«Ұлт үні» жеңімпаздары кім? Избранное

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1701 раз

2020

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29-жылдығы қарсаңында Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Ұлт үні» керуен-байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, байқау жеңімпаздарын құттықтап, алғысын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен этнос өкілдері арасында «Ұлт үні» керуен-байқауы қазан айында басталған болатын.
Этнос өкілдері арасында қазақ халқының тілін, мәдениетін, өнерін, салт-санасын, тарихы мен әдебиетін насихаттау, олардың біріктіруші әлеуетін тиімді пайдалана отырып, барлық этнос өкілдерін қазақ халқының маңайына топтастыру міндетін көздеген бұл байқауға 80-нен астам концерттік номерлер ұсынылды.
Үздік деп танылған 22 концерттік номер таңдап алынып, өнерпаздар тобы қараша-желтоқсан айларында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда өнер көрсетті.
Байқауға қатысушылар әлем халықтары мойындаған ұлылар Әбу-Насыр әл-Фарабидің (1150 жыл), Абай Құнанбайұлының (175 жыл) еңбектерін, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың (90 жыл) әндерін кеңінен насихаттап, олардың шығармаларын орындау шеберліктері арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетті, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен өнерін, мәдениетін дәріптеуге үлес қосты.
Байқау жеңімпаздарын арнайы құттықтаған Шыңғыс Жұмабекұлы: «Тәуелсіздік табыстарын еселеуде әрбір отандасымыздың үлесі бар. Сендер де байқауға қатысып, Қазақ елінің үнін жаңғырту арқылы Тәуелсіздік туын тұғырға қондырдыңыздар. «Ұлт үнін» жеткізудегі жеке шеберліктеріңізге шексіз ризашылығымды білдіре отырып, әрбіріңіз көрсеткен өнер жоғары бағалауға лайық деп санаймын», - деп атап өтті.
Байқауға қазылық еткен комиссия мүшелерінің шешімімен III орын - Гүлханым Тұрсыноваға, (түрік этносы, Еңбекші ауданы) II орын - Умид Умаров пен Умарға Рахимшиковаға (өзбек этносы, Еңбекші ауданы) I орын - Ким Павелге (кәріс этносы, Абай ауданы) бұйырса, бас жүлдені - Нематилло Зікруллаев (өзбек этносы, Абай ауданы) иеленді. Сонымен бірге байқауға қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.