Жол бойында полицей тұр...

Среда, 18 Ноябрь 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2086 раз

 DSC2551

Шымкентте көше қиылысындағы көлік кептелісін реттеген жол сақшысының әрекеті жүргізушілерді дән риза етті. Іле-шала әлеуметтік желіде бағдаршамы істен шыққан жолдың қақ ортасына тұрып, көлік қозғалысын қалыпқа түсірген полицей туралы видео лезде тарап кетті. Антына адал патрульдік полиция полкі қызметкерінің бұл ісі көпшілікті сүйсіндірмей қоймады. Оқиғаның әлқисасына оралсақ...

12 қараша. Таңғы сағат онның шамасы. Шымкент қаласының Ұ.Арғынбеков пен С.Бәйтереков көшелері көлікке лық толы. Жолдың бір бағытындағы көліктер қозғалғанда, екінші бетіндегі жүргізушілер оған жол беретін әдеттегі тәртібінен жаңылғандай... Кептелістің «көкесі» көліктерді ығы-жығы еткен. Өйткені қос көшенің қиылысындағы бағдаршам жұмыс істемей тұр.
Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкері Алдаберген Мылтықбайдың түнгі кезекшіліктен шыққан беті еді. Үйіне қайтып бара жатқан оны жолдағы мына жағдай бейжай қалдырған жоқ. Ұйқысы шала болса да жол сақшысы ұзын-сонар кезекті реттеуге әп-сәтте кірісіп кетті. Ауа райының қолайсыз, жауын-шашынды болғандығына қарамастан темір тұлпар тізгіндегендерді тәртіпке шақырып, оңға, солға бағыттап тұрды. Көшедегі көлік қозғалысына жауапты әріптесі келгенше орнынан тапжылмай қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Осыдан кейін ғана кептелген көлік ағыны қалыпқа түсті. Алайда Алдаберген Керімбайұлы әлеуметтік желідегі өзі туралы мақтау сөздерге ыңғайсызданып: «Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол ережесін қадағалау полиция қызметкерлерінің міндеті. Менің орнымда болса, басқа жігіттер де солай жасар еді. Мен үшін басты парыз – қызметке адалдық», - дейді.
Иә, жыл он екі ай аптап ыстықта да, жауында, қарлы, боранды қыста да көшеде тұрып, жол қозғалысын қадағалау оңай емес. Жыл өткен сайын аумағы ұлғайып келе жатқан мегаполисте автомашина саны да арта түсуде. Жол сақшылары қадағалап тұрмаса, ерсілі-қарсылы ағылған көлік нөпірі кезінде түрлі келеңсіз оқиғалар орын алып жатады. Жүргізушілердің тәртібі мен білігі де әртүрлі...
Ал Алдаберген Мылтықбайдың мамандығына махаббаты, антына адалдығы өзгелерге үлгі. Патрульдік полиция полкінің 12-рота инспекторы, полиция аға лейтенанты ішкі істер органдарында сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте басшы құрамның марапатын иеленіп, алғысына бөленді. Қызмет бабынан тыс уақытта да оның жол үстіндегі сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытқан кезекті әрекеті елеуге тұрарлық.
Анығында погон таққан полицейлердің арасында Алдаберген Керімбайұлы сынды өз жұмысына адал қызметкерлер аз емес. Бәлкім жол сақшыларының күнделікті бейнетті де, беймаза қызметі елене бермейтін де шығар. Бірақ күндіз-түні тіршілік тынысы тоқтамайтын жол үстінде олардың қырағы қызметі арқасында жол-көлік тәртібі өз ретін тауып жататыны анық.

 
Последнее изменение Среда, 18 Ноябрь 2020 04:46
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.