ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ПАРЛАМЕНТ КЕРЕК? Избранное

Пятница, 13 Ноябрь 2020 04:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 364 раз

DSC 4029

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленгені баршаға мәлім. Осы аптада партиялар кандидаттардың тізімін ұсынуды бастады. Бұл кезең 30 қарашаға дейін жалғасады.

Қазақстанда алдағы сиыр жылы маңызды саяси науқанмен басталмақ. Бұл сайлаудың бұрынғыдан қандай ерекшеліктері бар? Елде көппартиялы жүйенің дамуына жол ашыла ма? Қай партияның дайындығы қай деңгейде? Жалпы, тарихи дамудың осы кезеңінде қазақ мемлекетіне қандай Парламент керек? Жаңадан сайланатын фракциялар мен депутаттардан ел не күтеді? Бүгін осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Партияларды тіркеу: либерализм мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы таңдау

Қазақстан бұл сайлауға үлкен дайындықпен келіп отыр. Өткен жылғы Президент сайлауынан бері елде елеулі саяси реформа жүргізілді. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы Саяси партиялар туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ендігі жерде партия құру үшін 40 мың адамның қолын жинау қажет емес, 20 мың сайлаушының қолдауы жеткілікті.
Әрине, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сарапшылар бұл көрсеткішті 10 мың адамға дейін төмендету туралы ұсыныс айтқан еді. Тіпті, кейбір саясаттанушылар дамыған демократиялы елдердегідей 3 адамның басы қосылса, партия құруға рұқсат беру керектігін алға тартты. Саяси партиялар ресми тіркеуден өтпей-ақ қызмет атқара беретін Францияны үлгі еткендер де бар.

Иә, азаматтардың қауымдасу еркіндігі, соның ішінде саяси ұйымдарға ерікті түрде бірігу құқығы – демократияның базалық қағидаларының бірі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда...
Қазақстан секілді енді ғана қалыптасып келе жатқан шағын мемлекет үшін таразының бір басында демократия құндылықтары, либералистік ұстанымдар, ал, екінші басында ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастық тұратынын ұмытпау керек. Таразы басын тең ұстамасақ, қоғамдық-саяси тұрақтылықтан айырылып қалуымыз әп-сәтте. Азаматтардың қауымдасу еркіндігін толықтай қамтамасыз етеміз деп жүргенде күні ертең этникалық, территориялық немесе діни негізде бірлескен топтар саяси сахнаға шыға келуі әбден мүмкін. Қазақстанның жақын тарихындағы «Отандастар» секілді этникалық сипаттағы партиялардың қайта пайда болуы – жақсылықтың нышаны болмасы анық.
Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Өйткені, бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Жаңа партияларды тіркеуді неге мұнан да жеңілдетіле түспейді, бұл түрімен саяси реформалар тек қағаз жүзінде қалады» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ал, Президент Қ.Тоқаевтың «Саяси реформалар асығыстыққа салынбай, керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылады» деген сөзінің астарында жоғарыда біз баяндағанымыздай мән-жайлар жатыр.

«Кісіге қарап сөз алма... »

Қоғамда пікір қайшылығын туындатқан тағы бір мәселе – ендігі жерде мәслихат сайлауының да пропорционалды жүйе арқылы, яғни, партиялық тізім бойынша өтуі. Заңға енгізілген бұл өзгерісті сынға алушылардың уәждерін тәуелсіз журналист Әсем Жәпішеваның мына пікірі жинақтап көрсететіндей:
– Мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну механизмін алып тастау – анти-демократиялық қадам. Белсенді азаматтар мәслихат депутаттығына сайлану үшін 6 партияның біріне мүше болып, кандидаттар тізіміне қосылуға мәжбүр. Ал, жеңіске жетіп алған соң кандидаттар тізімінен кімді депутат етуді партия жетекшілері өз бетінше шешеді. Мұның қай жері әділеттілік?, – дейді ол өзінің Youtube арнасындағы «Тіл кеспек жоқ» атты бағдарламасында.
Иә, бұл – белгілі бір топтың көзқарасы. Әйтпесе, пропорционалды жүйе – көптеген дамыған елдерде қолданылып келе жатқан өте демократияшыл модель. Оның тиімділігі жөнінде белгілі саясаттанушы Айдос Сарым oinet.kz ақпараттық-сараптамалық сайтына берген сұхбатында айтып өтіпті. Ол:
— Мажоритарлық жүйеде шыншылдар не көсемдер жеңе бермейді, керісінше, ұйымы бар, ұжымы бар, бастысы қыруар қаражаты бар, сөзі қысқа, қолы ұзын ығай-сығайлар жеңіп шығады. Елімізде отыз жылда өткен сайлаулар осыны анық көрсетіп болған жоқ па? Мүйізі қарағайдай, аты жер жаратын мықты ақындарымыз да, батырларымыз да жергілікті зауыт басшыларына немесе жергілікті әкімдерге ұтылғанын талай көрдік. Себебі біреу: сайлау сөз бен ұран ғана емес, ең алдымен технология, ең алдымен адам мен қаржы ресурстарын талап ететін дода. Жүз жерден көсем бол, батыр бол, шешен бол, артыңда әрбір ауылды, әрбір аудан мен көшені жаба алатын, сонда күні-түні қонып жұмыс істейтін командаң болмаса сен ұтыла бересің, – дейді.
Шынында, қазіргі мәслихаттардың құрамына көз жүгіртсеңіз мажоритарлық жүйенің жемісі қандай болғанын бірден аңғара қоясыз. Ондағы депкорпустың 75-80 пайызы – кәсіпкерлер, қалтасы қалың жуандар. Мұндай «халық қалаулылары» мінбеге бір көтеріліп алған соң халықтың қалауын билікке жеткізе бермейтіні рас. Олар үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемалары мен рухани-мәдени дамуына қарағанда өз компаниясының корпоративтік мүдделері
маңыздырақ екенін кімнен жасырмақпыз?!
Енді пропорционалды жүйе бойынша мәслихат депутаттарының ең болмағанда жартысы зиялы қауым өкілдерінен, белгілі ғалымдар, танымал журналистер және білікті дәрігерлер мен ұстаздардан, жалпы белсенді азаматтық ұстанымға ие, елге жанашыр азаматтардан сайлана ма деген үміт бар.
Пропорционалды жүйе уақыт өте келе біздегі қоғамдық сананың өзгеруіне әкелуі тиіс. Айтайын дегеніміз, қазақ қашаннан тұлғаларға қарап бой түзеген халық. Бір жағынан ауыз әдебиетіндегі ел жүгін көтерген қаһармандар санамызға қатты әсер еткен болар, екінші жағынан тарихтағы көрнекті тұлғаларды аңсау бар, әйтеуір біздің қоғам арамыздан бір көсемнің шығып, елдегі барлық проблемаларды шешіп тастағанын күтумен күн кешіп келеді.
Әрине, ұлттың пассионарлық қуаты қалпына келіп, сондай дара тұлғалар қалыптасып жатса, нұр үстіне нұр. Алайда, ХХІ ғасыр жағдайында біз шынайы демократиялы елге айналғымыз келсе, қоғамның дамуына деген дербес жауапкершілікті мойнымызға алып үйренуге тиіспіз. Сонда ғана бізде азаматтық қоғам қалыптасады, азаматтық қоғам қалыптасқан кезде ғана біз жеке тұлғалардың емес, озық идеялардың маңына топтасуды үйренеміз. Қоғамдық сана осылай жетілген кезде партиялар да жекелеген саясаткерлердің ұстанымын емес, идеяларды өз қызметінің өзегі етіп алады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, пропорционалды жүйе бізге хәкім Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген өсиетін орындауды үйретеді.

Сайлауда ғана оянып...

Бүгінде Қазақстанның саяси өмірінде бір қызық, бәлкім қайшылықты жағдай орын алып отыр. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен тиісті заңдарға Парламенттік оппозиция институты туралы норма енгізілді. Сәйкесінше, Мәжілістен орын алған, алайда, басым дауысқа ие емес оппозициялық фракцияға бірқатар өкілеттіліктер беріледі. Заңнамалық тұрғыдан алып қарағанда бұл, әрине, демократиялануға қарай жасалған үлкен қадам. Осылайша, Президент Парламенттің көппартиялы жүйеге өтуіне құқықтық негіз жасап берді. Алайда, бізде Парламенттік оппозиция туралы норма бар болғанымен, оппозицияның өзі бар ма? Бұл сұраққа тап қазір ешкім анық жауап бере алмайды.
Иә, елде биліктің іс-әрекетіне, саясатына көңілі толмайтын адамдар аз емес. Оны өткен жылғы Президент сайлауында оппозициялық кандидат Әміржан Қосановтың 1,5 миллиондай адамның дауысына ие болуынан-ақ көреміз. Бірақ, дәл қазір осы оппозициялық көзқарастағы азаматтардың басын біріктіре алатын, сөйтіп, Мәжілістен ойып орын алып, осынау қалың топтың сөзін сөйлеп, мүддесін қорғайтын, олардың талаптарын билікке орындатып, жүйелі жұмыс істейтін толық мағынасындағы оппозициялық партияны, өкінішке қарай, көріп отырған жоқпыз. Өйткені, өздерін оппозицияның серкесі санайтын талай тұлғалар болғанымен, олардың өзара ынтымағы жоқ. Әрқайсысы көрпені өзіне тартып, «оппозициялық партияның жетекшісі мен болуым керек» деген көзқараста. Бұл да, жоғарыда айтқанымыздай, ортақ идеяның төңірегіне топтасып, ұйыса алмаудың көрінісі, саяси мәдениеттің әлі де ақсап жатқанының белгісі болса керек.
Сонымен алдағы сайлауға заңды тіркеуден өткен 6 партия қатысады. «Nur Otan» партиясының елдегі жетекші саяси күш екені баршаға белгілі. Біз қалған 5 партияның әлеуеті мен дайындығына бір көз жүгіртіп өтсек.
«Ақ жол» демократиялық партиясының саяси аренада 18 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінде мүшелерінің саны 175 мың адамнан асады. Еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары тұрақты түрде жұмыс істейді. Партия Қазақстан фермерлер одағы, ауған ардагерлерінің Жауынгерлік бауырластар одағы, «Каспий табиғаты» секілді бірқатар қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Өткен сайлауда 7 пайыздық межеден асып, Парламент Мәжілісінде шағын да болса, өз фракциясын құрған.
Сондай-ақ, 300 мыңнан астам мүшесі бар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен 100 мыңға жуық мүшесі бар Қазақстанның коммунистік халық партиясын да атап өткен жөн. Бұл екеуінің де өңірлік филиалдары бар. Әсіресе, біріншісі тек сайлау науқаны емес, былайғы кезде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, белсенділік танытуға ұмтылып-ақ жүр. Алайда...
Қоғамның бұл партияларға деген көзқарасы әралуан. Кейбір азаматтар бұл үшеуін «Nur Otan» партиясының филиалдары» деп атайды. Мұндай көзқарастың туындауына аталған партия белсенділерінің аракідік өздерінің екінші орынды місе тұтатынын, «түбі бір билікке келу» деген амбициясының жоқ екенін, яғни, пробиліктік партия екенін мойындап, ашып айтып қалуы да себеп болған шығар.
Ендігі қалғаны 2 партия: Сайлау қарсаңында ребрендинг жасап, «Адал» дейтін атауға ие болып, қайта жандануға ұмтылып жатқан «Бірлік» партиясы туралы пікір білдіруге әзір ертелеу сияқты. Бұл партияның қарқыны қандай болады, қандай бағыт ұстанады, оны уақыт көрсетеді.
Қазақстандағы бірден-бір оппозициялық ұйым — Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Оның 160 мыңнан астам мүшесі бар. Қала берді электоратпен дұрыс жұмыс істесе, былтыр Ә.Қосановқа дауыс берген жұртты өз жағына тартуға әлеуеті де бар сияқты. Бірақ, өткен жылы ЖСДП-ның жетекшілігіне сайланған жалпақ жұртқа танымал публицист Ермұрат Бапи партияішілік тартыстың салдарынан қайта алынып тасталды. Ал, мұндай медиаидентті тұлғаларсыз дәл бүгін партияның алысқа шабуы да екіталай...
Оның үстіне қоғамның көзқарасы бойынша «Бірлік» пен ЖСДП-ға ортақ басты бір кемшілік бар. Ол — сайлауда ғана оянуы. Бұл саяси ұйымдар электоратпен жұмысты сайлауалды кампания жақындаған кезде ғана бастайды. Негізінде үгіт-насихат науқаны тұтас электоралды кезеңнің финиші ғана ғой. Көптің қолдауына ие болғысы келетін ұйым келесі сайлауға дайындықты осы сайлау өткен күннің ертесіне бастауы тиіс.

Момын емес – мінезді, парықсыз емес – парасатты болса...

Қазақта «жуас» және «момын» дейтін екі ұғым бар. Бір қараған адамға екеуі ұқсас көрінгенмен, түпкі мағынасы әртүрлі. Бұрынғылар жуастықты жақтырмай «Аса жуас – имансыз» деп қаттырақ айтқан. Өйткені, тым жуас кісі керек кезде жала, әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы бас көтере алмай, оның мінезі ездікке ұласып кетуі мүмкін. Ал, момын деп жайшылықта артық мінезі жоқ, сөзге сараң, сабырлы, байсалды болғанымен, әрі-сәрі күн туғанда найзағай намысы жарқ ететін, өзі және отбасының, қала берді елінің ары мен абыройын қорғап, әлсізге қолдау көрсете алатын адамды айтады. Осындай мінез бен болмыс бәрімізге де керек-ау. Ал, Парламентіміз қандай болуы тиіс?
Момындық жеке адамға жақсы қасиет болғанымен, ел ісіне келгенде ол аздық етеді. Мәжілістің моп-момақан болуын ендігі жерде уақыт көтермейді, халық та кешірмейді. Онсыз да миллион жалақы алса да мыңқиып отыра беретін, елдегі қат-қабат проблемаларды көтеріп, олардың дер кезінде шешілуін талап етіп, атқарушы биліктің алқымынан алмайтын момақан депутаттардан ел шаршады.
Ендігі жерде Парламенттен болсын, мәслихаттан болсын үлкен белсенділік талап етіледі. Бұл орынды да. Өйткені, халықты қажытқан сан алуан мәселелер биік мінберлерден үздіксіз айтылып тұрса, бір жағынан олардың шешілуі жеделдейді, екінші жағынан мұң-мұқтажының назардан тыс қалмағанын көрген халықтың наразылық деңгейі төмендейді. Осы орайда, Президент Қ.Тоқаевтың «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деген сөзі ойға оралады.
Дегенмен, белсенділікті бетпақтықпен, байбалам салуымен шатастырмау керек. Депутат дейтін мәртебелі мандатты иеленген азаматтар тек батыл мәлімдемелер жасап, өзінің атын шығаруды емес, билікпен конструктивті диалог орната отырып, мәселені шешуді ойлағаны абзал. Бір ауыз сөзбен айтқанда бізге момын емес – мінезді, парықсыз емес – парасатты Парламент керек.

ТҮЙІН:

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды. Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс» деген болатын.
Сол айтқан сайлау да, міне, таяп қалды. Енді Мәжіліс пен мәслихаттарға қанша партия, қай партия өтетінін сайлаушылар шешеді. Ол партиялардың ел дамуына қандай үлес қосатынын да уақыт көрсетеді. Қазіргі ең маңызды мәселе — сайлаудың заң шеңберінде ашық, таза, ең бастысы, әділ өтуі. Өйткені, әділ сайлау өткізіп үйренбейінше ел дамуы туралы ойлаудың өзі қисынсыз.
Сайлаудың бұрмалаусыз, әділ өтуіне, біздіңше, биліктің өзі де мүдделі. Мұны соңғы бір жарым жылда жүргізілген саяси реформаларға қарап та айта аламыз.