Версия для печати

«Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді Избранное

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1613 раз
Оцените материал
(0 голосов)

54

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтіп, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.

– 30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этникалық әртүрлілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негізгі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген.
– Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отырмыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы «Nur Otan» партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.
– Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.
– Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.
Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты.
– Партияның жаңа бағдарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаңғыртуға және барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйымдастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.
Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.
Съезд қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді.

Президент сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың төрт басымдығын айтты

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ сьезіне қатысып, делегаттар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan партиясы» бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Nur Otan» партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды.
Қазақстан Президенті дағдарыс кезінде басқарушы партияның да, Үкіметтің де, сондай-ақ, бүкіл қоғамның да алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
– Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Партия жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл еліміз дайындады десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі төрт басымдыққа назар аударылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы бірінші міндет ретінде әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндік берілетінін жеткізді.
Президент алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте оның өсім мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға көп болуы тиіс.
Мемлекет басшысы денсаулығы мықты интеллектуалды ұлт қалыптастыруды партия бағдарламасындағы екінші басымдық ретінде атады. Жаһандық жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бұл бағытты ілгерілету үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына бөлінетін қаражат көбейеді.
Баяндамада үшінші басым бағыт ретінде экономиканың және аймақтардың тұрақты дамуы айқындалғаны айтылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң әрі теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жекеменшік секторды қолдау, халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау есебінен экономиканың өсімін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды. Бұл ретте шығындарды бақылауды қатаң назарда ұстау керек.
«Nur Otan» бағдарламасындағы төртінші басымдық – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және жауапты азаматтар.Президенттің пікірінше, тұрақты даму үшін сенім мен жауапкершілікке негізделген мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы біздің ортақ жұмысымыздың басты бағдары халық мүддесі мен проблемалары екенін нақтылады. Президенттің айтуынша, мемлекет халық үні мен пікіріне құлақ асуы тиіс.
Мемлекет басшысы өз сөзінде партияның жаңа бағдарламасы дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан толыққанды мемлекет құруға бағытталғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші партияның мәртебесі билікке қол жеткізуде емес, мемлекет пен халыққа нақты пайда тигізу мүмкіндігінде екенін атап өтті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.