жұмысы деп білемін, - деді ол.
Болат Анапияұлының сөзіне
сүйенсек, мемлекет азаматтық қоғам институттарын қолдауды бір сәтке де тоқтатқан емес. Бұл ең алдымен мемлекеттің мүддесі. Соңғы жылдары қоғамдық ұйымдардың қызметін қайта жаңғыртып, транформациялауға жағдай жасалып келеді. Бірінші кезекте Ұлттық қоғамдық кеңес құру қоғамның сенімін арттыра түсті.
Волонтерлық қызмет саласында да айтарлықтай серпіліс байқалды. Еріктілер жылы аяқталуға жақын. Осы орайда карантин кезінде Шымкент қоғамдық бақылау жүргізу бойынша белсенді жұмыс атқарған қаланың бірі болғанын айта кету керек.
ҮЕҰ дамытудың жаңа тәсілдерін қарастыру қарқынды жүріп жатыр. Жобалардың саны ғана емес, сапасы да қажет. Оның басты нысаны ретінде адам және оның өмірінің сапасы болуы тиіс. ҮЕҰ кәсібилендіру бойынша жүйелі мамандандырылған білім беру мен біліктілікті арттыру бағдарламалары жоқ. Бұл тұрғыда ҮЕҰ-дың академиясы деген пилоттық жоба бастау алуда. Оның басты мақсаты – әр түрлі салада жүрген ҮЕҰ-ға грантты ғылыми бағыттағы жобаларға беру туралы ұсыныс білдірілген.

Шымкентте ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік мол

Ал «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Бану Нұрғазиева қоғамдық ұйымдардың ішінде туризм бағытын дамытуға қатысты жобалардың жоқтығын алға тартты. «Әсіресе, шұғылалы Шымкентте ішкі туризмді дамытуға себептер жетіп артылады. Шымкенттік гастро-тур, жылы ауа райы, табиғатта демалу, қаланың жайлы алаңдары мен саябақтары үшінші мегаполисте туризмді дамытуға тамаша серпін берері сөзсіз», - деді форумға Елордадан арнайы келген Б.Нұрғазиева.
Форум соңында қаламыздың дамытуға үлес қосқан үкіметтік емес ұйым өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.