БАСПАНА КЕЗЕГІ: ОЙДА БОЛАТЫН ОН СҰРАҚ

Пятница, 04 Декабрь 2020 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2779 раз

DSC 3623

Баспана – қай кезде де өзекті мәселе. Оқырмандардан, тұрғындардан келіп түсетін сұрақтардың біраз бөлігі тұрғын үйге қатысты. Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан БАЛЫҚБАЕВ осы мәселеге орай тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Абылай Балықбаев 2– Абылайхан Әлібекұлы, Шымкентте дәл қазіргі таңда баспана кезегінде қанша адам тұр?

– Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер саны – 40 752 азамат (жыл басында 42 400 адам болған). Оның ішінде санаттарға тоқталсақ: Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1663, көпбалалы отбасылар – 6129, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 13576, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19357, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27 тұрғын. Жыл басынан бері баспана кезегіне тіркелу бойынша 11 280 адам құжат тапсырса, соның ішінде 4530 адам кезекке қойылды. Орта есеппен 1 айда 453 адам кезекке тіркелуде. Ал 6750 адам түрлі себептермен кезекке қоюдан бас тартылды.

– Ол қандай себептер болуы мүмкін?

– Себептер көп. Біріншіден, бір азаматтың баспана кезегіне тіркелуі үшін бір емес, бірнеше рет өтініш беруі, мұндай жағдайда, заң талаптарына сай, бірінші өтініші қабылданса, қалған өтініштерден бас тартылады. Екіншіден, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметші немесе бюджеттік ұйым қызметкері мәртебесінің анықталмауы («Е-қызмет» мүмкіндіктерінің кеңейтілмеуінен). Үшіншіден, өтініш берген адамның санатты дұрыс таңдамауы. Төртіншіден, мемлекеттік деректер базасында 5 жыл көлемінде атында жылжымайтын мүлік болғаны туралы, оны иелігінен шығарғанына 5 жыл өтпегені туралы мәлімет анықталады. Бесіншіден, некенің тіркелгені немесе бұзылғаны туралы ақпараттың болмауы. Алтыншыдан, әлеуметтік мәртебесінің болмауы. Жетіншіден, Шымкент қаласында үш жыл тұрақты тіркеуінің болмауы. Міне, осындай себептер анықталуда.

– Жыл басынан бері қанша тұрғынға кезегі бойынша пәтер берілді?

– Шымкентте 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған 1596 пәтер азаматтарға сатып алу құқығынсыз арендаға берілді. Оның ішінде санат бойынша айтсақ, 2 ҰОС ардагері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 48 бала, көпбалалы 450 отбасы, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын 192 отбасы, 904 жұмыс істейтін жас. «2-10-20» тұрғын үй бағыты бойынша 285 отбасы 3 953 млн. теңгеге әлеуметтік несиелендіру шартымен тұрғын үймен қамтылды. Айта кетейік, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25», «2-10-20» және «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» тұрғын үй бағыттарын автоматтандыру үшін «Шымкент-баспана» ақпараттық жүйесі іске қосылып, жұмыс істеп тұр.

– Осы баспана кезегі қалай жылжуда? Себебі, тұрғындардан, мысалы, «мен 2014 жылы кезекке тұрғанмын, мен 2016 жылы тұрғанмын. Енді үйді қашан аламын?» деп сұрақтар түсіп жатады. Сонда кезекке тұрған жылы маңызды ма, кезектің нөмірі маңызды ма?

– Бұл тұста тізімдегі кезегі маңызды. Ол кезекке тұрған жылына, уақытына байланысты емес. Себебі, әр санаттың өз кезегі бар. Сол тізімде әр азаматтың өзінің кезек нөмірі болады. Сол санаттағы тұрғындарға баспана беріліп, кезек жылжи береді.

– Тұрғындар баспана кезегі келгенін қалай біле алады?

– Мысалы, жыл соңына дейін белгілі бір санатта пәлен пәтер берілетін болса, сол санаттағы кезегі келіп тұрған азаматтарға біздің басқарма қызметкерлері хабарласады. Себебі, пәтер берілетін кезде тізімдегі азаматтардың барлығы дайын болып тұруы керек. Осы бағытта жұмыс істейміз. Бұл – қыруар жұмыс.

– Бір санатта кезекте тұрған азаматтар басқа санат бойынша кезекке тұра ала ма? Мысалы, мемлекеттік қызметкер санатында тұрған отбасы уақыт өте келе көп балалы болып, сол санатқа ауысамын десе, бұрынғы санаттағы кезегі сақтала ма?

– Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік салаға баса назар аударылып келе жатқаны баршамызға белгілі. Баспана бағытында да осы бағыттағы жұмыс атқарылып, әлеуметтік әлсіз топтағы және көпбалалы отбасыларға баспана берілуде. Осыдан келіп азаматтардың баспана кезегінде көп балалы отбасы санатына ауысу мәселесі туындайды. Бұл жерде нақты жауабын айтатын болсақ, егер бір санаттағы азамат басқа санат бойынша кезекке ауысса, сол жаңа санаттың соңынан бастап тіркелесіз, яғни, бұрынғы санаттағы кезегіңіз жойылады. Бұл заңда да көрсетілген.

– Баспана кезегінде тұрған азаматтарға қазір қандай үйлер берілуде?

– Қазіргі таңда кезегі келген азаматтарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жекешелендіру құқығынсыз арендалы үйлер беріліп жатыр. Ол арендалы үйлер деп аталғанымен, аренда және коммуналды төлемдері төленсе, талаптар сақталып, шарты бұзылмаса, ол отбасылар сол үйде өмір бойы тұра береді. Ең басты шарты – мұқтаж болып саналатындықтан, сол үйде өзі тұруы тиіс. Басқарма қызметкерлері бұл мәселені тексеріп тұрады.

– Бір тұрғыннан мынадай сұрақ келді: Әкесі 20 жыл бұрын пәтер алған, қызы ордерге енгізілген. Әкесі шетелге кетіп, сол жақта қайтыс болыпты. Енді қызы пәтерде тұрып жатыр. «Сол пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік бар ма?» деп сұрайды.

– Ол кісі басқармаға құжаттарымен келсе, біздің мамандар қарайды. Егер расталса, ордерде көрсетілген болса, онда қалдық құнын төлеп, пәтерді жекешелендіруге болады. Кей санаттар бойынша пәтер тегін жекешелендірілуі де мүмкін. Басқарма мамандары бұл мәселеде әр тұрғынның өтінішін жеке қарайды.

– Баспана кезегіне тіркелу үшін сол отбасы немесе сол тұрғын кезекке тұратын қалада қанша жылдан бері тұрақты тіркеуде болуы тиіс?

– ҚР «Тұрғын үй қатынастары» Заңының талаптарына сәйкес, баспана кезегіне тіркелуі үшін сол азаматтың астана және республикалық маңызы бар қалаларда тұрақты түрде үш жылдан бері үздіксіз тіркеуде болуы тиіс. Және белгілі бір санатқа сай келіп, атында 5 жылдан бері жылжымайтын мүлкі болмауы керек.

– Егер ерлі-зайыптылардың бірінің атында неке қиғанға дейін тіркелген жылжымайтын мүлкі болса ше, ол отбасы баспана кезегіне тіркеле ала ма?

– Басқарма мамандары баспана кезегіне тіркелуге өтініш берушінің өзінің де, отбасы мүшелерінің де атында жылжымайтын мүлік бар-жоғын тексереді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде неке қиғанға дейін тіркелген үйі болса, немесе, оны иелігінен шығарған соң бес жыл өтпесе, баспана кезегіне алынбайды.

– Баспана кезегіне тұру үшін ол отбасы мүшелерінің атында үймен қоса жер учаскесі де болмауы керек пе? Әлде жер учаскесі жылжымайтын мүлікке саналмай ма?

– Баспана кезегіне алынудың ең басты шарты – атында үй болмауы керек. Ал бос жер учаскесі үйге саналмайды, сондықтан, кезекке тіркелуге өтініш берушінің атында бос жер учаскесі болса, ол кезекке алынуға кедергі бола алмайды. Әрине, егер кезеке алынудың басқа талаптарына сай келген жағдайда ғана екенін еске сала кетейін.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы қашан басталып, қай уақытқа дейін созылады?

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы, яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20» баспана бағыты әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындардың ішіндегі көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасыларға арналған. 2019-2020 жылдары сәуір-мамыр айларында басталып, Үкіметтен осы бағытта бөлінген қаржы лимиті аяқталғанша жалғасады. Көбінесе, қара күзге дейін.

– Осы санат бойынша баспана кезегіне мүгедек баланы күтуші анасы тұруы керек па әлде кезекке әкесі де тұра ала ма?

– Баспана кезегіне мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасындағы ата-ананың бірі тұра алады, жоғарыда айтып өткендей, барлық талапқа сай келген жағдайда.

– Осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана алғанда баспана құнының алғашқы жарнасы ретінде берілетін тұрғын үй сертификаты туралы толығырақ айтсаңыз. Ол қашан және кімдерге беріледі?

– Бұл сертификатты берудің ең басты шарты – сол санатта тұратын отбасының табысына байланысты. Табыс көлемі күнтізбелік жылдағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі мөлшерінен аспауы керек. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшері биыл 32 668 теңгені құрайды. Яғни, 65 336 теңгеден аспауы тиіс. Тағы бір ескерер тұс, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алған отбасы егер үйдің алғашқы жарнасын өзі төлеген болса, онда ол отбасыға пәтер алып болған соң баспана сертификаты берілмейді. Осыны ұмытпаған жөн. Жалпы, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, «2-10-20» («Бақытты отбасы») кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша баспананың бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде, қайтарымсыз негізде, жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген 100 млн. теңгеге 101 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде көп балалы 53 отбасыға жалпы сомасы – 52,2 млн. толық емес 30 отбасыға – 29,7 млн. теңге, ал мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші 18 отбасыға 18 млн. теңгенің сертификаты берілді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.