Зімбір, сарымсақ, желкек һәм қойдың құйрық майы... COVID-ке ем бола ма? Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2367 раз

імбір, сарымсақ, желкек (хрен), қойдың құйрық майы... Індет деңдеп, елді карантин қысқан көктем мен жазды ойға алғанда осы бір шөптесін өсімдіктер еріксіз еске түседі. Коронавируспен алысып, өкпенің қабынуы жағаласып, дәріханалардан дәрі табылмай, табылғаны қымбаттап, есті алғаны бар емес пе еді? Сол сәтте халық медицинасының кей әдістері «уотсап-құлақ» арқылы желдей есіп, бірден бірге тарап жатты...

831

 

Өкпеден қысқан дерттен құтылудың жолын іздеген адамдар ежелгі халықтық емдеу әдістеріне жүгінуді жөн санаудан басқа амал таппады. Зімбірді қайнатып ішіп, желкекті турап жеу дейсіз бе, қойдың құйрығынан сорпа ішіп, денені сылау, ал сарымсақты ашқарынға күтірлетіп шайнауды айтасыз ба, әйтеуір әркім білгенімен бөлісіп бақты.

Көпшілік халық медицинасының бұл әдістерін еріккеннен еске алған жоқ. Дәрі тапшылығы қысқанда, емнің өзге жолын іздеуге мәжбүр болды. Соның салдарынан базарда жайшылықта бейпіл тұратын бұл тамырлар таптырмай кетті, табылғанының бағасы аспанға ұшты. Мысалы, әншейінде бір мың теңгенің о жақ-бұ жағында сатылатын зімбірдің бағасы Шымкентте 10 мың теңгеге дейін жетті. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында келісі 25 мың теңгеден сатылды десті. Дақпыртты туғызатын да, тапшылықты қолдан жасап, бағаны көтеретін де өзіміз...

Енді осы зімбір мен желкек, қойдың құйрығы мен сарымсақ коронавирусты емдей ала ма? Бұған дәстүрлі медицина мамандары, дәрігерлер не дейді?

Желкек

Мамандардың айтуынша, зімбір мен желкектің бактерияға қарсы әсері бар екені даусыз. Шымкент қалалық №4 емхананың эпидемиолог дәрігері Камшат Ибраимова төтенше жағдай кезінде де, карантин кезінде де, басқа әріптестері сияқты, Covid-19 вирусымен күрестің бел ортасында жүрді. Вирус жұқтырып, ауырған адамдарды емдеуде ҚР денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамаларына сүйенгендерін, олардың ешқайсысында зімбір немесе желкекпен емдеу туралы жазылмағанын атап көрсетті. Айтуынша, желкекте ағзаның иммунитетін көтеретін С, Е және А дәрумендері, В тобының кей дәрумендері, аминоқышқылдар, минералдар бар. Яғни, ағзаға пайдалы әсері көп. Дегенмен, бұл – коронавирусты тікелей емдейді деген сөз емес.

Kamshat Ibraimova

 

– Желкектің тамырын да, зімбірді де қосымша ем әдісі ретінде пайдалануға болады. Себебі, екеуі де ағзадағы зат алмасу процесін жылдамдатады. Ал зат алмасу жиілесе, ағзадағы токсиндер тез шығады. Міне, зімбір мен желкектің пайдасы осы. Бірақ, олар вирус жұқтырғанда емделетін негізгі ем емес, - дейді Камшат Дүйсебекқызы.

Дәрігердің айтуынша, зімбір мен желкекті тұрақты тұтыну ағзаның иммунитетін көтеруге оң әсер етеді. Ал кез келген вирус пен бактерияға алдымен қарсы тұратын да сол иммунитет. Дегенмен, иммунитетті көтереді екен деп, жаппай қолдана беруге болмайды. Әсіресе, бүйрегі мен бауыры, қалқанша безі ауыратындар, асқазан жарасы немесе ас қорыту-ішек жүйесінің басқа дерттері бар адамдарға кері әсері бар. Күйдіріп жіберуі мүмкін.

Желкек, халық медицинасында, негізінен суық тиюді емдегенде қолданылған. Мысалы, балмен қосып ішуге болады. Денеміз қалтырап, буындарымыз сырқырағанда бүлдірген тосабын шайға қосып ішеміз ғой? Сол сияқты әсері бар. Себебі, желкекте иммунитетті көтеруге қажет аскорбин қышқылы апельсин мен лимонға қарағанда көбірек. Сондықтан, мамандар желкек пен зімбір, лимон секілді дәрумендер көзін әр отбасының ас бөлмесінде сақтап қоюға кеңес береді.

Зімбір мен лимон

Негізі, желкектен бұрын қымбаттап, таптырмай кеткен осы зімбір болатын. Осы өсімдікпен қоса кәдімгі лимонның да бағасы күрт көтерілді. Себебі, екеуінде де иммунитетті көтеруге қажет С дәрумені мол.

Зімбірдің емдік қасиеті туралы мәселе тіпті әлемдік әңгімеге айналғаны да ақиқат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламасының жетекшісі Майкл Райан Женевада өткен жиында «...зімбір немесе басқа да цитрус жемістері (лимон) коронавирусты жояды деген пікірлердің негізі жоқ» деп мәлімдеме жасады. Райанның айтуынша, бұл өнімдердің ағзаның иммундық жүйесіне, жалпы денсаулыққа оң әсері болуы вирусты емдей алады деген сөз емес. Айырмашылығы үлкен. Маман халық медицинасын сақтықпен қолдануға шақырды: «Тұмау мен суық тиюден емделуге көмектесетін зімбір немесе лимон коронавирусты жалғыз өзі жеңіп шыға алмайды. Әрине, оң әсері бар екені даусыз. Дегенмен, құлай сенуге де болмайды».

Күйзеліске ұрынбау да – иммунитет

Иммунитетімізді тек дәрумен, емдік қасиеті бар шөп тамырларымен көтереміз десек, қателескеніміз. Ағзаның иммунды қорғаныш қасиеті көп жайтқа байланысты. Соның ішінде – көңіл-күй мен салауатты өмір салтына. Мұны мамандар да растайды және кеңес береді.

Жасыратыны жоқ, кейде бойды әлсіздік билеп, селқостық еңсені езетін кездер болады. Әсіресе күзде, күн суытқанда осындай депрессивті көңіл-күй меңдеп алуы – сирек жайт емес. Оған қоса әлемді әрі-сәрі еткен пандемия да уайым уытын күшейтетін факторға айналып тұр. Осындайда дәрігерлермен қоса психологтардың кеңесі қажет болады.

 

Jadyra Atayeva

 

– Күзгі күйзелістің үш көрсеткіші бар. Олар - көңіл-күйдің төмен болуы, күш-қуаттың азаюы және уайымның басым болуы. Ал бұл жағдайдан шығу амалы бар ма? Әрине, бар! Осы орайда күзгі депрессияға ұшырамаудың негізі 5 әдісін ұсынар едім. Біріншісі, спорт. Дене жаттығуы кезінде ағзада «бақыт гормоны» – эндорфин бөлінеді. Көңіл-күй тұрақтанады және иммунитет күшейеді. Екіншісі – дұрыс тамақтану. Атам қазақ «Ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған. Тағам неғұрлым құнарлы болса, соншалықты көңіл-күйіміз жақсара түседі. Көкөніс пен жемістерді де тұтынуды ұмытпаңыз. Дәрігермен кеңесіп, дәрумендерді де қабылдауға болады. Келесі кеңес – өзіңізді қуанту. Мысалы, жақын достармен кездесуге, сүйікті фильмдер көруге болады. Тіпті, ұнайтын әуенді қосып, үйде шыр айнала билеудің де әбестігі жоқ. Төртіншісі – таза ауадағы демалыс. Ол біздің эмоционалды және физикалық жағдайымызға өте жақсы әсер етеді. Сондықтан күніне 30 минут серуендеуді ұмытпаңыз. Ал соңғысы - психологтар «Көңіл-күй ашық түсті болады» дейді. Себебі, күзде жарық қана емес, түс те аз болады. Барлығы сұрғылт, қоңырқай. Осыдан мұңды көңіл-күй туады. Ал сіз өзіңізді әдемі заттармен және жарқын интерьер элементтерімен қуантыңыз. Үйде қызғылт-сары, сары және қызыл түстерді таңдаңыз, олар жүйке жүйесін белсендіреді, - дейді Шымкент қалалық №4 емхананың психологы Жадыра Атаева.

Бұл кеңестерге алып-қосарымыз да жоқ. Ендеше, ауырмайық, деніміз сау болсын!

Последнее изменение Четверг, 26 Ноябрь 2020 05:36
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.