«Отаны жоқ ұлттардың күнін кештірмеген Тәуелсіздікке тәуба!» Избранное

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1874 раз

1010

Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған Ұлы дала елінің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау енді бүгінгі ұрпақтың борышы. Қайсар рухты Көк түріктің қанынан жаралған сол өршіл өреннің бірі – Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық сотының бас маманы, соттар отырысының хатшысы
Айәсел Әбен. Өзі – ай, өзі – әсел, өзі – тәуелсіздіктің төл құрдасы. Егемендігімізбен дүние есігін егіз ашып, азаттығымызбен бірге асқақ арманға құлаш сермеп, тәуелсіздігімізбен бірге талай белесті бағындырып келе жатқан жалынды қыз ол.

566Қазіргінің судьясы қандай болуы керек дегенде, осыдан үш жыл бұрын Жоғарғы Соттың бастамасымен «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты бағдарлама әзірленгені ойға оралады. Бағдарлама мынадай 7 бағыттан тұрады: мінсіз судья; үлгілі сот; әділ процесс; сапалы нәтиже, Smart сот; коммуникациялық стратегия; татуласу: сотқа дейін және сотта.
Бұл бағыттың бәрі де біздің кейіпкерімізге етене таныс. Өйткені, ол сот саласына кездейсоқ келген жоқ. Шымкент қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып, алтын ұясынан «Алтын белгімен» ұшқан түлек. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен заңгерлік һәм құқықтануға қатты қызықты. «Өскенде судья боламын!» деген бала жүректің дүрсілін ата-анасы да тыңдай білді. Бетінен қақпады. Сол алғаусыз арманға аяңдаған бетімен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құқық және экономика факультетін қызыл дипломмен тәмәмдады. 2012 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасады. Бұл оның қызметтегі ең алғашқы баспалдағы болатын. Сонда ғой, практикант ретінде 6 айдай іс-тәжірибеден өткеннен кейін сот төрағасы Серікбай Алдабергенов жас қыздың өз ісіне деген жоғары жауапкершілігін бағалап, іс жүргізуші ретінде жұмысқа қабылдағаны. Ол кезде мемлекеттік қызметке орналасу үшін қажетті тестердің бәрін «5»-ке тапсырып көзге түскен еді.
– Одан соң бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жетекші маман ретінде тағайындалдым. Ол жерде 3 ай істегеннен кейін 2015 жылдан бастап облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бас маман, сот отырысының хатшысы болып ауыстым. 2018 жылы Түркістан мен Шымкент енші бөліскеннен соң Түркістан қаласына сотпен бірге көшіп бардық. Ол жақтың ауа райы денсаулығыма жақпады да, Шымкентке қайта ауысуға тура келді. Ішкі конкурспен Әл-Фараби аудандық сотына бас маман, соттар отырысының хатшысы болып жұмысқа қабылдандым. Қазіргі таңға дейін сол қызметті атқарып келемін. Қылмыстық істер қарайтын судьяның хатшысымын, - деді Айәсел.
Айәсел Әбеннің айтуынша, тәуелсіздік алған 29 жылда сот саласында көптеген елеулі өзгерістер орын алған. Бүкіл сот саласын қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. «Қазіргі деңгейге жетуіміздің өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Өйткені, бүгінде сот саласының дамуы, ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында арнайы сотқа арналған тарауларында да келтіріледі. Мұның өзі үлкен өзгерістерге жол ашқанын байқатады. Сот жүйесінде бірыңғай автоматтандырылған «Төрелік» деген жаңа база құрылды. Азаматтық, процестік кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіле отырып, халыққа ашық, әділ сот болу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз білетіндей, сотқа медиация жүйесі енгізілді. Бұл тараптардың татуласып бір шешімге келуіне үлкен көмек береді. Міндетті түрде сотқа арызданған тараптың бірі разы, екіншісі наразы болады. Өйткені, бізде ҚР Конституциясына сәйкес, сот шешімді арызданған адамның пайдасына шығарады. Егер тараптар бір-бірімен бітімге келетін болса, онда екі тарап та разы болатындай шешім қабылданады», - дейді ол.
Судья хатшысының сөзінен пайымдағанымыз, сот саласында судьяларды дайындайтын ҚР Жоғарғы соты жанындағы «Сот төрелігі академиясының» құрылуы – тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жемісіміз. Бұл болашақ судьяларды дайындайтын оқу орны деп айтуға болады. 29 жыл ішінде сот саласында кәсіби маман даярлайтын бұдан басқа оқу орны болмаған деуге де болады. Бұрын сотта жүйе 5 сатылы болса, қазір 3 сатылыға көшкен. Бірінші инстанция аудандық соттар, екіншісі апелляциялық инстанция, үшіншісі – Жоғарғы сот. Касациялық сот алқасы апелляциялық қаулымен келіспеген жағдайда касацияға бере алады.
«Негізі сотта қызмет жасасаңыз, неше түрлі тағдырдың куəгері боласыз. Кəмелетке толмағандардың сотында істеп жүргенде отбасылық жұптардың ажырасуына қатысты істерді қарайтын едік. Сотта балалар ата-анасының екеуінің біреуін таңдай алмай қатты жылайтын жəне мұндай оқиғалар күн сайын қайталанатын. Көз алдымызда қаншама тағдырлар бұзылып кетті ғой. Болмашы жел сөз не өсек үшін ажырасып жатқандар қаншама?! Сотта балалар шырқырап жылағанда мен үшін тұтас бір тағдыр күйрегендей болады да тұрады. Сол кездегі жағдайымды көрсеңіз, солармен қосылып жылайтын едім. Ол ата-аналарды балаларды бөлмеуге, ажыраспауға қанша көндіріп, тараптарды медиация тəртібімен татуластыруға тырыссақ та бəрібір өз дегендерінен қайтпайды», - деді ол арасында жанарына тұрған жасты жасыра алмай.
Пандемия кезінде барлық басқа салалар сияқты сот жүйесі де толықтай онлайн режимге көшті. Бұдан былай тараптар Тру-Конф, Скайп, Майнд бағдарламалары арқылы сотқа келмей-ақ, үйде отырып сот процесіне қатыса алады. Судьяға жазатын өтініш хаттарын сот кабинетіне электронды түрде жолдайды. Сосын үйден шықпай-ақ ЖСН нөмірі арқылы соттағы жеке кабинетін ашып, барлығын бақылап отыруына мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, барлық істер «Төрелік» бағдарламасына салынады. Осыны да үлкен жетістік дер едік.
Мемлекеттік қызметтің сот саласында қызметкерлерді біліктілікті арттыру курстарына жіберетіні бар. А.Әбен де 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Әділет органдарының мемлекеттік және өзге ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтына оқуға барып қайтты. Көкшетау қаласына да аталған институттың филиалынан тағлымдамадан өтіп келді. 2020 жылы 3 қаңтарда Жоғарғы Сот жанындағы «Сот төрелігі» академиясына практикаға қабылданған. Онда біліктілікті арттыру, сот саласындағы соңғы өзгерістерді халыққа қалай түсіндіру қажеттігі, заңдармен дұрыс жұмыс істеу, осының бәрі тереңдетіле түсіндіріліп, оқытылды.
Кейіпкеріміздің жалпы еңбек өтілі – 8 жыл. Еңбек өтілі, жалпы тәжірибесі судьялыққа сұранып-ақ тұр. Тіпті, «Сот төрелігі» академиясынан ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Оның ендігі мақсат-мұраты сол оқу орнында үздік білім алып, судья болу. Дәл қазіргі кезеңде сол академияға түсу үшін қым-қуыт заңдарды оқып дайындалу үстінде. Судья болу да оңай емес, заңның неше атасын жаттап, мүдірмей айта білу керек.
Ол Шымкент қаласы соты төрағасының қолынан «Үлгілі қызметі үшін» Алғыс хатын алған. Одан бөлек республикалық және жергілікті ведомстволардан алған марапаттары жетерлік.
– Айәсел, тәуелсіздік саған не берді? – дедік тәуелсіздіктің төл құрдасына тосыннан.
– Менің Тәуелсіздікке бергенімнен гөрі, Тәуелсіздіктің маған бергені таудай. Өз егемендігі өзінде тұрған бейбіт елдің, қаны да, жаны да таза қазақ ұлтының қызы болып туылғаныма мың да бір шүкіршілік айтамын. 1991 жылы дүниеге келіп, білім алып, өсіп-өркендеп осы дәрежеге жеткенім Тәуелсіздіктің арқасы. Атам мен әжем: «Біздің заманымызда кітапқа қолымыз жетпейтін еді. Бар болса да көзіміздің майын тауысып, шырағданмен тығылып оқитынбыз. Ал сендердің замандарыңда бәрі бар. Тек оқысаңдар болды. Алдарыңа мақсат қойып, соған ұмтылып, еңбек етсеңдер болды. Басқасының бәрі дайын тұр», - деп айтатын.
Шетелге шыққанда «менің отаным – Қазақстан!» деп ұялмай айтатындай дәрежеге жеттік. Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз мемлекетіміздің шекарасын бекітіп берді. Өз ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінде ойымызды жеткізе аламыз. Өз елімізде еркін жүріп, тұра аламыз. Білім алғымыз келсе, жолымыз даңғыл. Шетелге саяхаттағымыз келсе, оған да жол ашық. Кәсіп жүргізгіміз келсе оған да ешқандай кедергі жоқ. Әлемде отаны жоқ ұлттар бар. Мысалы, күрттерді алайық. Олардың өз республикасы жоқ. Жан жақта тарыдай шашылып жүр. Солардың күнін кештірмеген Тәуелсіздікке тәуба! Өз егемендігі өзінде сақталған бақытты мемлекетпіз деп айта аламын. Енді мен еліме не бере алатыным туралы айтар болсам, халқымның құқықтық сауаттылығын арттыру жолында тынымсыз еңбек еткім келеді, - деді өз ойын тебіреніспен жеткізген Айәсел.
Біз сөйлескен, таныған тәуелсіздіктің төл құрдасы, соттар отырысының хатшысы Айәсел Әбеннің әңгімесі осындай. Тыңдап отырып, қайран бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңы осындай еркін ойлы, жауапкершілігі жоғары перзенттерін дүниеге әкелгеніне марқаясың.

Последнее изменение Пятница, 11 Декабрь 2020 08:53
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.