ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Пятница, 29 Январь 2021 06:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3029 раз

infrakurylym

Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов аудан бойынша 2020 жылы атқарылған  жұмыстардың есебін берді.

Баяндамада Ғабит Патшаханұлы көпқабатты  үйлердің аулаларының 75 пайызы абаттандырылғанын мәлімдеді. Биыл 85 аула абаттандырылады. Өткен жылы 18 ашық спорт алаңшасы жөнделсе, биыл 15-і қалыпқа келтіріледі. 18 жаңа  спорт алаңшасы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

– Самал-1, Наурыз шағынаудандарындағы көшелер кәріз жүйесіне қосылса, ауданның 90 пайызы кәріз жүйесімен қамтылады. Сайрам ауданынан қосылған 195-ші орамға былтыр ауыз су және электр энергиясы толық тартылды. Енді 2021 жылдың І жартыжылдығында табиғи газ мәселесін шешу қолға алынады. Бюджет қаржысына қарай 276-шы орам бойынша биыл коммуналдық мәселелер толығымен шешімін табады. Текесу ауылына да ауыз су тартылды, – деді Ғабит Патшаханұлы.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше былтыр Шымкент қалалық орыс драма театрының алды, Ш. Қалдаяқов атындағы гүлзар абаттандырылып, А.Асқаров атындағы дендросаябақтың 6,5 шақырым жолы жөнделіп, жарықтар орнатылып, ел игіліне берілді.

Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында аудан 7 аумаққа бөлінген, онда 192 қоқыс алаңшасы, 749 контейнер орналасқан. Биыл 300 қоқыс жәшігін сатып алу жоспарлануда. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 614 көпқабатты үйден бүгінге дейін әлі ешқандай шағым түскен жоқ.

Ғ.Мәуленқұловтың айтуынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтыр 25 көпқабатты үй жаңғыртудан өтті. Ескі үйлерді модернизациялау биыл да жалғасын таппақ. Сонымен бірге 3 үйге сейсмонығайту жұмыстары жүргізілсе, 22 үй сейсмонығайтуды қажет етеді.Пандемия кезінде көпқабатты үйлер 3 мәрте дезинфекцияланды. Ауданда карантиндік талаптардың сақталуын қадағалайтын 6 арнайы мобильдік топ құрылған. Әл-Фараби ауданы аумағында 24 кәсіпкерлік нысаны салынып жатыр. 13 бизнес объектісі іске қосылса, 11-нің құрылысы жүруде.

Ауданда орналасқан 4 базардың екеуінде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Олар Орталық қырғы базар мен Дархан базары. Қазыбек базары қаланың Бозарық аумағына көшірілді. Акбар базары бүгінгі таңда заманауи талапқа сай сауда орны саналады. Есепті кезеңде ретсіз сауда жасаған 35 азамат өзге базарларға орналастырылды.

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР ЕНДІ БОЛМАЙДЫ

2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 2 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленгенін мәлімдеді. 5889 азамат әлеуметтік төмен отбасы қатарына алуға өтініш берген.

– Ауданда 3 ауысымды 4 мектеп бар. №47,45 мектептердің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Қосымша 300 орындық ғимарат салу жұмыстары енді басталады. №1,9 мектептерге қосымша құрылыс салу үшін құжаттамаларын әзірлеу бойынша тиісті басқармамен жұмыстар жүргізілуде. Апатты деп танылған №79 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Биыл СПК «Shymkent» тарапынан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары басталады. 2022 жылы мектеп құрылысын аяқтау жоспарлануда. Биылдан бастап Әл-Фараби ауданы әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымдық даму жоспары бойынша жұмыс жүргізеді, – деді Ғабит Патшаханұлы.

Медицина мәселесін айта келе 195, 276-орамдар мен Текесу ауылында жедел жәрдем бригадасын құру қажеттігін, осыған орай денсаулық басқармасымен бірлесіп тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын атап өтті.

Баяндама барысында ауданның басқа да әлеуметтік-экономикалық  бағыттары бойынша атқарылған істерге тоқталған Ғабит Патшаханұлы БАҚ өкілдері тарапынан және әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.