ГИДРАНТТАР – ӨРТ СӨНДІРУДЕГІ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛДАР Избранное

Среда, 27 Январь 2021 04:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3346 раз

Қызыл жалынды сөндіруде өрт сөндірушілер және арнайы техникамен бірге су гидранттары да аса қажет. Өрт сөндіру гидранттары – қалалық су жүйесінен арнайы орындар бөлініп, өрт сөндіру көліктері жалғанатын бұрандалар. Ол бұранда былайғы кезде жабулы тұрып, сол маңда өрт шыққан жағдайда арнайы техника қосылып, су алады. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде гидранттар әрдайым дайын тұруы тиіс.

573

 

Шымкенттегі осындай гидранттардың жағдайы қалай? Қалалық төтенше жағдай департаментінде өткен дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды. Себебі, мегаполистегі гидранттардың барлығы бірдей қаз-қалпында тұрған жоқ дейді мамандар.
Төтенше жағдай департаментінің мелекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Ізбасаровтың жетекшілігімен өткен жиында «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Әділхан Байташев баяндама жасады. Маманның мәліметінше, ТЖ департаментінде Шымкент қаласы бойынша жалпы 3715 гидрант есепке алынған. Олар «Су ресурстары-Маркетинг», «Сайрам тазалық» ЖШС-не, «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесі мен «Даму» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі.
– 2020 жылы департамент тарапынан осы 3715 гидрантты тексеріп шықтық. Соның нәтижесінде 1087 өрт гидранты жарамсыз екені анықталды. 161 гидрант асфальттың астында көміліп қалса, қалғандарының бетон конструкциясы жылжып кеткен, қисық орналасқан немесе штогы сынып кеткен, яғни, қажет кезде су алуға мүмкіндік жоқ. Былтыр қала аумағында көптеген көше жөнделіп, асфальт төселді. Сол кезде көшенің ортасында немесе шетінде орналасқан біраз өрт гидранты асфальттың астында қалып қойған, - дейді Әділхан Нұрмаханұлы.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, жарамсыз күйге түскен гидранттар қаланың барлық бөлігінен кездеседі. Ал ол гидранттар, орналасқан ауданына орай, жоғарыда аталған мекемелердің меншігінде. Дөңгелек үстелге сол мекемелердің жетекшілері мен өкілдері де шақырылған. Су жеткізуші мекеме мамандары, өз кезегінде, жағдайды қаладағы су құбырларын желісін жаңартудың жоспарлы жұмысы жүргізілгенін, соның нәтижесінде бірқатар құбыр желілері жаңартылып, ескі гидранттар алынып тасталғанымен түсіндірді.
Айтуларынша, бірқатар жаңа гидранттардың тізімін алдағы уақытта төтенше жағдай қызметкерлеріне таныстырмақ. Оған қоса жол салуға жауапты органдармен үнемі байланыста екенін, алдағы уақытта асфальтқа көміліп қалған гидранттарды ретке келтіруге тырысады. Және осы мәселеге арналған келесі жиынға автокөлік жолдары саласының мамандарын да қатыстырудың қажет екеніне тоқталды.
Дөңгелек үстелде, сонымен қатар, гидранттарды нөмірлеу туралы нақты ұсыныс жасалып, екі тараптан да қолдау тапты. Себебі, мекенжаймен көрсетілгенінен бөлек, сол үш мыңнан астам гидранттың бірегей нөмірі де айтылса, тексеруші мамандардың іздеп табуына жеңіл болатын еді дейді өрт сөндірушілер. Бұған қоса Шымкенттің электронды картасында сол гидранттардың нөмірін енгізу, оларды тексеру рейдіне тек құтқарушылар ғана емес, су арнасының мамандары да бірге шығуы туралы ұсыныс жасалды.
Тұрғындарға су жеткізу мен кәріз жүйесіне қатысты қызмет көрсететін мекеме мамандары кей көшелерде жаңа, евростандарт гидранттарды орнату ойлары бар екенін жеткізді. Ал өрт сөндірушілердің қазіргі техникаларындағы құбыр ол гидранттарға тікелей жалғана алмайды. Сондықтан, ауыспалы механизмді қолдан жасап, өрт сөндіру бөлімдерінің кезекшілеріне бөліп беру ұсынысын барлығы бірауыздан қолдады.
Департамент мамандары Шымкенттің аумағы кеңейіп, қала құрылысы қарқын алғанын, тұрғындар саны күннен күнге артып келе жатқанын айтады. Тиісінше, түрлі нысандар да көбейіп, өкінішке қарай, өрт шығу жағдайлары да азаяр емес. Осында жағдайда әр құралдың, әр мүмкіндіктің маңызды екеніне тоқталған өрт сөндірушілер алдағы уақытта өрт гидранттарының техникалық жағдайын бақылауда ұстап, түрлі мекемелер арасында өзара байланысты нығайтуды пысықтайтын болып тарасты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.