БОРАННАН КЕЙІН БҮР ЖАРҒАН БӘЙШЕШЕК Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 04:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3395 раз

иылғы қыс Оңтүстікте әдеттегіден өрнек қақты. Жылдың басын жылдағыдай «шаңдатып» емес, қармен қарсы алдық. 2021 жылдың желтоқсан айының соңында жауған қар екі аптаға жуық ерімей жатты. Күндіздің өзінде -8-10 градус аяз қысып тұрды.

 

Baishehsek 1

 

 

Ал қаңтардың екінші онкүндігінен бастап қар бірден еріп, көктемнің күніндей күй танытты. Тіпті, түс ауа бір шаруамен көшеде кетіп бара жатып, нәурізектің сайраған үнін естідім. Ертеңіне бір танысым сурет жіберді – сәндік бұтаның бүршігі білініп тұрғанын түсіріп алыпты. Мұның барлығы да көктем келе жатқанынан хабар бергендей болғаны рас.

Негізі, біз жыл мезгілін бекітілген күнтізбемен есептейміз. Ал табиғаттың тіршілігі оған бағынбай, мінезін мың құбылтатыны бар. Мысалы, қазан-қараша айлары біздің жақта жаймашуақ қалыптағы күз келбетін танытқанымен, табиғат бұл уақытта өз «жүрегімен» тыныстап, «ұйқыға» кірісіп кетеді. Ал адам баласы үшін қыраулы қыс саналатын ақпан айында табиғат ояна бастайды. Әрине, талдар бірден бүр жара қоймас, дегенмен, дәл осы ақпанда табиғаттың қайта түлеуге «дайындала» бастайтыны ғылымнан белгілі.

Соның бір белгісі, мысалы, қар астынан қылтиып шығып, гүл ашатын бәйшешек. Сол бәйшешек биыл жылдағысынан ертерек бүр жарды. Дегенмен, далада емес, ызғардан ықтасындау жердегі, көп қабатты үйлері бар қалада. 25 қаңтар күні әлеуметтік желіде «Шымкентте бәйшешек бүр жарды» деген жаңалық тарады. Конституция көшесінде тұратын Елена Савкинаның ауласындағы бәйшешек гүл ашқан екен. Айтуынша, жылда шамамен осы уақытта бақшасындағы табиғат гүлі бүршік атады.

– Басқалар сияқты мен үшін де бәйшешек – көктемнің белгісі. Қыс мезгілінде ауламда бәйшешектің бүр жарғанын көріп, бойыма жылулық ұялайды, көңілімді қуаныш кернейді. Жылда осы жерге ештеңе екпей, күректің ұшын тигізбей сақтаймын, - дейді Елена Савкина.

 

Elena Savkina

 

Айта кетейік, бәйшешек – Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген, суыққа төзімді гүл. Тіпті, -10 градус аязға да шыдас беріп, өсе алады.

Соның бір белгісі болар, бәйшешек гүл жарардан екі күн бұрын күнгей өңірінде күн райы күрт бұзылып, суытып кетті. Алдымен жаңбыр жауып, соңы екі күн қатарынан қарға ұласты, бұрқасын соқты. Тіпті, Шымкент пен Түркістан арасындағы тасжолдың біраз бөлігі, Түлкібас, Бәйдібек ауданындағы бірқатар ауыл арасындағы жол жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Маңызды учаскелерде полиция мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері кезекшілікте тұрып, жолға шыққандарды кері қайтарып жатты, ал қар құрсауында қалып қойған адамдарды қауіпсіз жерге шығарумен болды.

Осылайша бір айдың ішінде өңірімізде гүл де ашып, бұрқасын да тұрып, ауа райы мың құбылды. Осыған қарап биылғы қаңтар айы ерекше суық болды деп болжам жасаған едік, олай болмай шықты. Өңірлік метеорологиялық болжам жасау станциясының мамандары биылғы қаңтардың «мінезінің» қандай болғанын сипаттап берді.

 

Asiya Kydyrbayeva



– 2021 жылдың қаңтар айындағы сынап бағанасының орташа көрсеткішін әлі есептеп жатырмыз, шамамен, 5 ақпанға қарай дайын болады. Дегенмен, алдын ала болжам бойынша өткен айдағы орташа көрсеткіш қалыпты нормадан ауытқыған жоқ. Әрине, аязды күндер де болып, жылдағыдан суық сезілген де шығар. Дегенмен, жылы күндер де аз болмағанын ескеру керек. Жалпы, біз тәртіп бойынша белгілі бір айдағы орташа сынап бағанасы көрсеткішін барлық күндегі температураны қосып, сол айдағы күндер санына бөлу арқылы есептеп шығарамыз, - дейді метеорологиялық болжау станциясының бөлім басшысы Әсия Қыдырбаева.

Синоптиктер ақпан айында да күн аса суық болмайды, жайлы климат болады деген болжам жасап отыр.

Последнее изменение Среда, 03 Февраль 2021 10:10
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.