ЕРІКТІЛЕР елеулі істе танытқан ерік-жігер Избранное

Среда, 09 Декабрь 2020 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1744 раз

valanter

Ел аумағындағы еріктілердің жыл бойы атқарылған игілікті істері еленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өткен «Волонтерлер жылының» жабылу салтанатында көптің көңілін жақсы істерге бағыттап жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Онлайн өткен іс-шарада сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов жыл аясында шаһарда еріктілік қозғалыстың қарқыны өсіп, волонтерлік акциялардың саны бірнеше есеге артқанын айтты.
– Шымкент қаласында 20 қоғамдық ұйым еріктілікпен белсенді айналысады. Бұл ұйымдар 3000-нан астам еріктілермен жұмыс істейді. Қаламызда Волонтерлер жылында «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне бағытталған «Тәлімгер», «Шымкент – қайырымды қала», «ECO SANA», «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы», «Ізгілікте жарысайық», «Мейірім» жобалары ұйымдастырылды. Жоба аясында тарихи-мәдени іс-шаралар, сенбіліктер, балалармен, қарт адамдармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыстар, қайырымдылық акциялары өткізілді. Туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысқан жомарт азаматтардың ісі көпке үлгі, – деді қала әкімі.
Салтанатты жиын барысында «Жыл волонтері»
халықаралық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Атап айтсақ, «Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшысы» номинациясының иегері Әбдімәлік Балбаев, «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін» номинациясының иегері Оксана Янченюк, «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының иегері, «Шымкент қаласы ACCESS бітірушілерінің «ASAA» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы Данара Саранова «Жыл волонтері» премиясының иегерлері атанды.
Айтулы іс-шарада қайырымдылық пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арқалап, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген жаны жомарт жандар «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. Бұл ретте «OtauGroup» холдингінің президенті Қайрат Молдасейітов «Жыл меценаты» атанды. Ал қала әкімі жанындағы гендерлік комиссия төрағасының орынбасары, «Береке А» корпорациясы» ЖШС-і бас директорының кеңесшісі Рәшкүл Оспаналиеваға «Жыл тұлғасы» номинациясы бұйырды. «Туған өлке» номинациясының иегері – «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС-нің директоры Садулла Қалыбеков болды.
Айта кетейік, ел көлемінде «Волонтерлер жылы» аясында 2 мыңнан аса түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, техногендік табиғи апаттардан зардап шеккен 1 миллионнан астам қазақстандыққа көмек берілген.